Өткен жылдың 24 қарашасындағы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес, Қазақстан аумағында биылғы жылдың 16 ақпаны мен 14 маусымы аралығында аң аулауға тиым салынды. Сондай-ақ, бір аңшыға құс немесе аңның бір түрін аулаудың тәуліктік нормасы белгіленген. Биылғы көктемде үйрек, құр, қара құр атуға болмайды. Жануарлар әлемін тиімді пайдаланып, оны сақтауды ұйымдастыру өте дұрыс қадам. Өткен жылғы қыркүйек айының соңында Биологиялық әртүрлілікті сақтаудың қазақстандық қауымдастығы мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Зоология инс-титутымен бірге Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің сауалына жауап беріп, тиісті биологиялық негіздеме дайындап, көктемгі аңшылықты шектеудің орындылығын жедел қарастырды.
Биологиялық әртүрлілікті сақтаудың қазақстандық қауымдастығы өз бастамасымен суда жүзетін құстарды көктемде аулауға тиым салу үшін биологиялық негіздеме жасап, 2014 жылы комитетке жіберген. Ол кезде іс тиым салуға дейін жеткізілмеді. Соңғы кезде суда жүзетін құстардың саны азайып кетті. Аңшылар тек қана аталық үйректерді аулауы тиіс еді. Аталық үйректерді айыру қиын емес. Қазақстанда көптеген аңшылар аң аулау шаруашылығы қорықшыларының тарапынан қатаң бақылаудың жетіспеушілігін пайдаланып, аталық құстарды таңдамай барлығын аулайды. Оның ішінде аулауға болмайтын қаздар мен аққулар да кездеседі. Мұндай жағдай барлық елдерде белең алған. Сондықтан, көктемгі аңшылыққа барлық Еуроодақ бойынша тиым салынған. Жабайы құсты көбею маусымына дейін аулау ақылға сыймайды. Көктемде ауланған бір құс күзде ауланған бес құсқа тең. Қыстың өтуін күтіп, ұя салу үшін алыстан отанына ұшып келген құсты өлтіру жақсылықтың нышаны емес. Біреулер дау тудыратын этикалық жағын шеткері қалдырып, нақты дәлелдер келтірейік. Елімізде бүгінгі таңда аққу, үйрек пен қаз сияқты ұшып келіп, ұя салатын құстардың саны 1990 жылдардың ортасымен салыстырғанда екі есе азайған.
Қыс айларында Қазақстан аумағын суда жүзетін құстар мекендемейді. Көптеген үйрек түрлерінің некелік жұптары қыстау кезінде пайда болады. Көктемде жұптың бірі атылса, құстың көбеюіне кері әсерін тигізеді. Біздің елде қыстайтын барылдауықтың жұптарын әрдайым көреміз. Көктемгі аңшылық кезінде құстардың аялдамасы мен ұя салу орындарында алаңдаушылық деңгейі жоғары болады. Сөйтіп, құстар өздерінің көбеюіне кедергі келтіретін орындарды тастап кетеді.
Аңшылық кезінде алдымен, ең белсенді жұптар жойылатындықтан, үйректер көбеймейді. Аңшылық шаруашылықтарында мамандар мен көліктің жетіспеушілігінен, қорықшылар қызметі тарапынан аң аулау ережесін сақтаудың тиімді бақылауын қамтамасыз ету мүмкін емес. Күзгі аң аулау кезінде құстардың түріне шектеу қойылмағандықтан, өткір мәселе туындамайды. Көктемде құс тұмауы вирусының аңшылық жерлерде таралу тәуекелділігі жоғары. Оңтүстік елдердегі бұл ауруды ұшып келген құстар әкелуі мүмкін. Бүгінгі таңда Еуропаның 37 елі, Украина мен Қазақстан Рес-
публикасы көктемде қаз аулаудан бас тартты. Бұған Ресей мен Беларусь елдері назар аудармай отыр. 2003 жылы Түркия мен Болгарияда суда жүзетін құстарға дәстүрлі аңшылық жабылды. Нидерланды мен Германияда барлық ақ маңдайлы қаздардың 80 пайызы қыстайды. Құстың бұл түрін аулауға тиым салынған. Бұл елдердің Үкіметі құс қыстайтын алаң иелеріне жыл сайын миллиондаған еуро төлейді. 2013 жылы Албанияда да көктемгі аңшылыққа мораторий енгізілді.
Қаздар қыстайтын өзге елдерде аңшылыққа тиым салынған. Мәселен, Бельгияда тек қана күздің бір айында қоңыр қаз аулауға рұқсат етіледі. Үйрекке келетін болсақ, Германия мен Нидерланды тәрізді аңшылықпен айналысатын елдерде барылдауық ауланады. Барылдауықтың 50 пайызы Дания мен Францияда қолдан көбейтіледі. Сондықтан, әлемнің көптеген елдері көтерген аңшылық жөніндегі мәселені біздің ел де қолдауы қажет.
Неғмет ҚАУАШЕВ,
облыстық аумақтық орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі
инспекциясы басшысының орынбасары.