Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Әке, біз шет елде жүрміз бе?..» - АРҚА АЖАРЫ

«Әке, біз шет елде жүрміз бе?..»

Көкшетау қаласындағы №6 орта мектептің жанынан өтіп бара жатыр едім, алдымнан екі қыз ағылшынша шүлдірлеп, бірдеңелерді айтып, мәз болып өте шықты. Әлгі екі қызға бір жағынан қызыға қарағаным рас. Өйткені, олар шет тілін білу арқылы өзге мемлекеттерге қысылмай барып, емін-еркін тілдесіп, сол тілде сол елдің тарихын, мәдениетін оқып біледі. Тек бұл қыздарымыз өздерінің туған тілін ұмытып кетпесе болғаны.

 

Ана тіліміздің қазіргі жағдайы белгілі, алдағы уақытта орыс тілі мен ағылшын тілдерінің тасасында қалып қоймас па екен деген оймен келе жатып, Горький көшесіне өттім. Жол бойы жан-жағымдағы ғимараттарға қарап келемін. «Kerвez», «Dinar», «Cerame Magazine» деген жазулар ағылшынша мен мұндалап тұр. Қазақстанда өмір сүріп жатып, өзге тілдерді көп насихаттайтынымызға намыстандым, алайда, қолдан келер шара жоқ…
Күн сайын таңертең Әуелбеков көшесінің бо-йымен жүріп келе жатып, «Green which», «Sulpak», «Alser», «Nitgh «Papa» club», «Deviz» «Baristo», «new tell», «Home hotel», «kaspi bank» «super ломбард» деген ағылшын әріптерімен жазылған сауда үйлері мен ойын мекемелерін көремін. Арасында банктер де бар. Бұл Әуелбеков көшесінің бойындағы Горький мен Сәтпаев көшелерінің аралығында орналасқан мекемелердің атаулары ғана. Қала ішінде аралап жүретін болсаңыз, «Nomad», «Renault», «Auto Land», «Car City», «Cerame Magazine», «Kimax», «Devacto», «Satti», «Nika», «Viola», «Vizavi», «Zeta», «Cinema-Alem», «Ostin», «Sela», «Foot bar», «Plaza» сияқты толып жатқан сауда белгілері мен сауда, ойын-сауық мекемелерінің, қонақ үйлердің атауларына кез боласыз. Арасында көріп отырғандарыңыздай, біздің қалалық кинотеатр да бар.
Жалпы, маркетологтардың пікіріне сүйенсек, сауда үйлері әлемдік брендтердің аттарын өздерінің бас пайдалары үшін алады және халықты өздеріне тарту үшін осылай жасайды екен. Оларға барып сын айтсаңыз, не болмаса бұлай атауының себебін сұрай қалсаңыз, «біздің елде демократия, кім қандай атау берсе, өзі біледі» дейді. Солардың бірімен сөйлесудің реті келді:
–Ең алғашқыда әділет органдарына ресми тіркелуге барғанымда өз дүкенімнің атауын ағылшын тілінде жазып апардым, құжаттарымды соған сәйкес дайындауға өтініш бердім. Онда отырған мамандар ештеңе айтқан жоқ. Себебі, әрбір қазақстандық өзінің жеке кәсібіне қандай атау берсе де өз еркі. Тек заңнан аспай, тиісті салықтары мен төлемдерін уақытымен төлеп отырса болғаны. Мен өз дүкенімнің атауын ағылшын әріптерімен жазудағы мақсатым халықтың көзі бірден түсіп, ішіне кірсін дегенім ғой, ал дүкен ішіне кірген адамның бірі болмаса  бірі тауар алып шығады, – деді Айгүл есімді кәсіпкер.
Жалпы, бұрын көшелердегі қате жазылған қазақша ақпараттармен күресіп жүріп, шет елдің брендтік тауарларының атаулары мен кейбір өзіміздің төл сөздеріміздің де ағылшын тілінде жазылып жатқанының көбейіп кеткенін байқамай да қалыппыз. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының тиісті бөліміне хабарласып, қате жазуларды хабарлап, оларды түзету тұрғысында сын мақалаларды жазып жүргенде, ағылшын тіліндегі жазулардың қаптап кеткені соншалық, көше бойымен жүріп келе жатқанда құтты бір шет мемлекетте жүргендей боласың. Осы ағылшын тілінде кәсіптерін атап жатқан азаматтардың басым көпшілігі өзіміздің қазақтар екен. Осы мәселе бо-йынша, облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастика және көрнекі ақпараттар бөлімінің басшысы Айгүл Талпақовадан сұрастырып білдік. Ол:
–Шынын айтқанда, мен де қаламыздағы қаншама әдемі, зәулім мекеме, ғимараттардың ағылшын тілінде аталуына қарсымын. Бұл өзі соңғы кезде мүлде белең алып барады. Облыс бойынша қазір қалаларды қойып, кейбір таза қазақ елді мекендері-ау деген жерлерде де осындай үрдіс кездеседі. Бұл мәселемен күрес жүргіземіз, бірақ, біздің айтқанымызға ешкім құлақ түрмейді. Біз олармен сөйлесеміз, комиссия отырыстарында да бірнеше мәрте қаралды. Бірақ, қаншама мәселе көтеріп, күресіп жатсақ та, бизнес өкілдерінің өз кәсіптеріне қандай атау қоюы өз еріктерінде. Бұл Қазақстандағы барлық бизнес өкілдері өз кәсіптерін өздері өмір сүріп жатқан елдің мемлекеттік тілінде атауы қажет деген заң талаптарының жоқтығынан. Өткен жылы әділет органдары қызметкерлерінің қатысуымен семинар өткізіп, сонда да осы мәселені жан-жақты талқылап, бірлесіп талдап көрдік. Бұдан да ешнәрсе шықпады. Олардың айтуынша, жеке кәсіпкер өз кәсібін тіркеуге келгенде оларға қызметкерлер кәсібінің атауына ешқандай сын-пікір айтуларына болмайды екен. Олар ресми түрде тек келген адамдардың кәсібіне қатысты құжаттарын тіркейді. Қалғанына олардың құқықтары жоқ екендіктерін айтады. Бір жағынан заң талаптарында мұндай тармақтар болмаған соң, әділет органдарынан біз де қатты талап ете алмаймыз. Оның үстіне Елбасының үштұғырлы тіл саясаты бар, – дейді бөлім басшысы.
Бұл сөздің жаны бар. Жоғарыда атап өткенімдей, кейбір ағылшынша аталған мекемелердің әкімшілерімен сөйлескенімде, жасыратыны жоқ, «Сонда сіз Елбасының саясатына қарсысыз ба?» деп пікір білдіргендері де кездесті. Оларға «өзіңіз қазақсыз, Қазақстан деген елде тұрып жатырсыз, өз еліңіздің патриоты ретінде жеке
кәсібіңіздің атауын қазақша тым құрығанда «Інжу», «Маржан», деп немесе туған жеріңіздің, жақын туған бауырларыңыздың есімдерін атап қойсаңыз да болады ғой» дедім мен. Бірақ, олар Елбасының биылғы Жолдауында да ағылшын тіліне жете мән берілгендігін, өздерінің саудаларының өтімді болуы үшін осылай жасағандарын айтып берді.
Сенбі күні осылайша, ағылшын тілінде жазылған мекемелердің әкімшілерімен, кәсіпкерлермен сөйлесіп болған соң, үйге қайтуға автобусқа міндім. Менің артымдағы орындыққа әкесі мен ұлы жайғасты. Қазақша сөйлесіп отыр. Горький көшесінің бойымен жүріп бара жатқанымда, әлгі бала «Kerвez», «Dinar», «Cerame Magazine» деген жазуларды көріп, кенет әкесінен «Әке, анау жазулар ағылшынша жазылған ба?» деп сұрады. «Иә» деп жатыр әкесі. Бір уақта әлгі кішкентай бала «әке, шетелдік киноларда осылай жазылып тұрады ғой, сонда біз шет елде жүрміз бе?» деп сұрап қалғаны. Мына сұрағы кездейсоқтық па, әлде сәйкестік пе, өз-өзімнен қатты таң қалдым. Сөйтіп, мына баланың кішкентай болса да, қазақ жерінде тұрғаннан кейін «неге қазақша жазылмаған?» деп сұраған астарлы сұрағын естігенде, әйтеуір бір, қазаққа жаны ашитын, жүрегі қазақ деп соғатын балалардың өсіп келе жатқанына қуандым. Бұл мәселеде бұдан басқа менің қолымнан не келсін?!.
Мына суреттерде облыс  орталығында жөн-жосықсыз қаптап кеткен ағылшын тіліндегі жазулардың азын-аулақ бір бөлігі ғана фототілшіміздің назарына іліккен.

Ырысалды Шамшиева.

Суреттерді түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар