немесе зағиптар қоғамындағы түйткілдер
Жеті қарақшы шөміштеніп, ай нұры іріген сүттей ыдырап, түн етегі түріліп, бозала таң белгі бере бастаған уақыт еді. Төсегінен тұрысымен тас қабырғаны таяныш етіп, терезенің алдына келді. Жеп-жеңіл, жұп-жұқа перделерді ысырып, саусақтарының ұшымен терезенің әйнегін
сипалап көріп: «е, таң атып келеді екен ғой, тәуба, тағы бір жарық күн адамдарға нұрын төгеді» деп іштей шүкіршілік етті. Үнсіз мүлгіген тас қабырға – тастай қатты таяныш. Тастай қатты таянышты таянып жүргелі елу сегіз жыл.
Алакеуімде ұл-қызы есіне түскен. Сағынып жүрген шығар, сірә. Бұл да сағынады. Тастай қатты таяныш тас қабырғаны демеу етіп, ас үйге жеткенше қанша уақыт. Сол уақыттың ішінде өзі жалғыз сәт жарқын бейнелерін көру бақыты бұйырмаған перзенттерінің пошымы көкірегінде тұрып алды. Дәл жүректің басына шер болып, шемен болып әлдене байланып қалғандай. Иә, олар да сағынатын шығар. Тас қабырға – тастай қатты таяныш.
Дәмелі Қалкешқызы Бестөбе елді мекенінің тумасы. Жарық күннің жалқын сәулесін көрген-көрмегені есінде жоқ. Есінде қайдан қалсын, туғаннан соң небары үш күн өткеннен кейін су қараңғы соқыр болып қалған. Отбасы кейін 1960 жылдардың бас кезінде сол кездегі Уәлиханов ауданына қарасты «Чапаев» кеңшарына көшкен. Жеті жасында Қарағанды қаласындағы зағиптар мектебіндегі оқуға мүмкіндік туған екен, тек анасы табан жолын таба алмайтын тырнақтай қызын қасынан ұзатқысы келмеген.
1988 жылдан бері Көкшетау қаласында тұрады. Жаратқан ие де шебер ғой, дәл өзіндей тумай жатып тағдырдан теперіш көрген зағип Сейілхан есімді азаматпен шаңырақ көтерген. Ол кез өмірінің ең бір жарқын, шуақты шағы еді. Шуақ зәулім көктегі күн нұрынан емес, жан жары Сейілханның жүрегінен себезгілеген. Анық күндікіндей болмаса да, Дәмелі үшін бір кемдігі жоқ, бойындағы алпыс екі тамырын қуалай аққан қызыл қанды қыздыратын, өмірдің өкпек желіне тонған жан жүрегін шымырлата толқытып, дидарын алау-жалау қуаныштың лебімен арайлата ажарландырар кезең еді. Әттең не керек, бақытты шақ та өлшеулі екен. Ол кезде сүйеніші тастай қатты тас қабырға емес, Сейілхан болатын. Артында Сейілханның көзіндей болмаса да өзіндей ұл мен қызы қалды.
Бұл дүниеде көрген теперішіңнің бәрі сынақ деседі ғой. Сынақ қатаң, қатал болған жақсы деседі. Жақсылық ешқайда қашпайды, түбінде бір көресің, үмітің үзілмесін деп жұбатады әлдекімдер. Дәмелі болса, сол сынақты әлдеқашан тапсырған. Толығымен, тіпті, артығымен. Толайым, түгел! Сонда да бір сәт мойыған емес. Қайта өмірдің қатал сынағы қарақан басына түскен сайын шарболаттай шыңдалып, қайсарлана түсетіндей. Қыр басында жайқалып қызыл гүл өспей ме, желдің өтінде. Тамырынан нәр алған қызыл гүл қара дауылдың үдей соққан есірек екпініне шыдап тұрар еді. Ал, мұның нәрі келер күнге деген үміті. Үміттің жібі ұл мен қызының болашағына байланған. Мен көрмеген жақсылықты, мен көрмеген қуанышты солар көрсе екен деп тілейді. Сол үміт қой, жел-құздың екпінінен қорғап келе жатқан.
Қаншама жылдан бері «Қазақ соқырлар қоғамы Көкшетау оқу-өндірістік кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде тігінші болып еңбек етіп келе жатыр. Енді жалғыз Дәмелі емес, тағдыры ұқсас, мұңы ортақ міскіндердің жайы туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Алдымен дерек. Кәсіпорын 1959 жылы Халық депутаттары облыстық кеңесі атқару комитетінің шешімімен құрылған, оған дейін бұл ұйым Бурабай баурайындағы Қотыркөлде болыпты. Бірінші, екінші топтағы соқырлардың басын қосып еңбек еткен. 1979 жылы тауар өндіру жоспары 2 миллион 250 мың сом болса, бұлар белгіленген межеден асыра орындап, 2 миллион 385 мың сомның өнімін өндірген. Дәл сол уақыттағы ақшаның құндылығымен мөлшерлегенде өте көп қаржы.
1984-1985 жылдары Көкшетау қалалық партия және атқару комитеттерінің ауыспалы Қызыл Туына бірнеше мәрте ие болған. Кәсіпорында коммунистік еңбектің 180 екпіндісі жұмыс істепті. Қазақ ССР Министрлер кеңесінің Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Құрмет грамоталарымен әлденеше рет марапатталған. Республикалық жарыста төрт мәрте бірінші орын алған. Ал, бүгінде нарық жағдайында еңбек етуде. Он екі мүшесі сау адамның өзі ақбас толқындарын аспанға атқан алапат теңіз іспетті нарықтың айдынында бір жапырақ жаңқадай жағалауға шығып қалып жатқанда, оң-терісін бажайлай алмайтын, қияндағы түгілі табанының астындағыны көре алмайтын зағиптардың жайы қиын-ақ.
– Мәселен, біз матрас тігеміз. Біздің өнімдеріміз ауруханаларға, құрылыс мекемелеріне, ауыл шаруашылығы ұйымдарына, оқу орындарына қажетті. Қазір дайын өнімнің барлығы тендер арқылы өткізіледі ғой. Шикізат қымбат болған соң, өніміміздің өзіндік құны қымбаттап кетеді. Бір ғана мысал келтірейік, матрас тігу үшін мақта қажет. Мақтаның бір килограмының құны оңтүстікте 200 теңге тұрса, бізде 500 теңге тұрады. Бір матрасқа 8 килограмға жуық мақта керек. Мата да солай. Айналып келгенде тендерден ұтылып қаламыз. Оның үстіне біздің кішкентай кәсіпорынның өнімі тігін фабрикаларымен бәсекелесе алмайды. Олар өнімді көп шығарғандықтан, бағасын арзандата алады. Ал, біздің зағиптар бар шаруаны қолмен атқарған соң, өнімді аздау өндіріп, арзанға сата алмайды, – дейді кәсіпорын директоры Батырхан Ахметов, – рас, жеңілдіктеріміз бар. Дегенмен, қиындықты да жасырмай айту керек шығар. Мұндай жеңілдікпен жалғыз біз ғана емес, 150-ге жуық ұйым жұмыс істейді. Тапсырыс түсіп, жұмыс болса, зағип жандар уақытпен санаспай, тіпті, сенбі, жексенбі күндері де жұмыс істей береді. Әдетте жылдың басында мекемелер қаржыландырылғанша жұмыс болмай, қол қусырып қарап отырамыз. Сол кезде қиын. Қазір кәсіпорын есебінен жұмысқа шыққан күндеріне арнайы бұйрық шығарылып, 200 теңгеден төлеп отырмыз. Тым болмаса, жол ақысын ақтасын деп.
Айтуларына қарағанда, өнім сапасына өкпе жоқ. Өйткені, зағиптар тіккен бұйымдарын қолдарымен сипалап отырып, қырыс-тырысын жазып, мақтасын түтетіп, әбден бабына келтіріп тігеді. Сондықтан, бұлар тіккен матрастың буылтық-бұдырлары бола қоймайды. Тігін цехындағы тігіншілердің айтуына қарағанда, қала тұрғындары базардан сатып алған бұйымдарының кем-кетік жерлерін осында әкеліп жөндетеді екен. Бұлар ешкімнің мүсіркеуін тілеп отырған жоқ, адам аяғаннан пайда шамалы, Алла аясын, содан соң билік басындағылар. Жалғыз-ақ өтініштері жандарын жалдап істейтін жұмыстың керектігі. Содан соң өнімді өткізетін жағдай туғызылса. Мемлекеттік сатып алу кезінде міскіндердің де жайы ескерілсе.
Қазір кәсіпорында отызға жуық зағип жұмыс істейді, оның 21-і су қараңғы соқыр. Ғалымдардың пайымдауына қарағанда, адамдар ақпараттың тоқсан пайызға жуығын көз жанары арқылы алады екен. Ал, зағиптар 40-50 пайыз ақпаратты саусақтарының ұшымен алады. Дүниенің, адамның жақсы-жаманын да, алдындағы астың жылы-жұмсағын, ыстық-суығын да, бөлменің қараңғы-жарығын да, өмірдің әуресі мен көңілдің сәулесін де саусақтың ұшымен ажыратып үйренген.
–Бізге қарағанда сақау мен саңыраудың көрген күні жақсы,– дейді Дәмелі Қоңырова,–олар естіп, сөйлей алмаса да, көре алады ғой. Жарық дүниенің жалқын сәулесін жалғыз-ақ рет көргенге не жетсін, шіркін. Мен өзімнің ұлым мен қызымның да түрін бір көрген емеспін ғой.
Көршісі Мұңлық апайдың айтуына қарағанда, пісірген бауырсағының екі жағы бірдей. Ал, палауды қалай басады. Үйінің іші құрқылтайдың ұясындай жайнап тұр, көлденең жатқан бір бұрау жоқ. Кәсіпорында көркемөнерпаздар үйірмесі жұмыс істейді. Әрбір мерекені өз әлдерінше әйбаттап, әдемілеп атап өтеді. Жыр жаттап, ән салатындары қаншама. Көздері көрмегенмен, көкіректері ояу ғой. Көргенімен оқымайтын, көңілге тоқымайтын көкірегі соқырлар қаншама. Оларға қарағанда зағип жандардың рухани әлемі көш ілгері.
Айтқандай, ұл мен қызына жоғары білім әперіпті. Өсіріп жеткізген. Оңай емес, әрине. Қиындық сәби жарық дүниеге келген кезден бастап шырылдаған шаранамен бірге атойлап жеткен. Қызын өмірге әкелгенде кеудесінен сүт шықпай қалған. Өзі зағип болса, сәбиді асырайтын сүті болмаса, не болғаны. Әдетте арнайы тәртіп бойынша үш жылға дейін ана мен сәбиді ажыратады екен. Ал, бұл болса көне алмаған, көнбеген. Кішкентай шақалақты қойнына тығып, әупірімдеп алып шыққан. Бақпақ, өзі бақпақ. Жан жүрегін жылытқан, тар құрсағын кеңіткен, иісі мұрын жаратын сәбиін қалай тастап кетеді. Тіпті, ана сүті болмаса да. Ана сүтінің орнына қант салып су берген. Біраз уақыт өткен соң картоп пісіріп, оны езіп, сәл сұйықтау қылып аузына тамызған. Сөйтіп өсірген. Қыз бой жетіп өсіп, өзге ошақтың отын жағып кетті. Ұл ер жетіп өсіп, өз өрісін тапты. Бұл болса тас қабырғаны таяныш етіп өмір сүріп жатыр. Тас қабырға – тастан берік таяныш.
Байқал Байәділов.
Суретте: Дәмелі Қалкешқызы Қоңырова.
Суретті түсірген Берік Ескенов.