Балаларды қорғаумен бірге, жазалауға да тура келеді

Ақмола облысының аудан-аралық мамандандырылған ювеналдық сотының құрылғанына бес жыл толып отыр. Осы айтулы күнге орай, облыстық ювеналдық соттың атқарған қызметі мен қоғамдағы орнына арналған  мәжіліс өтті.

 

2012 жылдың 12 наурызында облысымыздағы жаңадан құрылған ювеналдық соттың төрайымы болып Мемлекет басшысының жарлығымен Айсұлу Жұматова тағайындалған еді. Содан бері ол осы қызметін абыроймен атқарып келеді. Облыстық соттың төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов  БҰҰ-ның балалар құқығын қорғау жөніндегі комитетінің жақсы бағасын алған еліміздің ювеналдық соты құрылған кезден бері жақсы жұмыс істеп келе жатқандығын және мұндай мамандандырылған сот Орта Азия елдері ішінде біздің мемлекетімізде ғана бар екендігін атап өтті. Бұдан кейін басқосуға шақырылған балалар құқығын қорғауға қатысты мекемелердің мамандарына алғыс хаттар мен сыйлықтар тапсырылды.
Ювеналдық соттың міндеті заң бұзған кәмелеттік жасқа толмағандарды жазалау емес, керісінше тәрбиелеу екендігін айта келе, облыстық ауданаралық мамандандырылған ювеналдық сотының төрайымы атқарып жатқан жұмыстары жөнінде баяндады. Сот қызметінің басты көрсеткіші шығарылған шешімдерінің жоғары қатардағы сот алқалары тарапынан өзгертілмеуі десек, өткен жылы ювеналдық сот судьялары шығарған шешімдер 100 пайыз өзгертілмей сақталған екен. Осының өзі жұмыс сапасының жоғарылығын анық көрсетсе керек.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстар мен заң бұзушылықтар көлемі өкінішке орай, жыл санап көбеймесе азаймай отыр. Ювеналдық соттың құрылған бес жылы ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты  133 қылмыстық, 1682 азаматтық және  3920 әкімшілік іс қаралып, шешім шығарылған. Кәмелетке толмағандарға қатысты жаза тағайындауда оларды бас бостандығынан айыру көлемі жыл санап кемуде. Мәселен, 2013 жылы 8 жасөспірім бас бостандығынан айырылса,  2014 жылы  – 4,  2015 жылы  – 1 және  2016 жылы да 1 кәмелетке толмаған жасөспірім бас бостандығынан айырылған. Көп жағдайларда кәмелетке толмағандарды бас бостандығынан айырудың орнына басқа балама жаза тағайындалады. Бас бостандығынан
айыру жазасы аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда ғана қолданылады.
«Әр бала отбасында өмір сүруі тиіс» деген мемлекеттік саяси қағидатты судьялар қатаң сақтайды. Осыған орай, жыл өткен сайын ата-аналық құқығынан айыру жазасын қолдану деңгейі төмендей түсуде. 2013 жылы бала тәрбиесіне мән бермеген 210 адам  ата-аналық құқықтарынан айырылса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 170-ті құрады. Еліміздің басқа аймақтарындағы сияқты біздің облысымызда да ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қамқоршылыққа алу, асырап алу жағдайлары көбейе түсуде. Осы кезге дейін облысымызда екі балалар үйі жабылды. Балаларды асырап алу жағдайлары көбейіп келеді. Ювеналдық сот бұл шараның құқықтық қырларын жан-жақты қарап, болашақ ата-аналардың психологиялық, тұрмыстық ахуалы назардан тыс қалмауына көңіл бөледі.
Балаларды жазалау емес, керісінше, олардың құқықтарын қорғауды басты назарында ұстайтын ювеналдық сотты материалдық жағынан қамтамасыз ету мәселесі толыққанды шешілген. Сот мәжілісі залдары түгел дыбыс-бейне жазбалармен қамтылған.  Басқосуда облыстық прокуратураның 10-шы басқармасының басшысы Бауыржан Әлмағамбетов, облыстық жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Руслан Мұсаев, облыстық білім басқармасының бас маманы Арай Әбенова сөз сөйлеп, мерейтойын атап өтіп отырған кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі сот ұжымына жауапты да ауыр міндеттерін орындауда табыс тіледі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты. Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар