Олжас сенімді ақтады

Өткен аптаның соңында ақмолалықтар Алматыда өткен 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданың жеңімпазы Олжас Климинді туған жерінде қарсы алып, лайықты құрмет көрсетті.

Универсиада беделі мен тартымдылығы жағынан олимпиададан кейінгі екінші үлкен дода. Осындай әлемдік деңгейдегі дүбірлі жарыста топ жару кез-келген спортшыға зор мәртебе. Оны биылғы қысқы универсиадаға қатысқан ақмолалық спортшылар да терең түсінеді. Жерлестеріміз байрақты бәсекеде еліміздің көк туын желбіретіп қана қоймай, облыс абыройын асқақтатты. Облысымыздан барған он тоғыз спортшының ішінде алғашқы болып Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салған биатлоншы қызымыз Алина Райкова болса, аралас командалық спринтте Анна Шевченкомен жұп құрап шыққан Олжас Климиннің бағы жанды.
Алғашқылардың бірі болып туған жеріне жеңіспен оралған Олжас Климинді жерлестері құшақ жая салтанатпен қарсы алды. Көкшетаудағы теміржол вокзалының перонында универсиада жүлдегерін қарсы алуға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының, спорт мекемелерінің басшылары, жерлес спортшылардың туған-туыстары мен жанкүйерлері және өзге де спорт сүйер қауым жиналды. Жеңімпазға тиісті деңгейде құрмет көрсетілді. Тіпті, жанкүйелерінің арасында өлең шумақтарын арнағандары да болды.
– Жарыс өте тартысты өтті. Мен бұл жарысқа он жыл бойы дайындалдым. Маған сеніп осы жарысқа қатысуыма қол ұшын созған жаттықтырушыларыма, әсіресе, жанкүйерлеріме алғысым шексіз. Командалық спринтте өзіме жүктелген сенімді ақтадым деп ойлаймын. Эстафеталық жарыста да жеңіс тұғырынан көрінуге болатын еді. Алайда, сәл ғана сәттілік жетіспеді. Дегенмен, өзімнің көрсеткен өнеріме тоқмейілсімей алдағы жарыстарға да тыңғылықты дайындалатын боламын, – деді Олжас Климин жанкүйерлеріне берген сұхбатында.
Спортшының жаттықтырушылары Татьяна Сергеева және Евгения Волошенко Олжас бірер күн демалған соң ақпан айының соңында Эстонияда өтетін әлем кубогына дайындығын бас-тайды деп отыр. Жалпы, Олжас туралы айтатын болсақ,  шаңғы жарыстарынан Қазақстан Республикасының спорт шебері, шаңғы жарыстарынан Қазақстан Республикасының чемпионы, жастар арасындағы Әлем  чемпионаттарының қатысушысы. Көкшетау қаласының азаматтық қорғау көпсалалы колледжінің студенті. Біз де Олжасқа алдағы байрақты жарыстарда жеңіс тұғырынан көріне бер деп тіледік.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар