Фәни дүниеден небары 56 жасында өткен, туған-туыстары мен айнала-сындағыларға, ел-жұртына жақсы істерімен танылып, қайда жүрсе де адалдығымен көпшіліктің көңілінен жылы орын алған Кенжетай Досаев мен білетін абзал азаматтың бірі еді. Қысқа ғұмырында өзі туып-өскен Астрахан өңірінде түрлі жауапты қызметтер атқарып, әрдайым сенім биігінен көрініп жүрді. Содан болар, көзін көргендердің бәрі тек жақсы істерін естеріне алып жатады.
Жаңбыршы НҰРКЕНОВ,
Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің
құрметті профессоры
1937 жылдың 17 наурызында Рахым Досаевтың отбасында қуанышты оқиға болып, жарық дүние есігін жаңа ашқан сәбиге әкесі Кенжетай деп ат қойды. Араға біраз жылдар салып келген ұлға өзімнің кенжем болар деген ниетпен осындай есім берілгені анық еді.
Кенжетайдың дүние есігін ашқанына тоғыз ай ғана уақыт өткен 37-ші жылдың желтоқсанында бұлардың үйлеріне келген түстері суық үш бейтаныс отағасын пәуеске арбаға отырғызып, белгісіз жаққа алып кетті. Содан қайтып жары Үмітжан да, балалары да Рахымды көрген жоқ. Не үшін алып кетті, қандай айып тағылды, мұның бәрі ұзақ жылдар жұмбақ болып қалды. Тек кейінірек барып, Рахым Досаевтың Алашорда қозғалысын қолдаушылардың бірі ретінде жазаға тартылғаны белгілі болды. Көкірек көзі ашық, еті тірі жігіттің үйіне ертеректе өткен-кеткенде Алаш белсенділері тоқтап, солармен араласып тұрғаны кейін «халық жауы» атануына себеп болыпты.
«Орнында бар оңалар» дейді халық даналығы. 1955 жылы Толқынкөл жетіжылдық мектебін бітірген Кенжетайды анасы ауылдастарының жинап берген ақшасымен алыс жолға шығарып салды. Содан жолы болып, Саран педучилищесіне оқуға түсті. Осында жүріп өзінің өмірлік жары Майрамен кездесті. Сөйтіп, 1957 жылы оқу бітіріп диплом алған жас маман шаңырақ көтеріп және бір қуанышқа кенелді. Жас ұстаздар отбасының еңбек жолы Қызылтөбе бастауыш мектебінен басталған. Араға үш жыл салып, 1960 жылы өзі туып-өскен Жарсуат ауылындағы жетіжылдық мектепке ауысты. Ал, 1967 жылы өз ісін жетік білетін елгезек жігіт Тобылғы сегізжылдық мектебінің директоры болып тағайындалды. Осылайша орда бұзар отызында іргелі оқу орнының басшысы болған Кенжетайдың ел есінде сақталар игі істерінің көбі осы ауылда өткендігін айтқан артық болмас.
Сонау училище қабырғасында жүргенде еркін күрестен түрлі жарыстарға қатысып, топ жарған ол ең алдымен, өзі бас болып, ауылда мұз айдынын жасады. Ауыл балалары сол тұста өмірі ойнамаған хоккей ойынын ойнап, додалы жарыстарда мектептің ғана емес, ауданның намысын да абыроймен қорғап жүрді.
Жас директор еркін күрес үйірмесін ашып, балаларды күреске де баулыды. Оның осы ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетін байқаған аудан басшылары екі жылдан кейін Кенжетай Досаевты «Образцовый» кеңшарына партия комитетінің хатшысы етіп жоғарылатты.
Бір ерекшелігі, Кенжетай Досаевтың бойында көшбасшылыққа қажетті қасиеттер мол болатын және адамдармен жатырқамай, тез тіл табысып кететін көпшіл азамат өзіне жүктелген қандай істі де бірден үйіріп алып кетуші еді. Заман талабына сай, Целиноград ауыл шаруашылығы институтының зоотехникалық факультетін өндірістен қол үзбей жүріп оқып бітірген іскер жігіттің қарым-қабілеті бұдан кейін де жоғары жақтағы басшылардың назарынан тыс қалмады. Оның аудандағы өзі туып-өскен «Жарсуат» кеңшарының директоры болып тағайындалуы осының айғағы еді.
15 мың гектарға жуық егін алқабы, табын-табын қара малы мен отар-отар қойы бар сан салалы шаруашылықты басқарған Кенжетай Рахымұлы туған ауылын көркейтуге күш-жігерін де, қарым-қабілеті мен уақытын да аянбай жұмсады. Осының арқасында «Жарсуат» кеңшары аудандық жарыстарда талай рет топ жарып, ауыспалы Қызыл туға ие болып отырды.
1973 жылы еңбекте қол жеткізген зор жетістіктері үшін Кенжетай Досаев «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Сөйтіп, Жарсуатты айналдырған аз жылда ауданның маңдай алды шаруашылықтарының қатарына қосқан іскер басшының еңбегі осылай жана түсті.
Әрине, бұл абырой өздігінен келген жоқ. Онда Кенжекеңе осы жолда ақылшы бола білген Ұлы Отан соғысының ардагері Қожас Әлжанов, Көпбай Ақсейітов сияқты үлкен ағаларының да көмек-қолдауы бар еді. Сондай-ақ, «Қайнар» кеңшарының білікті басшысы Юрий Паскалиди сияқты әріптестерінен де жақсыны көкейіне тоқыған кездері болды.
1982 жылы Кенжетай аудан орталығы Астрахан селолық Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Іргелі елді мекеннің тізгінін сеніп тапсырудың астарында оны көркейтіп, шешілмей келе жатқан күрмеуі қиын мәселелерін шешеді деген үлкен сенім жатқаны анық еді. Кенжекең бұл жұмыста да өзін жақсы қырынан көрсетіп, мойнына жүктеген міндет жүгін абыроймен атқарды. Араға үш жыл салып, аудандық суармалы егін шаруашылығы бөлімінің басшысы болып тағайындалып, тағы да биіктен көрінді.
Еліміз егемендігін алып, нарықтық экономикаға көшумен бірге келген өзгерістер Астрахан өңірін де сырт айналып өтпеді. Бұрын мемлекет меншігінде болған ұжымшарлар мен кеңшарлар енді жекешелендіріліп, ұсақ шаруа қожалықтары құрылып жатты. Аудандық шаруа қожалықтары қауымдастығы олардың нарық жағдайында жұмыс істеуіне көмектесіп, қол ұшын берумен айналысатын. Міне, осы қауымдастық төрағасының орынбасары қызметінде Кенжетай Досаевтың да күш-жігері шаруа қожалықтарының нарық жағдайына тез бейімделіп, дұрыс жұмыс істеп кетуіне игі ықпал етті.
Әттең, өмір деген қысқа. 1993 жылдың 29 тамызында жолдасының шақыруымен көрікті Бурабай баурайына барып, қайтып келе жатқан сапарында Кенжетай Рахымұлы автокөлік апатынан қайғылы қазаға ұшырады. Сол кезде ол 56 жаста ғана еді. Күш-қуаты бойында, ақыл-ойы толысқан азаматтың әлі де бергенінен берері көп болатын. Сондықтан, сүйген жары мен балалары, ел-жұрты, туған-туыс, достары үшін ғана емес, оны білетін барлық адамдар үшін бұл орны толмас ауыр қаза еді. Сол тұста Кенжекеңнің досы, жергілікті қаламгер Төлеген Бұланбайұлының аудандық «Аққайнар» газетінде жарық көрген:
Алашқа көрсетерлік арысым-ай,
Пасыққа тік атылар барысым-ай!
Басқамен дода қызар жарыс болса,
Қазақтың жібермеуші ең, намысын-ай!
Ортаны толтыратын сұңқарым-ай,
Баптаусыз оза шабар тұлпарым-ай.
Алдында алқа топтың айтатұғын,
Сөздерің кілт үзілді, іңкәрім-ай!
– деген өлең жолдары қайран азаматтың шынайы болмыс-бітімін анық көрсетіп бергендей.
Кенжетай Рахымұлының өмірі мен еңбек жолына назар аударып қарасаңыз, ұстаздықтан басталған сол жолдың бірінен-бірі асатын үлкен асуларға ұласқанын байқаймыз. Осылайша сан салада еңбек етіп, жауапты қызметтер атқарғанда өзіне жүктелген небір міндетті әрдайым абыроймен орындай білген іскерлігіне де қалай тәнті болмассыз.
Қазақ жігіттің сырбазын «сегіз қырлы, бір сырлы» деп бағаламай ма?!. Көзі тірісінде Кенжетай Рахымұлының бойында да тұнып тұрған түрлі қабілет пен талантты кезінде жақын араласып, бірге жүрген азаматтар әлі күнге ауыздарынан тастамай үнемі айтып жүреді. Ұзақ жылдар аудандық тұтынушылар қоғамын басқарған, бүгінде аудандық ардагерлер кеңесіне жетекшілік етіп жүрген Сағынай Сейітжанов, еңбек ардагерлері Орман Жаңбырбаев, Қайырбек Құсайынов, Ырысбай Мұқанов, тағы басқалары сол жылдары Кенжекеңмен көп араласып, бірге қызмет еткен жандар. «Біз тіпті, сонау 50-ші жылдардың басында Толқынкөл жетіжылдық мектебінде бірге оқыған едік. Содан арада он жылдан астам уақыт өткенде, бертін мектепте қызмет етіп жүргенде қайта кездестік. Кейін Кенжетай шаруашылықты басқарды, басқа да жауапты қызметтерде болды. Бір айтатыны, қай жерде жүрсе де осы жұмыстардың бәрін абыроймен орындап, зор құрмет-беделге ие болды» деп есіне алады Қайрекең.
– Сөзге өте шешен болатын. Оның әзіл-қалжыңдары, тапқыр сөздерін жұрт сүйсініп айтып жүретінін талай естідім, – дейді тағы бір тұстасы Сағынай Сейітжанов. Кенжекең өлең де шығаратын. Қайтыс болғаннан кейін соңында қалған қоңыр дәптерін қарап отырып, бірге оқыған замандас досы Төлеген Бұланбайұлы ақындық қабілетіне қайран қалса керек.
Кезінде үлкен басшылық қызметтерде болған, осы күні есімдері елімізге кең танымал Қасым Тәукенов, Қайреден Кәрібаев сынды тұлғалармен де Кенжетай Рахымұлының үзеңгілес дос болғанын өзі жазған мына өлең жолдары айқын аңғарта түседі:
Қасымым бар Қаратаудай,
Қайреден жүр Алатаудай.
Бар саналы өмірін ел игілігі үшін аянбай еңбек етуге арнаған аяулы азаматтың соңында жұрт аузында айтылып жүрген жақсы істері мен ұлағатты сөздері ғана емес, өнегелі ғұмырын жалғастырар ұрпағы да қалғанын айту қандай ғанибет. Кенжетай мен Майра екеуі тату-тәтті өмірлерінде бес қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Гүлжихан, Баян, Зәуреш, Әлия, Гүлия есімді қыздары мен Серік, Ерік есімді ұлдары осы күні өздері бір-бір шаңырақ құрып, тәуелсіз еліміздің игілігі үшін түрлі салаларда жемісті еңбек етуде. Егер көзі тірі болса, Кенжекең де тамырын тереңге жіберген бәйтеректей осы бала-шағасы, немере-шөберелерінің ортасында арқа-жарқа болып отырар еді ғой дейсің. Дегенмен,
Ғұмыр өтіп барады,
Тәтті өмір қалады.
Балаларым ер жетіп,
Адам болса жарады,
– деп өзі жазған өлең жолдарының ақиқатқа айналуы әке арманының орындалғанын айғақтаса керек.
Жақсының аты ешқашан өшпейтіні белгілі. Облыста еркін күрестен жасөспірімдер мен балалар арасында сонау жас кезінен ауыл жеткіншектерін спортқа баулыған, әрі туғанына 80 жыл толып отырған жаны жайсаң азамат Кенжетай Досаевты еске алуға арналған турнир өткізілетінін естігенде еріксіз тілімнің ұшына осы бір қанатты сөз орала берді.
Иә, өткенді білмей, болашаққа бағдар ұстау қиын. Сондықтан, өздерінің ақ адал еңбектері, биік ұстанымдарымен елдің ел болуына лайықты үлестерін қосып кеткен Кенжетай сияқты абзал жандарды біз, көзі тірілер ешқашан ұмытпауымыз керек.