Әділеттің ақ жолымен

Ардақты әріптесіміз, Ақмола облыстық сотының отставкадағы судьясы Темірхан Балтаұлы Қасымов облыс орталығы Көкшетау қаласынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан Ортақ ауылының тумасы.

Әкесі Балта ұлағатты ұстаз атанып, жүздеген шәкірт тәрбиелеген үлкен өнеге иесі еді. Бертін бірнеше жылдар бойы ауылдық Кеңестің төрағасы  болған. Өмір бойы адалдықты ту еткен осы кісі мен анасы Мәликенің тәрбиесі  Темеңнің заңгер болуға қызығушылығын оятты. Сөйтіп, ол Свердловск  заң институтын ойдағыдай бітіріп, 40 жыл бойы заңгерлік қызметті абыроймен атқарды.
Атап айтқанда, 1975 жылдың қараша айынан 1993 жылдың маусым айына дейін 18 жыл ғұмырын прокуратура саласына арнады. Осы жылдары Темірхан Балтаұлы Зеренді аудандық прокуратурасының тергеушісі, Көкшетау облыстық прокуратурасының криминалист-прокуроры, Көкшетау ауданы мен Щучье қаласы прокурорларының орынбасары, осы аудан мен қаланың прокуроры болып абыройлы қызмет істеді. Заң саласындағы адал еңбегі үшін прокуратура басшылары Т.Б.Қасымовқа жеті мәрте ресми алғыс жариялап, марапаттады.
Заңгерлік қызметтің қыры мен сырын прокуратура органдарында егжей-тегжейлі меңгерген ол бұдан кейін өзін сот жүйесінде сынап көруге  бел буды. Осылайша 1993 жылдың маусым айында Темірхан Балтаұлының  22 жылдық судьялық еңбек жолы басталып кетті. Ол Көкшетау облысының Келлер аудандық сотының төрағалығына тағайындалды.  
Ол жылдар тәуелсіздігімізді жаңа ғана алып жатқан  кез еді ғой. Еліміздегі күрделі өзгерістер, әрине, сот саласын да айналып өтпеді. Сот төрелігінің ежелгі ауыртпалықтарына заманның аумалы-төкпелі оқиғалары қосымша салмақ жүктеді.
Судья қабылдаған барлық шешім заңнамаға толық сәйкес келуі керек және істің мән-жайы сол шешімде жан-жақты негізделуі басты міндет. Темең қабылдаған сот шешімдерінің барлығы дерлік осы талапқа сай болып отырды. Солай бола  тұра, сот шешімі ісі сотқа түскен азаматтардың барлығының бірдей көңілінен шыға бермейтіні тағы бар. Себебі, қандай іс болсын, оқиғаның бір жағында айыпкерлер, келесі жағында  айыптаушылар тұрады. Сондықтан, судья қара қылды қақ жарып, қаралатын істі заңның, заманның, өзінің ары мен  тәжірибесінің таразысына салып, болған жағдайға әділ бағасын беріп, барынша дұрыс шешім қабылдауы шарт.  Шешім осы талаптарға сай болса, екі жақ келесі сот инстанцияларына, Жоғарғы сотқа да шағымды сирек жазады. Міне, Темірхан Балтаұлының шығарған шешімдері сол кездегі әріптестерінің айтуынша, осы үдеден шығып отырған. Тіпті,  шағым жазылған күнде де  толықтай дерлік  заңды деп танылып,  өзгеріссіз қалдырылып жататын.  
Міне, біздің кейіпкеріміз ұзақ уақыт бойы осылайша судьяға қойылатын барлық кәсіби талаптар мен сынақтардан сүрінбей өтіп, 2015 жылы құрметті зейнеткерлікке шықты. Бұл ретте, оның осы сот жүйесіндегі 22 жылдың соңғы 15 жылын Ақмола облыстық сотының судьясы қызметінде өткізгенін ерекше айта кету керек.
Әрине, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, әрбір сот шешімінің әділ, негізді шығарылуы үшін судьяның өз жеке басы да адамгершілік жоғары қасиеттерден тұруы керек. Ол өз міндетіңе деген зор жауапкершілік пен адалдық, моральдық тұрақтылық пен әділдік, адалдық пен сабырлылық, қарапайымдылық пен  әдептілік, адамның жан дүниесінің қыры мен сырын ұғып,  түсіне білу сияқты қасиеттер. Осы қасиеттердің барлығы Темірхан Балтаұлының бойында молынан бар. Оның  осы адамгершілік бейнесін тек қана сот  жүйесіндегі әріптестері емес, сонымен қатар, прокуратура, полиция, тағы басқа құқық қорғау саласының қызметкерлері де бірауыздан сипаттай алады.
Т.Б.Қасымовтың сот жүйесіндегі  ерен еңбегі облыстық және республикалық сот жүйесі басшылары тарапынан сан рет лайықты  бағаланды.  Атап айтсақ, 2007 жылы ол Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Құрмет грамотасына ие болды. 2009 жылы  «Сот  жүйесінің құрметті  қызметкері» төсбелгісімен  марапатталды. 2011 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының Алғыс хатын иеленді. 2012 жылы қаңтар айында өткен облыстық және аудандық, қалалық соттардың судьяларының конференциясында Ақмола облысы бойынша «Жылдың үздік судьясы»  атағына ие болып, республика бойынша осы атаққа  ұсынылды. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Судьялар одағының ең жоғары марапаты – «Үш би» төсбелгісімен, ал, 2014 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот жүйесінің ардагері» медалімен марапатталды. 2015 жылы «Судьялар одағының құрметті мүшесі» медаліне  ие болды.   
Адами және кәсіби қасиеттеріне орай, Темірхан Балтаұлы көп жылдар бойы судьялық қызметімен қатар, судьялар әдебі комиссиясының төрағасы және тәртіптік-біліктілік алқасының төрағасы міндеттерін мінсіз атқарды. Қазір ол Ақмола облыстық соты жанындағы соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі Кеңестің төрағасы болып табылады.
Т.Б.Қасымов құқық қорғау саласындағы абыройлы жұмысын отбасы бақытымен де ұштастыра білген жан. Жұбайы Әлия екеуі үш ұл-қызына өнегелі тәлім-тәрбие беріп, осы күні солардан өрбіген немере-жиендерінің қызығын көріп отыр. Осы орайда, бір айта кететіні, ұлы Абай, қызы Дана  да құқық қорғау, заң салаларында әке жолын лайықты жалғастырып келеді.
Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, еліміздің әр судьясы Темірхан Балтаұлындай болса, бұдан тұтастай алғанда сот жүйесінің  жұмыс тиімділігі мен сапасы  да арта түсер еді. Әділеттің, кісілік, ақыл-парасаттың ақ жолымен келе жатқан қадірлі әріптесіміз 65 жасқа толғалы отыр. Елбасының  сот жүйесінде алға қойған іргелі міндеттерін іске асыруда сенім биігінен көрінген Темеңе тек қана жақсылық, жаңа табыстар тілейміз.  

Нұрғазы ӘБДІҚАНОВ,
Ақмола облыстық сотының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар