Әуеден бақыланып, жерде пысықтала түсті

Өткен сенбі күні облыс әкімі Мәлік Мырзалин көктемгі су тасқыны қаупі бар өңірлерді тікұшақпен бақылап, бағамдап, қауіп-қатердің алдын алу шараларын пысықтады және  жауапты қызметтерге жұмысты ширатуды тапсырды.

Аймақ басшысымен бірге тікұшақ бортында болған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин және Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Вячеславка, Шағалалы жəне Бірсуат су қоймаларын мұқият қарап, Зеренді, Сандықтау, Атбасар, Целиноград аудандарындағы су тасқынының қаупі бар Сілеті, Есіл, Жабай, Нұра өзендерінің жағдайларын, су тораптарының тасқын суларды өткізуге дайындықтарын тексерді. Әсіресе,  Атбасар қаласының маңынан ағып өтетін Жабай өзенінің жағдайына көп көңіл бөлінді. Әуеден бақылаудың ең алғашқы нысаны Целиноград, Зеренді, Сандықтау және Атбасар аудандарындағы өзен және су қоймаларындағы су торабы болды.
Атбасар қаласы аумағынан ағып өтетін Жабай өзені бойындағы көпірдің маңында гидробекет орналасқан. Онда өзен суының ағысы тәулік бойы бақыланып отырады. Бүгінгі таңда Атбасар облыстағы су тасқынының қаупі жоғары аудан саналады. Сол себепті, негізгі күш осы ауданға жұмылдырылуда. Аудан орталығындағы су басу қаупі бар үйлер мен әлеуметтік нысандардың маңы құм толтырылған қаптармен қоршалып,  арықтар мен су жіберу нысандары тазалануда. Сондай-ақ, бөгеттерді нығайту жұмыстары қолға алынған. Облыс әкімі Мəлік Мырзалин су тасқынының алдын алу шараларына жүз пайыз дайын болу қажеттігін атап өтті.
– Біз бүгін облыстағы су тасқынының қаупі жоғары алты ауданындағы жағдайды əуеден бақылап шықтық. Жалпы, тасқын суға қарсы шаралар өткен жылдың көктем-жазынан басталды. Облыстың барлық аудандарында арнайы штабтар құрылып, жұмыс істеуде. Өздеріңіз көріп отырғандай, бүгінгі таңда Атбасар қаласында ұзындығы 9 шақырым, биіктігі 7,5 метр бөгет тұрғызылған, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Бұл жерде төтенше жағдай бойынша су тасқынының алдын алу шараларына жұмылдырылған апаттық-құтқару мен коммуналдық сала техникасының дайындығы да пысықталды. Журналистерге берген сұхбатында вице-министр елімізде көктемгі су тасқынының алдын алу шараларының барысы туралы айтып берді.
– Біз жоспар бойынша бүгін Ақмола облысы аумағын, кеше Солтүстік Қазақстан облысы аумағын əуеден бақыладық. Қар мол. Су тасқынының қатерлі мерзімі шамамен оныншы сәуірден бас-талады.  Қазгидрометтің мәліметі бойынша осы кезде күн күрт жылынбайды деп болжануда. Жалпы, республика бойынша алатын болсақ, барлық өңірлердегі бөлімшелер толық даярлыққа көшіп отыр. Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, суы бөгеліп қалатын өзендердің бойында мұздың кептелісін болдырмау үшін мұзды жару жұмыстары жүргізілуде.  Қазір негізгі күш Сырдария өзені бойындағы су тасқынының алдын алуға жұмылдырылуда. Судың ағысын Арал теңізіне дейін бақылауға алып отырмыз.  Ол жақта жағдай тұрақталған соң, құтқарушылар мен техникаларды Ақмола жəне Солтүстік Қазақстан облыстарына жіберетін боламыз, – деді Юрий Ильин.
Сонымен қатар, вице-министр ақмолалықтардың су тасқынының алдын алудағы дайындығы мен тәжірибесінің арқасында қауіптің ойдағыдай еңсерілетініне сенімді екенін атап өтті.
– Ақмола облысында дайындық жергілікті əкімдіктің жасаған жұмыс жоспары мен төтенше жағдайлардың алдын алу шараларына сəйкес жүргізілуде. Атбасарлықтардың тасқын суға қарсы тұруда тəжірибелері бар. Жалпы, биылғы қар суының деңгейі 2014 жылмен салыстырғанда аз болады деп болжануда. Сондықтан, адамдар зардап шегіп, материалдық шығын орын алмайды деп үміттенеміз, – деді вице-министр.
Облыс əкімі баспасөз қызметінің мəліметі
бойынша облыста төтенше жағдайдың алдын алу және зардаптарын жою үшін бюджеттен 900 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр. Қазіргі кезде 12 су арнасы тазартылып, ретке келтірілді. 32 шақырым бөгет жөнделіп, іргесі нығайтылды. Топырақтан қосымша 1,6 шақырым бөгет тұрғызылды жəне 13 су жіберу нысандары салынған. Оған қоса, 23,7 мың тонна инертті материал, 102 мыңнан астам қап, 268,3 тонна жанар-жағармай, 16,7 тонна азық-түлік əзірленген. Сонымен қатар, 2588 адам, 1220 бірлік арнайы техника жəне 66 жүзу құралы дайын тұр. Қазіргі кезде облыстағы елді мекендерде қар тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін барлығы 850 мың текше метр қар сыртқа шығарылған.
Дәл қазіргі кезде облыс аумағындағы өзендер мен су көздеріндегі мұздың көбесі сөгілген жоқ. Даладағы қар сол қалпында жатыр.

Аслан Оспанов.

 Атбасар ауданы.
Суреттерде: көктемгі су тасқыны қаупі бар өңірлерді тікұшақтан шолу көрінісі; ықтимал табиғат апатына қарсы тұратын техника шоғыры.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар