Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Неге намыстанайын, ақ адал жұмыс...» - АРҚА АЖАРЫ

«Неге намыстанайын, ақ адал жұмыс…»

Кеше ғана мұрты бұзылмай жатқан қасат қардың үстінде қызыл су жүгіріп, күрең шайды қанып ішкен адамның маңдайындай аздап қана жібіген.

 Бүгін таңғы салқынмен сіреу болып қатыпты. Қыс бойы ерсілі-қарсылы жүрген мың сан адамның табанының астында әбден тапталған қар құрыштай бекіп, тастан бетер қатып қалыпты. Жол жиегіндегі қалың қарды әуелі төртбұрыштап, кірпіштеп ойды. Содан соң жалпақ, ауыр күректі әлгі кірпіш пішіндес қардың астына салған. Қалыптан түскендей төрт қырлы, қалыңдығы кереқарыс болып ойылып түсті. Ойылған қарды құлаштай, қолтығын жаза трактордың алқымында тұрған жартылай бөшке пішіндес үлкен күрегінің үстіне лақтырған. Бел жазған жоқ, ойылған жерді әрі қарай әлгі машықпен үңгіп барады.
Көкшетау қалалық жол пайдалану учаскесінің жұмысшысы Күліш Азбаеваның күнделікті шаруа-сы осы. Жалғыз қар ғана емес, жаяу жүргіншілер жолының үстіндегі адамдардың тастап кеткен темекісінің тұқылы, шағылған шемішке, босаған, сынған бөтелке, қаншама қоқыс. Бәрін сыпырып-шиы-
рып жинау керек. Бір талын қалдырмай. Таңертең ел біреу жұмысына, біреу оқуына дегендей асыға басып, алшаңдай басып бара жатқанында қала көшелері мұнтаздай тап-таза болып тұрса, өз көңілі де өсіп қалады. Адал еңбегінің нәтижесі. Мұның жұмысы да ешкімнен кем емес. Кейбір әріптестері жүзі таныс біреу-міреу кездесіп қала ма деп қысылады да. Жұрттың аяғының астында жатқан қоқысты тазалап жүрген қайбір жақсы дейсің деп қояды олар. Ал, Күліш Амангелдіқызы ешқашан намыстанып көрген емес. Негізгі мамандығы құрылысшы еді. Облыс орталығындағы «Бурабай» спорт кешенін салып жүргенінде абайсызда қабырғадан құлап кетіп жарақат алған. Содан соң қыздары құрылыста жұмыс істеуге тыйым салды. Айналайындардың аналарына жандары ашығаны ғой.
Жолдасы өмірден озған соң тағдырдың салған ісіне біржола көніп, ауыртпалық атаулыны жалғыз өзі көтеріп алды. Ешкімнен кем қалған жоқ. Төрт қызын желге, күнге тигізбей желкілдетіп өсірді. Төрт қызы да ананың тәрбиесін көкіректеріне тоқып, еңбек дейтін ұлы ұғымды жан дүниелеріне жақсылап сіңіріп, бой жетіп өсті. Қазір бәрі тұрмыс құрып кеткен.
–Біз де халыққа қызмет етеміз, – дейді көше тазалаушы  Күліш Амангелдіқызы, – кейде біреулер осы жұмысыңа намыстанбайсың ба деп жатады. Неге намыстанайын, ақ адал жұмыс. Ешкімнен де кем емес. Елдің бәрі әдемі киініп, тәуір жұмыс істеп жүрсе, көшені кім тазалайды. Кім білсін біздің маңдайымызға осындай жұмыс жазылған шығар. Ешкімге өкпе-наз айтқан емеспін. Тек жалақымыз аздау, әрине. Бүгінгі қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған кезде елу мың теңге деген не тәйірі.
Биыл Көкшетау қаласы арықтардың бойын ертерек тазалап, қам жасай бастады. Әсіресе, орталық көшелерде. Ту сонау тау басынан ентелей екпіндеп қар суы құлдырап аққан кезде қала ішіндегі жылға, арықтардан бөгеліссіз өту үшін кептеліп қалған мұздақтарды, сіреу болып қатқан қоқыстарды тазарту қолға алынып жатыр. Адамдардың күнделікті қарбаласпен жүріп көңіл аудара бермейтіні де шындық. Ал, осы учаскедегі төрт бригада, қаншама қыз-келіншектер әйел түгіл азаматқа жүк болатын зілмауыр сүймен, жалпық күрегін көтеріп жанталаса еңбек етуде.       

Байқал Байәділов.

Суретте: Күліш Азбаева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар