Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетау қаласы көркейіп, дамудың оң жолына түскені қуантады - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетау қаласы көркейіп, дамудың оң жолына түскені қуантады

Жергілікті жерлердегі барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есеп беру кездесулері де өрмек жүзінен ауды. Облыс әкімі Сергей Кулагиннің қатысып, сөз сөйлеуімен қала әкімі Ермек Маржықпаевтың «Көкшетау қаласының 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2017 жылдың негізгі міндеттері туралы» тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуі өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің бас инспекторы Қалдыбек Байымбетов қатысқан жиында қала әкімінің жұмысына оң баға беріліп, бірқатар ұсыныс-тілектер айтылды.

Басқосуда облыс әкімі өңіріміздегі атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, бір жарым ғасырлық тарихы бар байырғы шаһар Көкшетау қаласын абаттандыру, заман талабына сай сәулеттендіру бағытында көптеген  шаруалар тындырылғандығын атап өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов Елбасының халыққа арнаған Үндеуінде жария етілген Конституцияның кейбір баптарына өзгерістер енгізу арқылы билік тармақтарын қайта бөлу жайына жан-жақты тоқталып, заман талабына сай туындап отырған мұндай өзгерістердің маңыздылығы туралы  айтып берді. Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдарда мемлекеттігімізді қалыптастыру үшін билікті орталықтандыру қажет болған еді. Қазақстан қазір әлем мойындаған, экономикасы өркендеп, әлеуметтік, саяси жағынан қалыптасқан іргелі ел болып отыр. Ендігі арада демократия үрдістеріне орай, билікті бөле атқару бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілмек. Бұл ең алдымен, Ата Заңымыздағы кейбір баптарды өзгерту арқылы Парламент пен Үкімет құзыретін кеңейту шараларынан көрініс таппақ. Бұрын Президент құзырында болған қырықтан астам міндеттер Парламент пен Үкіметке берілетін болады. Осыған орай, Парламенттің Үкімет құрамын жасақтап, бекітудегі рөлі арта түспек. Сот және прокуратура органдары жүйесінде де біраз өзгерістер болады деп күтілуде. Жергілікті атқарушы органдар мен өзін-өзі басқару жүйесіне қатысты да оң өзгерістер жасалатын болады.
Одан әрі облыс әкімінің орынбасары Елбасының биылғы халыққа арнаған Жолдауы жайында баяндап, заман талабына сай еліміздегі алдағы уақытта сандық технология-
ны дамыту бағытында күтіп тұрған келелі міндеттерге тоқталды. Жолдауда қамтылған бес негізгі басым бағыттардың бәрі бүгінгі күні еліміздің әлеуметтік-экономикалық, құқықтық бағытында және қауіпсіздігімізді нығайтуда айтарлықтай маңызы бар екендігі күмәнсіз. Осы орайда, жергілікті жерлерде Елбасы Жолдауын халыққа жеткізу, оны түсіндіру жұмыстарына халық Ассамблея-сы белсенділері мен ұлттық этномәдени орталықтар, ардагерлер, басқа да қоғамдық ұйымдар белсене атсалысуы қажет.
Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев қаланың барлық шағын аудандарының, қалаға бағынысты маңайдағы елді мекендердің тұрғындарымен кездесіп, халық алдында есеп бергендігін, өткен жылғы кездесулерде жұртшылық тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің бәрі назарға алынып, мүмкіндігінше орындалғандығын айта келе, өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы жайында баяндады. 2016 жылы қала аумағында орналасқан өнеркәсіп орындары 90 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Салыстыра айтар болсақ, бұл оның алдындағы жылғы көрсеткіштен 10 миллиардқа артық. Жалпы көлем индексі  102,9 пайызды құраған. Өткен жылы  4,2 миллиард теңгенің 3 инвестициялық жобасы жүзеге асырылса, биылғы жылы 2,3 миллиард теңгенің 2 жобасы қолға алынуда. Әлемді шарпыған экономикалық дағдарыстың әсері біздің елімізге де тиіп отырғандығы белгілі. Десе де, еліміздің басқа да аймақтарындағы сияқты біздің облысымызда, оның ішінде Көкшетау қаласында өнеркәсіп орындары біршама тұрақты жұмыс істеп, өсімге қол жеткізіліп отыр. Мұның өзі кәсіпорындардың жұмыс ауқымын кемітпеуінен ғана емес, жаңа өндіріс орындарының ашылуынан да анық көрінеді. Өткен жылы қала бойынша 1673 жұмыс орны ашылған.
Облыс орталығында өткен бір жылдың ішінде  13,3 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, жалпы ауқымы 127,5 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға берілген. Бұл қаладағы баспана алу кезегінде тұрғандар санын біршама азайтуға игі ықпалын тигізгені анық. Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы ата-ана қамқорлығынсыз жетім өскен 45 жас пәтерге ие болды. Құрылыс жұмыстары қаланың өзімен ғана шектелмей, іргедегі Краснояр селосында да өрістеп, қаңырап қалған үш көп қабатты үй қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Осы елді мекеннің орталық көше жолдары жөнделіп, абаттандырылды. Көркі көз жауын алар гүлзарлармен көмкерілген орталық алаңда красноярлықтардың сүйікті демалыс орнына айналған субұрқақ іске қосылып, село көркін аша түсті. Бұл елді мекеннің тұрғындары үшін тағы бір жағымды жаңалық, қуатты блокты қазандықтың салынып, іске қосылуы болды.
Қала тұрғындары арасында өзекті мәселе болып отырған баспанамен қамту жайын шешу бағытындағы жұмыстың бір парасы ретінде қала басшысы жеке үй салу үшін жер телімдерін беру жайына тоқталды. Өткен жылы  63 адам жер телімін алса, биылғы жылы 162 отбасы үй салуға қажетті жерге ие болмақ. Қала маңынан бөлінген аумақта инженерлік-коммуникациялық желілер орнату жұмыстары қолға алынуда. Ол аяқталған кезде үш мыңдай отбасы жер телімін алып, өз баспаналарын салу мүмкіндігіне ие болады.
Қала әкімі алдағы жылдарда атқарылар негізгі міндеттерге де тоқталып, басым бағыттар жайында баяндады. Канализация мен пайдаланылған суларды ағызу жүйесі құрылысына қажетті қаржыны алу мәселесі бойынша Еуропаның жаңғырту және даму банкі өкілдерімен келіссөздер жүргізілуде. Биыл көктемде бұл мәселе өз шешімін табады деп күтілуде.
Облыс басшысы Сергей Кулагин қала әкімдігі тарапынан атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, өнеркәсіп өнімдерін өндіру, коммуналдық шаруашылықты дамыту, абаттандыру, жұмыспен қамту, басқа да негізгі бағыттар бойынша дұрыс жұмыстар жүргізіліп жатқанын айта келе, назар
аударатын бірқатар мәселелерге тоқталды. Ең алдымен, 2016 жылы басталған көп қабатты үйлерді лифтпен қамту ісін одан әрі жалғастыру қажет.  Өтпелі кезеңнің ауыр жылдарында тоқырауға ұшыраған лифт шаруашылығының жұмысын қайта жандандыру үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, бұл салада біраз шаруалардың басы қайырылды. Ендігі міндет, сол істі аяғына дейін жеткізу. Сонымен бірге, үйлерді орталықтанған газ жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстарын да жалғастыру қажет. Көп жылдар бойы жөнделмеген аулаларды жөндеу және абаттандыру бағытындағы басталған істі жалғастыру да маңызды дей келе, облыс басшысы мұның бәрі қарапайым халықтың мүддесі үшін жасалатындығын және жұмыс нәтижесіне де халық өзі баға беретінін атап өтті.
Әкімдердің халық алдындағы есеп беру кездесулерінде бұрынырақ жұртшылық тарапынан көбіне коммуналдық қызмет, тұрғын үймен қамту, жол, жұмыспен қамту сияқты мәселелер көтеріліп жүретін еді. Қала әкімінің бұл жолғы есеп беру кездесуінде мұндай сұрақтардың қойылмауы осы бағытта атқарылған жұмыстардың оң нәтижесі десек, артық айтқандық болмас. Есеп беру кездесуінде «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің өкілі Сансызбай Мұқитанов қалада көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековтың бюстін орнату туралы ұсыныс білдірді. Бұл туралы газетімізде бөлек жарияланып отыр. «Ақбас» пәтер иелері кооперативінің басшысы аулаларды жөндеу және абаттандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасса деген тілегін айтса, еңбек ардагері Марченкова Краснояр селосындағы №1 орта мектеп оқушылары үш ауысыммен оқып жүргендігін, осыған орай қосалқы жай салу мәселесін шешуге көмектессеңіздер деген тілегін білдірді.
Жиын соңында облыс әкімі қаланың қоғамдық өміріне белсене қатысып жүрген бір топ адамды Алғыс хатпен марапаттады.

 

Қала әкімінің қала тұрғындарымен есеп беру кездесуінде   «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сансызбай Мұқитанов мынандай мәселе көтерді.

Өткен жыл ішінде қалада қыруар шаруаның атқарылғандығын көзіміз көріп отыр. Әсіресе, жаз айларында қала көшелерінде, скверлер мен алаңдарда мың сан гүл егіліп, облыс орталығы тіпті, құлпырып кетті. Бірнеше орталық көшелерге күрделі жөндеу жүргізілді. Қала тұрғындары, әсіресе, қарт адамдар серуен-деп, таза ауа жұтатын, немерелерімен қыдыратын әсем де жайлы алаңдардың көбейгендігін құптап отыр. Енді біздің тараптан айтылатын бір-екі ұсынысымыз бар. Заманында туған еліне қисапсыз еңбек сіңірген, аты аңызға айналған Алаштың ардақты перзенті Еркін Әуелбековтың есімін ел есінде қалдырып, өнегесін өскелең ұрпаққа жұғысты етсек. Міне, осы мақсатта Ақан сері мен Еркін Әуелбеков көшелерін қиып өтетін Смағұл Сәдуақасов  көшесінің Еркін Әуелбеков көшесі жақ бұрышы скверге сұранып-ақ тұр. Біз ақсақалдар әдейі барып, ақыл таразысына салып, көзбен өлшеп, көңілмен безбендедік. Әрі бұл жерге Социалистік Еңбек Ері Еркін Әуелбековтың бюстін де орнатуға болар еді.
Екінші осындай бір қағаберісте қалып жатқан әдемі орын бұрынғы аспап жасау зауытының саябағынан қалған жұрнақ. Бұл жерді де скверге айналдырып, қаланың дәл ортасында көпшілік демалатын орынға айналдыруға әбден болар еді.
Облыс әкімі Сергей Кулагин ел ардағы Еркін Нұржанұлының еңбегін жақсы білетіндігін айта келіп, бұл ұсыныстарды орынды айтылған сөз деп мақұлдап, бірден қала әкімі Ермек Маржықпаевқа егер заңға сәйкес болатын болса, жүзеге асыру керек деген тапсырма берді.   

Қалкөз Жүсіп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар