Жұмысты жақсартудың жаңа мүмкіндігі

Облыстық әкімдіктің жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен  байланыс жөніндегі Кеңес мәжілісі облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың төрағалығымен өтті.

Оған үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен салалық басқарма басшылары қатысты. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы жанданып, бұл салада біраз шаруалар атқарылды, – дей келе, облыс әкімінің орынбасары үкіметтік емес ұйымдармен жұмысты заман талабына сай жаңа биіктерге көтеріп, дамыту үшін әлі де көп істер атқару керектігін атап өтті. Осы орайда, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі дайындаған «Мәліметтер базасын жаңғырту туралы» заң жобасы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын ретке келтіріп, ашықтығын қамтамасыз ететін болады.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова үкіметтік емес ұйымдармен іскерлік қатынас саласындағы өткен жылғы атқарылған жұмыстар жайында және мәліметтер базасын жаңғырту жөніндегі заңдағы өзгерістер туралы жан-жақты айтып берді. Үкіметтік емес ұйымдармен құзырлы органдардың іскерлік байланысы негізінен түрлі салалар бойынша мемлекеттік тапсырыстар беру аясында жүзеге асырылады. 2016 жылы жалпы ауқымы 165,4 миллион теңгенің  26 жобасы жүзеге асырылған.
Мемлекеттік тапсырысқа ие болған үкіметтік емес ұйымдар жыл ішінде 800-дей шара өткізген. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс бағдары әлеуметтік салалармен ғана шектелмей денсаулық сақтау, білім беру, дін, спорт және салауаттылықты қалыптастыру, адам құқығын қорғау сияқты салаларды қамтып отыр. Осы орайда, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс ауқымын кеңейтуге мемлекет тарапынан жете көңіл бөлінуде. Осының айғағы ретінде басқарма басшысы биылғы жылы мемлекеттік тапсырысқа бөлінетін қаржының өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өсіп, 362 миллион теңгеге жеткендігін тілге тиек етті. Оған қоса, республикалық бюджеттен 81 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.
Мемлекеттік тапсырыстар арқылы қаржы алып, жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар салық заңдарын орындап, тиісті төлемдерді уақытында төлеп отыруы қажет. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің  қызмет көрсету басқармасының басшысы Назгүл Аюпова осы жайында баяндап берді.
Үкіметтік емес ұйымдар қатарында шетелдерден алынған гранттар арқылы қаржыландырылатындары да бар. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті камеральдық бақылау басқармасының басшысы Әсем Әренова  шетелдік гранттармен жұмыс істейтін ұйымдардың салық төлеу тәртібі жайында әңгімеледі.
Облыстық әділет департаменті заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің басшысы Юлий Киценко да үкіметтік емес ұйымдарды тіркеу және олардың қызметін тоқтату тәртібі туралы түсіндіріп берді.
Мәжіліске қатысқан үкіметтік емес ұйымдар өкілдері үшін ең маңызды ақпарат – биылғы жылғы мемлекеттік тапсырыстар тізімімен облыстық ішкі саясат басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Серік Сәдуақасов таныстырды. Лоттар негізінен мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына бағытталып жасалған. Оның ішінде Елбасы Жолдауын түсіндіру, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі, үштілділікті, «Мәңгілік ел» идеясы шеңберінде мемлекеттік тілді дамыту сияқты бағдарлар бар.
Мәжіліс соңында кеңестің алдағы атқарылатын жұмыс жоспары бекітіліп, кейбір шығып кеткен кеңес мүшелерінің орнына басқалары сайланды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар