Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетауда «Наурыз» деген дүкен бар - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетауда «Наурыз» деген дүкен бар

Наурыз деген сөзді естісек немесе осындай жазуды көре қалсақ, ойымызға бірден салт-дәстүрлеріміз бен оюлы бұйымдарымыз, ұлттық киім киген қыз-келіншектер мен шапан жамылған ақсақалдарымыз келе қалатыны рас. Көкшетаудың орталық базарында «Наурыз» атты дүкен бар. Ұлыс мейрамы қарсаңында осы дүкенге барып, тыныс-тіршілігімен танысқан едік.

  Жаңа жыл қарсаңында жыл сайын осы орталық базарға бара қалсаңыз, шыршалар мен түрлі-түсті гирляндылар, ойыншықтар бұрыш-бұрышта сатылып жатады. Сатушылар «Аяз ата» мен «Ақша қардың» киімдерін, кәмпит толы пакеттерді кез-келген жерде сатып тұрады. Ал, Наурыз мейрамына бір апта қалғанда барғанымызда мерекенің иісі де сезілмеді. Тым құрығанда ұлттық нақышта жасалған кәдесыйларды сатып жүрген бір адамды көрмедік. Содан «Наурыз» дүкеніне келдік. Аты ұлттық мейраммен ұштастырылған дүкеннің кіре берісіндегі қасбетінен өткен-кеткеннің үстіне су ағып, тамшылап тұр. Сыртқы келбеті де жөндеу күткендей жүдеу көрінді. Күн жылынған соң, сауда орнының иесі ретке келтіреді ғой деген ойдамыз.
Ішке кірдік. Адамдар соншалықты көп емес екен. Ішінде орналасқан дүңгіршіктерде тұрмыстық химия мен техникаларын, косметика, сәндік бұйымдар, кеңсе тауарлары, әйелдердің сөмкелері, ыдыс-аяққа дейін сатып алуға болады. Бір-екі жерде ұлттық нақыштағы күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды да көзіміз шалып қалды. Жақындап барып, сатушылардың бірі Гүлнәр Елеусізованы әңгімеге тарттық. Ол сатушы болып тұрған дүңгіршекте күнделікті өмірде ас үйге қажетті ыдыс-аяқ сатылады екен.
–Біз ыдыс-аяқтарды Ресейден әкелеміз. Ыдыс-аяқтардың ішінде ою-өрнегі бар, ағаштан жасалғандарын көбінесе үлкен әпкелеріміз қыздарының жасауына алып жатады. Сонымен қатар, ас үйге қажетті ұсақ-түйек  заттарды тойларға арнайы дайындалатын «суперқалталарға» алады. Жалпы, келіп-кетушілер көп, бірақ сатып алушылар саны азайып барады. Оның себебі, бағаның көтерілуінен. Өзім мұнда жұмысқа орналасқаныма көп уақыт болған жоқ. Бұрын «Наурызға» онша келмейтінмін, «Рио», «Керуен сарайы» сияқты ірі сауда орындарына барып, қажетімді алуға тырысатынмын. Қазір дүкенге орналасқалы осы жерден де біраз заттарды сатып алуға болатынына көзім жетті, – дейді ол.  
Одан әрі терезелері ою-өрнекпен апталған ұлттық бұйымдар сатылатын дүңгіршекке жақындап барып едік, Күлмайра Әйтенова атты апайымыз немересіне Наурыз мейрамына арнайы ұлттық киім тігуге қажетті заттар мен бұйымдарды сатып алып жатыр екен. Онымен сөйлескенімізде, бұл жерге ол көп келмейтіндігін айтты. Бірақ, осында қазақша киім үлгілерін тігуге қажетті заттардың бар екендігін өткен жылы көршісінен естіпті. «Танысым осы жерден баласының тойына қалта тігуге қажетті заттың барлығын, қызына ұлттық көйлек пен қамзол, құда-жегжатқа таратылатын киіттің түрлерін, түйе қалталарын, тіпті,  немересінің тұсау кесеріне арналған ала жіпке дейін сатып алғандығын айтты» дей келе, бұл дүңгіршектен ұлттық салт-дәстүрлерімізді еске салатын «Тәй-тәй», «Ақ жол» деген жазулары бар маталарды да алуға болатындығын әңгімеледі. Сатушының өзін әңгімеге тартқанымызда, түрлі сылтаулар айтып, мәлімет беруден бас тартты.
–Бізде ұлттық нышандар салынған кәдесыйлар, домбыра, қамшы, ұлттық көйлектер, қазақы әшекейлер, киізден жасалған ұлттық бас киімдер бар. Бірақ, осының барлығына сұраныс аз. Наурыз мейрамы кезінде ғана балабақшалардағы бүлдіршіндерге ойындарға кәдесыйлық қамшыларды, ойыншық домбыраларды алады. Ал, қалғандарына сұраныс төмен, – деді келесі дүңгіршектің қожайыны Әсия Кенжеғалиқызы.  Сауда орнынан шығып «Әлем» дүкеніне қарама-қарсы жерде «Наурыз» атты асхананың да жұмыс істеп тұрғанын көріп, ішіне кірдік. Түс мезгілі еді. Адам лық толы. Кезек күтушілердің де қарасы көп. Іздеп жүріп, асхананың Әсем есімді әкімшісін тауып алып, келе жатқан Ұлыс күнімен құттықтап, асхана жайында айтып беруін өтіндік. Өткен жылдың жазында ашылған асханаға халықтың көп келетіндігін, қызметшілердің үлгермей жататындығын, тағамдарының да бағасы аса қымбат еместігін әңгімелей келіп, дүкенге ешқандай қатысы жоқ екендігін айтты. «Нау-рыз» асханасынан Ұлыс күні наурыз көже ішуге бола ма деген сұрағымызға, «бұл жайында ойлану керек» деді. Қала көшелеріндегі неше түрлі тілде атау-лары жазылған сауда орындары мен дәмханаларын, ойын-сауық орталықтарынан гөрі, ұлттық болмысымыз бен таным-түсінігімізге жақын қазақша атаулардың болғаны жақсы, бірақ іші-сырты да соған сай болса дейміз. Іштерінде қызмет ететін адамдарының да бойында сол қазақша атауына сай мейірім мен сыйластық, кішіпейілдік сияқты қасиеттер көрініп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.
«Наурыздан» шығып, жұмысқа кетіп бара жатқанымызда әртүрлі өсімдіктер мен жемістердің, көкөністердің тұқымын сатып отырған бір әпкеміз «Что-то, праздника я не чувствую, никто семена не берет» деп айтқанын құлағым шалып қалды. Жаңа жылда қаншама шырша оталып, табиғатқа әжептәуір зиян келтіріледі. Ал, наурызда Жер-ана жібіп, қыста оталған шыршалардың орнына мыңдаған көшеттер отырғызылуы тиіс. Әлгі әпкеміздің сөзінің астарында жатқан ой осы болар.

Ырысалды Шамшиева.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар