өздігінен ағылшын тілін үйреніп, қазір сол тілде химия пәнінен сабақ береді
Қоңырау соғылды. Сабақ басталды. Риза Рамазанқызы әдеттегідей өзінің сынып журналы мен пән оқулығын қолына алып, 10 сыныпқа беттеді. Оқушылар ұстазымен ағылшын тілінде амандасып жатыр. Мен әлі де аң-таңмын. Химия сабағы өтеді деген сияқты еді, ағылшын тілінің бұған не қатысы бар деп ойлап қоямын. Сөйтсек, бұл сынып химия пәнін ағылшын тілінде оқиды екен.
Жаңа оқу бағдарламасына сәйкес 2019 жылдан бастап республиканың барлық мектептерінде физика, химия, математика, информатика, биология пәндері сабақ беру стандартынан тыс аптасына бір сағат ағылшын тілінде оқытылады. Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясында бұл әдіс осыдан екі-үш жыл бұрын енгізіліп, жаратылыстану ғылымдарына жататын пәндер қосымша факультатив сабағы ретінде бір сағат ағылшын тілінде өткізілуде. Біздің кейіпкеріміз Риза Ғаббасова осы мектепте химия пәнін ағылшын тілінде осымен үшінші жыл оқытып келеді екен.
– Осыдан төрт-бес жыл бұрын мен ағылшын тілінде сабақ беремін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмейтін еді. 2006 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін химия-биология пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шыққаннан кейін Көкшетау қаласындағы №18 мектепке жұмысқа орналасқанмын. Сонда 8 жыл мемлекеттік тілде химия, биология пәндерінен сабақ бердім. Кейін көршім жасы елулерден асса да, ағылшын тілінің курсына барып, шет тілін үйреніп жүргенін айтып келгенде, «оны қайтесіз» деп айтқанмын. Сол сөзім үшін қазір өзім ұяламын. Мен ол кезде Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университет магистратурасының бірінші курс магистранты едім. Сонда шет тілі ретінде неміс тілін оқитынмын. Сол магистратурада оқып жүргенімде, өзімді ізденіс тұрғысынан шыңдап, білімімді жетілдіруде көп көмегі болар деген оймен, осы беделді білім ордасына, яғни, мектеп-гимназияға жұмысқа орналастым. 12 жылдық жаңа оқу бағдарламасы бойынша алдағы жылдары жаратылыстану пәндері ағылшын тілінде оқытылады деген сөз шыққанда, мен де облыс орталығында орналасқан ағылшын тілін үйрететін мекемелердің курстарына қатыса бастадым. Біздің мектеп көптілде оқытатын болғандықтан, біраз сабақтар үш тілде жүргізіле бастады. Мен де химия пәнін ағылшын тілінде өткізетін болдым. Бастапқы жылы ағылшын тілі мұғалімі бізбен бірге сабақта отыратын. Қазір өзім химияны ағылшынша еркін оқыта беремін, – дейді Риза Рамазанқызы.
Мұғалімдердің айтуынша, жалпы білім беретін мектептерге қарағанда, мектеп-гимназияның оқушылары әлдеқайда ізденімпаз, ақпаратты тез қабылдайды, жаңалықты бойларына жылдам сіңіріп алады. Оларға тек бағыт-бағдар беріп отырсаң болғаны, барлығын өздері іліп әкетеді. Және мұнда балалардың ғылымға деген қызығушылығы зор. Оның үстіне аталмыш мектеп белгілі бір пән бойынша іс-тәжірибе жүргізу керек болса, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің зертханалық кабинеттерін пайдаланады. Мәселен, Риза Рамазанқызының шәкірті Ақерке Баймақова былтыр ғылыми жобасын қорғаған кезде, осында өзінің іс-тәжірибелерін еркін жүргізген. Сөйтіп, Байқоңырда өткен «Ғарыш және әлем» конференциясында химия пәнінің зерттеулерін ғарышпен ұштастырған ғылыми жобасы үшінші орынды жеңіп алып, мемлекеттік оқу грантына ие болыпты.
– Магистратурада білім алып жүрген кезімде Ресейге барып бір ай оқыдым. Біздің университетте академиялық мобильділік деген бар. Бұл – тіл білген адам үшін шет елге барып оқуға туғызылатын мүмкіндік. Кейбір қыз-жігіттер сол кезде ағылшынша ІЕLТS тест тапсырып, Түркия, Америка Құрама Штаттары, Чехия, Англия және Франция мемлекеттерінде оқып келді. Сонда байқағаным, Ресейдің университеттеріне қарағанда, біздің Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің химиялық зертханалары әлдеқайда мықты екен, – деп өзінің ішкі мақтанышын да жасырмады ұстаз.
Риза Ғаббасова бүгінде білім саласына енгізіліп жатқан оқу жүйесіне де оң көзбен қарайды. Әр сабағын өзгеше, оқушыға тартымды етіп өткізу үшін уақытпен санаспай, бос уақытын үнемі ғылыми ізденіске арнайтын көрінеді. Ағылшын тілі мұғалімі Самал Рашатовамен бірлесіп, басқа мектептердің мұғалімдеріне химия пәнін ағылшын тілінде оқытуға арналған сөздік жасап шығарған. Сөздікте химиялық терминдердің аудармалары, ағылшынша сәлемдесіп, әңгімелесуден санамаққа дейін қамтылыпты.
Химия пәні мұғалімін бүгінде республиканың қай аймағында болсын, сұранысқа ие, тапшы мамандық деп айтуға болады. Тіпті, облысымыздың өзінде кей ауылдарда химия пәнін басқа пән мұғалімдері оқытып жүргені жасырын емес. Зеренді ауданының Баратай ауылында дүниеге келген Риза жас кезінде дәрігер болуды армандапты. Алайда, үлкеннің сөзіне құлақ түретін қазақы мінезді қыз ата-анасының ақыл-кеңесіне жүгініп, химия мұғалімі мамандығын таңдайды. Сөйтіп, анасының жолын қуып, мемлекеттік грантқа оқуға түседі.
Бүгінде өмірлік серігі Бердібек екеуі Назым және Бекжан есімді ұл-қыз тәрбиелеп отырған ата-ана. Жолдасы да жарының шет тілін үйреніп жүргеніне қолдау білдіруде. Ал, ұстаздың өзі репетиторлық орталықтарға барып, тіл үйрену сабағын әлі де жалғастыру үстінде.
– Биыл облыстық білім басқармасы облыстық «Дарын» мектебінің мұғалімдерімен бірге мені Сүлеймен Демирел университетіне тәжірибе алмасуға жіберді. Сол сияқты, тіл білгеннің арқасында Қарағанды, Алматы қалаларында өткен химиктердің халықаралық семинарларына қатыстым. Енді алдағы уақытта Назарбаев университетінде білімімді жетілдірмекшімін, – дейді әңгіме арасында.
Ризаның жұмыс күні ертемен сағат сегізде басталады. Жаратылыстану-математика бағытында білім алатын оныншы сыныпқа жетекші. Бұл сынып 6 сыныптан бері биология пәнін ағылшын тілінде оқиды.
– Бас кезінде балалар химияны ағылшын тілінде бірден қабылдап кетті деп айта алмаймын. Өйткені, олар ағылшынша сөйлей білгендерімен, химиялық терминдерді сол тілде үйрену қиындау болды. Сондықтан, мектебіміздегі ағылшын тілі мұғалімдері оқу-әдістемелік бірлестігінің мүшелерімен осыны тез ұғып алу тәсілін таптым. Яғни, білгенімізді түрлі суреттермен сәйкестендіре отырып, оқыту амалы арқылы үйреттім. Қазір олар ағылшын тілінде химияны еркін түсіне алады, –дейді әңгімесінің бір тұсында ұстаз.
Химия пәнінің қиын екендігі рас. Бір тақырыпты түсініп, игеріп алмасаң, келесісін мүлде ұғына алмайсыз. Пәннің қиындығынан болар, бүгінде оны оқытатын мамандар да аз. Сол себепті, сегізінші сыныптан бастап, химияның негізгі базасын оқушыларға ерекше ынтамен, қызығушылықпен түсіндірген жөн деп есептейді Риза Рамазанқызы. Оның осы тұрғыдағы қажырлы еңбегі өз жемісін бере түсуде.
Ырысалды Шамшиева.
Суретте: Риза Рамазанқызы сабақ үстінде.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.