Көп балалы ана Ботагөз Ыбырай: «Адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы сыйлайды»

Адамның бақыты – балада. Бұл халқымыздың сан ғасырлық даналық тұжырымы. Біреу бақытын байлықтан іздесе, енді бірі даңқ пен атақтан, мансаптан таппақ болады. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты уақытша игіліктер. «Адамға нағыз бақытты – тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлайды», – дейді көп балалы ана Ботагөз Ыбырай.

Адам ұрпағымен мың жасайды. Олай болса, адам өмірінің мәні мен сәні – өз ұрпағы, балалары. Шыр етіп сәби дүниеге келгеннен бастап, ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Бала тәрбиесі деген осы міндетке қорғалжындық көп балалы ана Ботагөз Ыбырай да бейжай қараған емес. Бала үшін отбасыдан, ата-анадан асқан тәрбиеші жоқ деп біледі. «Адамгершілік, татулық, бауырмалдық, әдептілік сияқты қасиеттер бала бойына отбасында, үлкендердің үлгісімен сіңеді» дейді ол.
Ботагөз Жұмаділдәқызы 1998 жылы Қорғалжын ауданының Сабынды ауылындағы Ыбыраевтардың әулетіне келін болып түсті. Өмірлік серігі Қайыркен екеуі ата-анасының ақ батасымен қара шаңырақ иесі атанып, олардың қолдарын жылы суға малып, алдарына жылы-жұмсағын ұсынып, бүгінде үлгілі, берекелі отбасы болып отыр. Осы күнге дейін жеті баланы дүниеге әкелген көп балалы ана Ботагөз екі ұлдың арасында бұлғақтап өскен біреудің жалғыз қызы, еркесі. Ол 1979 жылы Қарағанды облысының бұрынғы Теңіз ауданы, Аршат ауылында дүниеге келіпті. Осы Сабынды ауылындағы «Бақара» ет комбинатында жұмыс істеген, қазір бала күтімі бойынша демалыста. Өмірлік жан жары Қайыркен отбасының қамымен, балаларын жеткізіп, оқыту үшін Астана қаласындағы құрылыс фирмаларының бірінде құрылысшы болып жұмыс істейді.
–Қелінім – Ботагөзім отбасымның шырағы. Біздің ақ босағамызды аттағалы шаңырағымызды шаттыққа бөлеп, қуантып келеді. Отбасында анасынан, Сағат құдағиымнан алған тәрбиесі болар, салт-дәстүрге берік, әдепті және көпшіл. Балажандығы сонша, өзінің де, өзгенің баласын бауырына тартып, ет-жүрегі елжіреп тұрады. Былтырлары теледидардан бірнеше қайталап көрсеткен көкек аналардың балаларын далаға, әжетханаға тастап кетіп жатқандарын естігенде көңілі құлазып, жылап алған кездері болды. Өзімнен қайта-қайта келіп, «мама, айтыңызшы, олар өзі адам ба?» деп сұрағанда, менің де жүрегім езілді. Адам түгілі, аң-құс та балаларын туа салып, далаға тастамаған. Қазір келінім үш айлық кішкентай бөпесімен үйде отырады. Мен мектепке баратын немерелерімді сабақтарына апарып, алып келіп жүремін, – дейді Тілеулес әже.
Ботагөз отбасын құрған соң, балалық пен еркелік артта қалды. Тату-тәтті, сүттей ұйып отырған отбасының бұрыннан қалыптасқан салт-дәстүрлері мен ырымдарын қалт жібермей орындап, жасы жетпіске таяп қалған енесінің, яғни, өмірлік серігін дүниеге әкелген ардақты ананың ризашылығын алып, оның бауырларын өзінің туғанындай сыйлап, жалғыз абысынымен құрбысындай сырласып, әбден сіңісіп кеткен. Ардақты ана мен инабатты келіннің бір-біріне деген сыйластығы мен мейірімділігін, ананың келінге деген ізетін, келіннің енесіне деген құрметін байқағанымызда, барша отбасында да осындай жарасым орын алса екен деп тіледік ішімізден.
–Бұрын көп балалы аналардың он шақты баласы болған. Бұл қазақ үшін анау айтқандай жаңалық емес еді. Өткен ғасырдың соңындағы өтпелі тоқырау кезеңдерде бұл көп балалы отбасы болу деген үрдіс тоқтап қалды. Барлық жастар 2-3, одан қалды 4-5 баламен шектелетін болды. Әр баланың өзінің ырыздығы мен несібесі болады екен. Атам қазақ «егіз қозы туса, бір түп жусан артық өседі» деген. Шынымен солай екен. Отбасын құрғаннан бері бір баланың туған күні немесе бір мерекелік шарасы өткелі жатса, әйтеуір бір жақтан ырыздық келеді. Соған көзім жетті, – деп ағынан жарылған Ботагөз Жұмаділдәқызы, сол дағдарыс кезеңінде ақша-пұл болмаса да, көптеген ата-аналардың қарызданып, қауғаланып бір бөлке нан тауып әкелсе де, оны өздері жемей, балаларының алдарына тосқанын, сол қарадомалақтардың оны тойып жей алмаса да, бір-біріне жандары ашып, теңдей бөлісіп жегендері қазір бір ертегі сияқты екендігін де жасырмады. Қазір еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы. Көп балалы аналарға да бар жағдай қарастырылғанын да айтып берді.  
Үйленген жылы Қайыркен Жанұзақұлы мен Ботагөз Жұмаділдәқызының Әнуар есімді ұлдары дүниеге келіп, іңгәләған сәби үнімен отбасын шаттық пен қуанышқа бөледі. Қазір ол жігіт болып өсіп, Астана қаласындағы педагогикалық колледжде дене шынықтыру мұғалімі мамандығы бойынша білім алуда. Алдағы жылдары өзінің Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына барғысы келеді.  Соңынан ерген Әйгерім де бүгінде Елордасы – бас қалада менедж-
мент және туризм колледжінің мектепке дейінгі тәрбие факультетінде тәрбиеші мамандығын игеруде. Жансая мен Данияр есімді балапандары бүгінде мектеп қабырғасында оқиды. Ұстаздарының айтуынша, олардың сабақ үлгерімдері жақсы, алғыр да ақылды. Мектепте өтетін әрбір іс-шараға белсене қатысып, би үйірмелеріне барады екен. Екеуі де өнерге жақын балалар көрінеді. Ал, Алдияр келесі жылы мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа барады. Бақтияр мен Жасмин әлі кішкентай.
–Қазақ халқында бесік – қасиетті де қадірлі бұйым. Оны аяқ астына немесе далаға тастамаған. Біздің әулетте де ол қашан да биік, асыл қазына ретінде жоғары бағаланады. Балаларымның барлығы да осы тал бесікте жатып, өсіп-өнді. Бесіктің қасында отырып, сәбиіңді әлдиіңмен тербеп, бесік жырын айтып уатқан нағыз бақыт қой, шіркін,  – дейді ана.  
Ботагөз 2014 жылы «Күміс алқа» иегері  атанды. Кішкентай сәбиі Жасмин 1 жасқа толғаннан кейін ауыл әкімдігінің қызметкерлері «Алтын алқа» белгісіне ұсынбақшы.   «Өмірдің бір қызығы бала деген» деп ұлы Абай айтпақшы, Ботагөз Ыбырай да өмірлерінің мәні мен сәні балада деп біледі.

Ырысалды Шамшиева.

Суретте: Ботагөз Ыбырай (оң жақта) жұбайы Қайыркен, қайын енесі Тілеулес әже және бес баласымен бірге. Үлкен ұлы мен қызы Астанада білім алуына байланысты  бұл суретке түсе алмады.
Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар