Ақмолалық оқушылар жеңіспен оралды

Ақтау қаласында өткен гуманитарлық бағыттағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға Ақмола облысынан 29 оқушы қатысса, олардың 9-ы топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Олимпиадаға облысымыздың Ақкөл, Аршалы, Астрахан, Бұланды, Бурабай, Целиноград, Жақсы аудандары мен Көкшетау, Степногорск қалаларының оқушылары қатысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен үкілеген үмітпен келген  жас өрендер  қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы, құқық негіздері, ағылшын тілі, неміс тілі, француз тілі пәндері бойынша білімдерін сарапқа салды.  Осынау білім бәйгесінде топ жарып, оза шапқан Аршалы ауданындағы И.Құтпанұлы атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы  Әлібек Арыс-танбеков  Қазақстан тарихы пәні бойынша үздік білім көрсеткішімен  жүлделі 1 орынды жеңіп алды. Осындай құрметке ие болған  Көкшетау қаласындағы №6 орта мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Дарьяның есімін де ерекше мақтанышпен атаймыз. Ол құқықтану негіздері пәнінен үздік білім көрсеткішімен өзгелерге үлгі бола білді.
Республикалық білім додасында жүлделі 2 орыннан көрінген Бұланды ауданындағы Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Саяна Ибрагимова мен Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған №1 облыстық мамандандырылған «Қазақ-түрік лицейі» мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы  Жұматай Темірлан да мектеп абыройын асқақтатты.
Саяна болса, мемлекеттік тілді жетік меңгергенін дәлелдеп, «Қазақ тілі және әдебиеті» пәнінен республикалық додада жүлдегерлер қатарына іліксе, Темірлан  ағылшын тілі пәнінен жоғары білім нәтижесімен қуантты. Жүлделі 3 орын алған оқушыларымыздың да есімдерін атап өтсек дейміз. Олар: Степногорск қаласындағы
№ 6 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Кәмила Әбдіразақова,  Астрахан ауданына қарасты Жалтыр орта мектебінің 10 сынып оқушысы Диана Егімбаева, Бұланды ауданы Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Арайлым Мәткенова, Степногорск қаласындағы дарынды балаларға арналған №4 «Болашақ» облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы Нәзира Шәкірбекова, Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған №1 облыстық мамандандырылған «Қазақ-түрік лицейі» мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы Диас Жақсыбаевтар.
Сонымен қатар, шет тілде оқытылатын пәндер бойынша қол жеткізген ерекше жетістіктері үшін, Көкшетау қаласы №5 «Таңдау» көпсалалы мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Эльвира Әлімжанова мен Жақсы ауданы №2 орта мектебінің 10 сынып оқушысы Әсел Көпеевалар арнайы грамоталармен марапатталды.  Облыс намысын республикалық олимпиада да абыроймен қорғаған озат оқушыларға алдағы уақытта да білім биігін бағындыра берсін демекпіз. Себебі, білімді ұрпақ облыстың ғана емес, ұлттың мақтанышы екендігі айқын.     Олимпиадаға қатысқан жүлдегерлер мен қатысушыларға сертификаттар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.  
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар