Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Аналардың арқалағаны – өмір жүгі!.. - АРҚА АЖАРЫ

Аналардың арқалағаны – өмір жүгі!..

 

Бүгін де базардағылардың өмірі қауырт басталды. Сапырылысқан адам. Әсіресе, мереке қарсаңында адам қарасы көп. Құшақ-құшақ гүлдер, қыз-келіншектерге арналған кәдесыйлардан аяқ алып жүре алмайсыз.

 

– Әдемі қыздар, әшекей алыңыздар, Сіздерге су тегінге беремін! Сүйіктіңізге гүл сыйлаңыз, анаңызға орамал алыңыз! – деп жанай өткеннің бәріне әккі саудагерлер әртүрлі заттарды тықпалап, сатуға асығуда. Базар аралап келе жатып, анадайда, елеусіз бұрышта ауылдың айраны мен сүт майын сатып тұрған апайларды көзіміз шалды.  Боз ала таңнан тұрып, сүт өнімдерін елден арқалап келетін аяулы апа-жеңгелеріміздің еңбектері зор-ау, шіркін! Осы бір ойды алға тартып, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні біз редакцияның арнайы тапсырмасымен аяулы жандарды мерекемен құттықтап, олармен жақынырақ танысып, сөзге тартып, кәсіптерінің қыр-сырына бойлай түскен едік.
– Еңбек еткендердің дастарханы тоқ, иіні бүтін. Қазіргі кейбір ауылдардың тұрмысына қарап отырсаң, қарның ашады. Мал бар. Бірақ, сол бар малдың өзін дұрыс пайдалана алмай отыр. Өзі ауылда тұрып, сүт сатып алатын келіншектер бар. Масқара-ай! Мал сүтін кәдеге асыру, ірімшік, құрт, сүзбе жасау ұмыт қалған. Ал, бие байлап, қымыз дайындау сирек кездесетін қат шаруаға айналып кетті.  Адам әр уақытта бір нәрсеге еті үйреніп, мойынсұнып алады. Қазіргі менің қорқынышым, адамдардың жалқаулыққа үйреніп кетуі. Өйткені, қай жағына қараса да тек бойын күткен, еңбектен еңбектеп қашқан адамдар. Соларды көрген соң ортаның тәрбиесіне, ықпалына бой алдырып, кім-кімнің де қара жұмыстан қашуға дағдыланып кетуі әбден ықтимал. Адамдар үшін ең басты қорқыныш осы болуы керек, – дейді Гүлбарам Оразбаева. Гүлбарам апайдың жасы 66-да.
– Өз басым осылай сауда жасағаныма 25 жыл, – деп әрі жалғады сөзін апай.
– Кеңес Одағы кезінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының зертханасында консультант болып жұмыс істейтінмін. Қысқартуға лектім, отбасын асырау керек болды. Сосын білек сыбанып базарға шықтым. Үш бала өніп, өсті. Жолдасымның өмірден өткеніне мінекей, он жыл. Балаларыммен бірге қазір Көкшетауда тұрамыз. Сүт-майды елден келінім беріп жіберіп тұрады. Зейнетақы күнкөріске жетпейді, одан қалды, бұл үйренген кәсібім. Әрине, мал бағу, оны іс қылу оңай-оспақ шаруа емес. Кім-көрінгеннің қолынан келе бермеуі де мүмкін. Бірақ, тырысу  керек.   Менің айтайын дегенім, еңбекқорлық, еңбекке деген ынта ғана. Мына тұрған Қарлығаш Ортақ ауылынан күнде келіп-кетіп жүреді. Еңбек осылардікі,–дейді апай.
Жүзінен жылылық төгіліп тұрған Қарлығаш Тәшенованы сөзге тартқанымызда, ол өз ойын былай сабақтады:   – Өз басым таңғы алтыда тұрамын. Үш сиырым бар, соларды сауамын, сүт тартамын. Ол аз десеңіз, ауылдан қосымша сүт сатып алып, тартып, қаймақ, май, жинап, саудаға шығарамын. Біздің ауыл мына Көкшетауға жақын қол созым жерде орналасқан. Ортақтан қалаға келіп, сүт өнімдерін сатып жүргеніме биыл 17 жыл. Үйдегі биені алты ай жаз бойы сауамын. Отбасындағылардан артылғанын жасыратыны жоқ, сатамыз. Оның несі айып?!. Рас, бұрынғы қариялар ақ сатқанды тым қолайлы көрмеген. Жолдық ақшаны есептегеннің өзінде, қымыз баптауды жолға қойсаңыз, ешқандай жұмыстың да қажеті жоқ. Бие сүтімен де күн көруге болады. Қазіргі таңда әркім қолынан келетін іспен айналысып, күн көріп жатыр. Отбасындағы бірлік пен ынтымақ та, күнкөрістің жағдайына байланысты екендігі тағы рас. Өйткені, күнкөрісің, тұрақты жұмысың, ақшаң болмаса шаңырақтан береке қашары да белгілі. Бір ғана отағасының тапқан-таянғаны жетпейтіні де анық.
Айта кету керек, бұл жерде сауда жасап тұрған апа-жеңгелеріміздің арасында Зеренді ауданының Елтай, Қызылтаң, Шағалалы елді мекендерінің тұрғындары бар. Қақаған аязда, қытымыр суықта, жауын-шашында, аптап ыстықта сауда жасау оңай іс емес. Байыған адамның базарда отырмайтыны да белгілі. Қит етсе заман мен өзгені кінәлауға құштар кейінгі жас-тарды көргенде адал өмір сүріп, еңбекпен нанын тапқан, замана жүгін арқалап жүрген осындай арулар ойыңа оралатыны бар. Жұмысы қиын болса да, еш кейімей, оның есесіне жан-жағындағыларға жақсылық жасауға құштарлық танытып жүретіндері және бар. Бір-ақ мысал. Біз тілдескен  Гүлбарам апайдың көркем мінезін ашатын өмірдің өзінен алынған, ел аузында жүрген  жақсылығын айта кетсек орынды болар. Естуімізше, ол өзінің көршісі болған Ырымбала Қаппасқызымен 1984 жылдан бері араласып келеді екен. Мұның несі жаңалық дерсіз?! Сөзіміз түсінікті болуы үшін тарқатып айтып берейік. Көршісінің дімкәс тартып, үйден шығуы қиындап қалғанына міне, біраз уақыт болыпты. Гүлбарам апай ағайын-туыс, тамыр-таныс атап кеткендей, «Әпақаның» халын біліп, оның шайын қойысып, бір уақ көңілін аулап, қасында отыруды өзінің адамдық парызы санап келген. Жұмыс уақытында базардағы тауарын жанындағы серіктеріне сеніп тапсырып, науқас жанның жағдайын біліп-келмекке қашан болсын уақыт табады екен.
– Біз ол үйден қазір басқа үйге көшіп кеткенбіз. Дегенмен, Әпақаның халын біліп отырмасам, көңілім көншімейді. Ол кісі оқыған-тоқығаны мол, жаны ізгі жақсы адам. Бауыр басқаным соншалық, іздеп сағынып тұрамын.  Ешқандай туыстық жақындығым да жоқ. Дегенмен, туғанымдай болып кеткен. Қазір Әпақа төсек тартып жатыр. Осы тұрғанда да
ойымнан шықпай, алаңдап қоямын, – дейді апай.   
Қыстың қақаған аязына төзіп, күздің қара суығына көндігіп, жаздың аптап ыстығына да шыдап баққан апайларымыздың арасында осында тұрып-ақ денсаулықтарын құртқандары қаншама. Шіркін-ай, қолдан келер дәрмен қандай! Бала-шағасының қамы үшін қос білегін сыбанып, базарға шыққан қазақ әйелдерінің басым көпшілігінің бәз тіршілігі осындай. Бірі жабырқау, бірі ызалы, бірі күнін көру үшін базарда амалсыз тұрған апа-жеңгелерімізге қарап, түрлі тағдырдың куәгері боласың.    
Базар. Сапырылысқан адам. Саудагерлер. Алма бетін күн қақтаған арулар. Жігері жасымағандары, өмірге ашынғандары бар. Адал еңбектің ақ туын жықпаған асыл арулар мерекелеріңізбен!
…Зуылдаған көк көлік зу етіп оның жанынан өте шықты. Ала дорбасын арқалаған бір апай көлік тоқтатқан күйі қала берді. Зырылдаған уақыт, зуылдаған көлік, тас болған жүрек…  Ала дорба іші толы ауылдың дәмі еді! Ал, ананың арқалағаны өмір жүгі…
Суретте: көкшетаулықтарды ауылдың сүт-қаймағы, май-құрты, қымызымен қамтамасыз ететін осы жандар. Оң жақтан бірінші Гүлбарам Оразбаева.

Ұлмекен Шаменова.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар