Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Зәмзәгүл ауыл әкімі қызметін ауырсынбайды - АРҚА АЖАРЫ

Зәмзәгүл ауыл әкімі қызметін ауырсынбайды

Ауылдың барлық ауыртпалығын көтеріп, тұрғындарды толғандыратын түрлі мәселелерді шешетін, күн сайын қиындықтармен бетпе-бет келіп жататын ауыл әкімдерінің міндеті ауыр да жауапты. Міне, осындай ауыр міндетті мойнына алып, өз қызметін абыроймен атқарып жүрген Наумовка селолық  округінің әкімі Зәмзәгүл Шәріповамен мереке қарсаңында газетіміздің тілшісі тілдескен еді.

 

– Зәмзәгүл Кәрімжанқызы, бүгінгідей нарық билеген күрделі кезеңде ауыл әкімі болу оңай шаруа емес екендігі белгілі. Ауыл тұрғындары күнделікті кездесіп жататын барлық қиындықтарда әкімге арызданып жатады. Осы орайда, өзіңіздің бүгінгі атқарып жүрген жұмыстарыңызға көңіліңіз тола ма?
– Ауыл әкімдерінің қолында мөрінен басқа ештеңесі жоқ болған қиын кезеңдерді де бастан өткердік. Мен әкімдікте 1997 жылдан бері еңбек етіп келемін. Қазір құдайға шүкір, жағдайымыз жақсы. Өз бюджетіміз, қызметтік автокөлігіміз, кәсіби мамандардан құралған аппаратымыз бар. Яғни, толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік жасалған. Одан қалды, ауыл аумағында орналасқан серіктестіктер мен шаруа қожалықтары да мүмкіндіктерінше қол ұштарын беріп тұрады. Осыған орай, ауыл тұрғындары кездесіп жататын түрлі мәселелерді шешуге шама шарқымызша тырысып жатырмыз. Зейнеткерлер мен мүгедектерге, көпбалалы отбасыларына қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлеміз. Қарттар айында қарияларымыздың бірде-бірі назардан тыс қалмайды. Сонымен бірге, ауылды көгалдандыру, санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру істері де әрдайым назарымызда. Көктемде өзім бас болып сенбіліктерге шығып, көшелер мен аулаларды тазартамыз, көшет отырғызамыз. Жүргізілген осындай шаруалардың нәтижесі болар, ауылымыз жыл санап көркейіп келеді.  Ал, енді жеке жұмысыма келетін болсам, 2008 жылы аудан аумағында өткізілген конкурста «Үздік мемлекеттік қызметші» атағын жеңіп алдым. Аудан, облыс әкімдерінің Алғыс хаттарымен, «Қазақстан Республикасы Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталдым. Бұның бәрі еңбегіме көрсетіліп жатқан құрмет деп білемін.
– Әдетте қыз-келіншектер көбіне мұғалім, дәрігер мамандықтарын таңдап жатады. Ауыл әкімі сияқты ауыртпалығы көп жұмысқа келу себебіңіз неде?
– Орта мектепті бітірген соң  Ақмола кооперативтік техникумына оқуға түстім. Еңбек жолымды 1993 жылы өзімнің туып, өскен ауылым Наумовка селосындағы «Хлебороб» өндірістік кооперативінің бухгалтері  болып бастадым. 1997 жылы селолық округ әкімдігіне бас маман болып ауыстым да, содан кейінгі өмірім түгел осы әкімдік жұмысы саласында өтіп келеді. 2005 жылы Қарағанды мемлекеттік экономикалық университетін бітірдім. 2014 жылдың мамыр айында ауыл әкімі болып тағайындалып, содан бері осы міндетті атқарып келемін.  Әрине, әр жұмыстың өзіне тән ауыртпалығы мен жауапкершілігі болады. Нәзік жанды әйелдерге лайықты деп саналатын мұғалім, дәрігердің жұмысында да ауыртпалықтар жетіп артылады. Қазір әйелдер қара жұмысты да, базарда тұрып сауда жасауды да үйреніп, меңгерді. Өзім ешқашан ауыл әкімі әйел үшін ауыр жұмыс деп ойлаған емеспін.
– Көктемнің алғашқы мерекесі де келіп қалды. Әріптестеріңізге, ауылдастарыңызға қандай тілек айтар едіңіз?
– Биылғы Елбасының халыққа арнаған Жолдауында заман талабына сай даму бағдары айқындалып, елімізді әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына енгізу міндеттері белгіленді. Менің балалық шағым кеңес заманында өтсе, жастық шағым өтпелі кезеңнің ауыр жылдарына тап келді. Еліміздің тәуелсіздігін орнықтырып, нығайту жолында көп шаруалар атқарылды. Арқа төсінен ертегідегідей бой көтерген әсем қала – Астанамыз бар. Халықтың жағдайы да жылдан жылға жақсарып келеді. Мен үшін ең бастысы, еліміз тыныш болып, қазіргідей ұйыған тыныштығымыз бен татулығымыз сақталса, тәуелсіз мемлекетіміз әлемнің дамыған елдерінің санатынан көрініп, көк туымыз әрдайым биікте желбірей берсін деп тілеймін.
Сұхбатты жүргізген Қалкөз ЖҮСІП.
Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар