Біздің мектепте жалпы республикалық «Қамқорлық» акциясы аясында жұмыс жос-пары құрылып, көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасындағы оқушылардың жағдайына көңіл бөлінуде.
Адамзаттың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кеңпейілділік. Бұл адамға қызмет қылып, жақсылық жасауға пейілді жанға ғана тән ерекшелік. Жомарт болу өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Осы орайда, мектептің қоғамдық инспекторы Әдебиет Елдәурен сынып жетекшісімен бірге олардың үйлерінде болып, жағдайларымен танысты. Орта буын және бастауыш әдістеме бірлестіктерінің жетекшілері осы акцияның ойдағыдай өтуіне атсалысып, пән мұғалімдері арасында насихат жұмыстарын жүргізді. Игілікті іс атқару кез-келген адамның қолынан келе бермейтін шара, оны тек адамгершілігі жоғары, рухани әлемі бай, жан дүниесі таза адамдар ғана жасай алады. Ол басқаның жағдайын өз қамындай шынайы, жүрегімен қабылдап, қандай қиын болса да, шешу амалын табуға тырысады, сөзімен де, ісімен де жәрдем береді, шарапатын тигізеді. Шарапатты адам – Абай армандаған кемел адам. Біздің мектептің ұстаздарын осы мәртебеге лайық, кеңпейілді, жүректері жылылыққа толы ашық жандар деп мақтанышпен айта аламын. Мектебімізде акцияны өткізу жоспары бойынша сынып жетекшілері сынып сағаттарын, дөңгелек үстелдер, қайырымдылық концерттері мен жәрмеңкелер ұйымдастырды. Осы «Жүрегім толы мейірім» қамқорлық акциясынан түскен қаражат мектебіміздегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған және күнкөрісі төмен отбасыларындағы оқушыларға жұмсалды. Мектеп ұжымы жинаған қаржы он екі оқушыға үлестірілді. Қайырымдылық шарасында сөз сөйлеген мектеп директоры Мұрат Нұрсәуле шын жүректен шыққан жылы лебізін білдіріп, оқушыларға акция барысында жиналған киім-кешектер мен кеңсе тауарларын табыс етті. Мектебімізде осындай игі істер әлі де жалғасатынына сенімдімін. Өскелең ұрпаққа берген біліміміз бен тәрбиеміз, келешекте еліміздің өркендеп өсуі мен дамуына ықпал жасаса деп тілейміз. Сөз соңында «Адамға жасаған жақсылық, арнап берген нармен тең»,– демекші қайырымдылық акциясына қатысқан әріптестеріме алғысымды білдіремін.
Анар ЖАКИЕНОВА,
Первомай негізгі мектебінің оқу ісінің меңгерушісі.
Зеренді ауданы.