Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қатерлі ойындарға тиым салынды - АРҚА АЖАРЫ

Қатерлі ойындарға тиым салынды

Ақпан айының 6-сында Қарағанды қаласында колледжде оқитын 19 жастағы Галина Сибирякова деген қыздың асылып өлуіне  ғаламторда кең тарала бастаған «Синий кит» деген ойын ықпалын тигізгені сотқа дейінгі тергеу барысында анықталған еді.

 

Бұл жөнінде сол тұста Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлаған болатын. Сонымен, адамды өзін-өзі өлтіруге мәжбүрлейтін ғаламторда таралған бұл ойын қайдан шықты және оны кім ойлап тапқан? Осы сауалдың жауабын іздеп интернеттің іздеу терезесіне үңілгенімізде бұл ойынның іргелес Ресейден бастау алғандығын, алғашында әлеуметтік желіде өз тобына жұртшылықты тарту үшін жасалған тәсіл түрінде басталған ойынның кейін келе жасөспірімдер арасында белең алып, ақыл-ойлары әлі толыспаған балаларды ажалға итермелейтін қатерлі дертке айнала бастағанын білдік. «В контакте» желісінде Будейкин деген азамат F57 деген топ ашып, адамдарды тарту мақсатында Рина есімді қыздың бір сектаның ойынына қатысып, өзін-өзі өлтіргендігі жайындағы ойдан шығарылған әфсананы желіге салып таратады. Сол-ақ екен осындай қатерлі ойын бар-мыс деген желсөз желдей есіп әп-сәтте желіні кезіп кетеді. Осындай қатерлі ақпаратты таратқаны үшін ресейлік құқық қорғаушылар топтың әкімшісі Будейкинді тұтқындап, үстінен қылмыстық іс қозғайды. Дегенмен, желіге тарап кеткен жалған ақпаратты пайдаланып, оқырман тартуды көздеген пысықайлар құрыққа сырық жалғап, содан «Синий кит» деген ойын ойлап шығарады. Сөздері дәлелді болу үшін оның авторы өзін-өзі өлтірдім деп жариялап, біраз уақыт ғаламторға шықпайды. Сол-ақ екен, өзін өлтірген әлгінің парақшасына кіріп, лайк басатындар қатары еселеп өседі. Жұртшылықты тартудың осындай тамаша жеңіл жолын тапқан ойын авторлары енді білек сыбана кірісіп, жаңа ойынды ғаламтор арқылы насихаттай бастайды.
Ресейлік құқық қорғаушылардың дерегіне қарағанда, ойын басталған кезден бергі өткен уақытта «Синий киттің» кесірінен он бес жасөспірім өздеріне қол салып, бақилық болыпты. Ойынды жалғастырушылардың аккаунттары жабылғанымен, жаман әдет бой бермей Ресей аумағынан шығып, Орта Азия елдеріне де кең тарала бастаған. Оны таратушылардың бәрінің көздегені жоғарыда айтқанымыздай, өз топтарына оқырман тарту болып отырғанға ұқсайды. Десек те, бұғанасы бекіп, буыны қатпаған жасөспірімдер мен балалар мұндай ойын шарттарын шын деп қабылдап, жаман қадамға баруға бейім тұратын көрінеді. Қарағандылық жас қыздың өлімі осыны айғақтаса керек.  ҚР Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік тілді дамыту және ақпарат департаментінің басшысы Алмас Садубаевтың айтуынша, бүгінде еліміздің аумағына таралып отырған осындай қатерлі ойындардың қатарында «Синий киттен» басқа «Тихий дом» деген де ойын бар екен. Осыған орай, ол журналистермен болған баспасөз мәслихатында ата-аналар балаларының виртуалды өмірлерін қатаң бақылап, қатерлі ойындардан аулақ болуына назар аударулары қажет екендігін ескертті.
«Синий киттің» кесапаты қарағандылық колледж оқушысының өмірін қиюмен ғана шектелмепті. Тараз қаласының бір мектебінде оқитын баланың осы ойынға қатысып, белгісіз әкімшінің екі тапсырмасын орындағаны белгілі болады. Абырой болғанда, баланың қатерлі ойын арбауына іліккенін ересектер байқап қалып, ойынды жалғастыруына мүмкіндік бермейді. Семей қаласында тұратын 16 және 17 жастағы екі оқушы да ойынға тартылып, мұғалімдер тарапынан дер кезінде жасаған сақтық шараларының арқасында жамандықтан аман қалыпты.
Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, қай нәрсенің де жақсылығымен бірге, жаман жағы да болатынын бүгінде өмірімізге терең енген интернет анық көрсетіп отыр. Ғаламтор арқылы қалаған ақпаратымызды оңай тауып, хатымызды көзді ашып-жұмғанша жолдай алатынымыз, түрлі қызметтерді пайдаланудың қолжетімді болғаны қуанышты әрине, бірақ сонымен бірге, интернет арқылы талайларды сазға отырғызып жатқан алаяқтардың көбеюі, жастардың санасын улап экстремистік ағымдарға тартушылықтың белең алғанын теріске шығара алмаймыз. Енді оған балалар мен жасөспірімдерді еріксіз суицидке итермелейтін «Синий кит» сияқты қатерлі ойындар да қосыла бастаған жайы бар.
 Қалкөз ЖҮСІП.
Редакциядан: Бет қатталып жатқанда Алматыдағы Наурызбай аудандық сотының шешімімен бұдан былай «Синий кит», «Тихий дом» ойындарын Қазақстан Республикасының аумағында таратуға тиым салынғаны белгілі болды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар