Өмірін өлеңмен өрнектеген

Сахна. Музыкалық аспаптар. Жанды дауыс. Түрлі-түсті шамдардың үйлесімі, барлығы да шынайы, жанға жақын. Сазды баяу әуеннің сүйемелдеуімен оқылып жатқан өлеңдер, өзіндік әсерімен, ерекшелігімен, мән-маңызымен адам жанын елжіретсе, шырқалған әндер сезімнің сырын шертеді, тыңдарманның жүрегін елжіретеді. «Қоғамдық келісім» мекемесінде өткен ақын, журналист, педагог Бақыт Мұхамедрақымова-Тасованың «Струны моей души ранимой» атты әдеби-сазды поэзия кеші осындай жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. Кеште оның кезекті жыр жинағының тұсауы кесілді.

 

Поэзия кешінің иесі өлеңге бала кезден құштар болып өсті. Ең алғаш жазылған шығармалары балалық балғын шағының ұмытылмас естеліктері іспетті. Бақыт Төлегенқызының пікірінше, балалық шағында жазылған туындылары өлеңнің құрылымдық талаптарына сай келе бермесе де, сол бір қайта оралмас бақытты кезеңнің ескірмес естеліктері, жанының жарқын дидары, өмірге құштарлығы мен өткенге сағынышы болып жүрегінде сақталып қалды.  Әсерлі де лирикаға толы сазды кеш жанды дауыста өнер көрсететін, Мұрат Құлатаев жетекшілік ететін ВИА «ДЖарайд» вокальдық-инструменталдық ансамблінің орындауындағы әдемі ретро әндерімен өріліп, іс-шараға ерекше рең бере түскендей болды. Кеште ақынның махаббат лирикасына арналған шығармаларынан әркім өзінің ішкі сезімімен сырласқандай, өзінің армандарын елестетіп отырғандай әдемі, әсерлі күй кешті. А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттері мәнерлеп оқыған оның сезімге толы әр туындысын жиналған қауым ыстық ықыласпен қабылдады.  Бақыт Мұхамедрақымова-
Тасова өлеңдерін орыс тілінде жазса да, оның лирикасынан қазақы болмыс пен ұлттық діл, сана-сезім, салт-дәстүр, наным-сенімнің көріністері төгіліп жатқандай. Махаббат лирикасында да қазақ қызының биязы, ибалы мінез-құлқы, психологиясы әдемі тіркестермен өрілген өлең жолдарымен жаныңды елжіретіп, ерекше романтикаға бөлейді. Табиғат пен адам жанының психологиясын паралеллизммен суреттеген өлеңдері де ұлттық реалияларға толы. Ақынның жыр жинағында өмір, махаббат, отбасы, туған-туысқа деген сыйластық, туған жерге, елге сүйіспеншілік, әйел болмысы сияқты  тақырыптардағы шығармалар орын алған.
Кешті ақын өзінен гөрі, өзінің жақындарына, достарына арнапты. Бұл басқа ақындардың шығармашылық кештеріне қарағанда, осындай өзгешелігімен үйлесімді әрі ерекше өтті деуге болады. Мына жарық дүниеден өткен адамдардың рухына арнап шығарылған өлеңдері де кеш барысында оқылып, жүректерді елжіретті. Өмірлік серігі, ардақты жары Қайрат Мұхамедрақымовтың, геолог, ғалым Айтқажы Қазбековтің, сенімді жолдасы, сыныптасы Бекежан Бәйімбетовтің, сазгер, гитарист болған Анатолий Тищенконың аруағына арналған өлеңдерінен ақынның оларға деген сыйластығы мен достыққа адалдығы, кісілігі осы шығармаларынан-ақ көрініс беріп тұрғандай. Іс-шара барысында Бақыт Төлегенқызының сөзіне жазылған қызы, жас сазгер, кәсіби әнші  Лаураның да әндері шырқалды.
Ақынның анасы кітапханашы, сондықтан болар қызы кітап оқуға жастайынан құмартып, орыс тілі мен әдебиетінен үздік оқыпты. Алайда, ақын белгілі бір себептермен Қарағанды политехникалық институтына оқуға түсіп, білім алып шығады. Инженер-педагог өмірінің біраз жылын осы білім беру саласына арнайды. Кейін ол физика ғылымынан гөрі шығармашылыққа ден қоя бастайды. Өлең жазу, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орнату оның өмірін басқа арнаға аударып жіберді. Бұл жөнінде ақын өзінің «Моя эмблема жизни» атты туындысында нақты суреттеп, жазып көрсетіпті. Күнделікті  жанталасқан тірлік… Үнемі ой үстінде жүру.., ең бастысы өлең жазу… Өмірдің сынақтары нәзік жанды әйелді бірнеше мәрте сынады. Жақынынан, туыстарынан, өмірлік серігінен айырды. Мұның барлығы оңайға соқпады. Жұбайынан айырылғанда жан жүрегі қаншалықты ауырып, жылап тұрса да, балалары үшін өмір сүрсем деген ерік-жігері оның бойына күш қайрат берді. «Жизнь заставляет упасть камнем вниз, а я вопреки карабкаюсь ввысь. Жизнь заставляет заплакать меня, а я улыбаюсь, судьбу не коря» деген өлең жолдарымен өрілген туындысынан оның өмірге деген құштарлығы көрініп тұр.
Ақынның кітабында әкесі Төлеген Тасов туралы да естеліктер орын алыпты. Әкесінің ауылдың қара баласы болып жүргенінен бастап, темір жол институтына түсіп, білім алғаны, оның қызмет бабы,  «Құрметті теміржолшы»  атағын алғандығы туралы кеңінен жазылған. Бұл естеліктер кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.   Сондай-ақ, жинақта жарық көрген «Показуха», қазақша айтқанда «Жасандылық» атты өлеңінен бүгінгі күннің тынысын, тексеріс келгенде мекемелердің қандай әрекеттерге баратындығын, өмірдің жасанды боямаларын ашып, анық көрсете білген. Соны көрген ақынның жан айқайы, жасандылықтың адамдарға әсері шебер суреттелген. Өлеңде ислам дінінде жасандылықтың үлкен күнә екендігі де айтылады. Кітапта сонымен қатар, біздің облыстың еңбек ардагерлері, ғалымдары, спортшылары, әншілері мен сазгері туралы да шығармалар бар. Өлеңдер жинағының арасында әжесінің атынан шығарылған, кезінде бір үйде көрші болып тұрған облыс әкімі Сергей Кулагинге арналған өлең жолдары да кездеседі.  
Кешке «Қоғамдық келісім» мекемесінде орналасқан этномәдени орталықтардың өкілдері мен туған-туыстары, балалары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кеш соңында сахнаға оның дос-жарандары, әріптестері шығып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Ақынның өзі тілшісі болып табылатын «Түгел» медиа-холдингінің өкілдері де бұл іс-шараға құр келмеді. Ақынның өлеңдері мен мұқабасына портреті басылған журналды сыйға тартты. Жоғарыда атап өткеніміздей ақын кеште өзі туралы бірде-бір сөз айтпаса да, ол туралы оның жақындары мен жолдас-тары, мақалаларының кейіпкерлері шынайы көңілмен әңгімелеп берді. Құшақ толы гүлдер мен ақ адал, ізгі тілектер, әсерлі әуен кеш иесінің жанын жадыратты, жүрегін елжіретті.
Ырысалды ШАМШИЕВА.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар