«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Ғалым Бекмағамбетовтың жетекшілігімен өткен мәслихат депутаттары «Нұр Отан» фракциясының мәжілісінде тұрақты комиссиялар төрағаларының есептері тыңдалды.
Нұротандық депутаттар отырысы жағымды жаңалықтан басталды. «Кедергісіз келешек» қайырымдылық жобасына белсене қатысқан облыстық мәслихаттың депутаты Сағадат Әшебековке партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары «Алтын піл» сыйлығын табыс етті. Облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Сұлтанов «Нұр Отан» партиясының «Жоғары технологияларды дамыту» сайлауалды бағдарламасын орындау бағытындағы атқарылған жұмыстар жайында жан-жақты баяндап берді. Жоғары технологияны өндіріске енгізу экономиканың өркендеуіне елеулі ықпал ететін тетік екендігін қазіргі қарыштап дамыған әлемнің озық елдерінің тәжірибесі анық көрсетіп отыр. «Нұр Отан» партиясының сайлау-алды бағдарламасына бұл мәселенің арнайы енгізілуі оның еліміздің болашағы үшін қаншалықты маңызы бар екендігін көрсетсе керек. Осы орайда, партияның депутаттық фракциясы 11 адамнан тұратын комиссия құрып, ол осы бағытта жемісті жұмыс атқаруда. Өткен жылы комиссия 6 мәжіліс өткізсе, оның 2-еуі республикалық деңгейде селекторлық режимде өткен. Комиссияның алғашқы мәжілісінде білім саласында жоғары технологияларды енгізу мәселесі қаралып, нақты ұсыныстар қабылданған. Одан кейінгі мәжілістерде әлеуметтік салада энергия үнемдегіш құрылғыларды пайдалану жайы талқыланса, шалғай ауылдарға жоғары жылдамдықтағы интернет желісін орнату жайы да қаралған.
Облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек Баймағамбетов мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытындағы партиялық фракцияның атқарған жұмыстары жайында әңгімеледі. Бұл жұмыстармен алты адамнан тұратын комиссия айналысады. Оның құрамында депутаттардан бөлек, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен осы саладағы мекемелердің басшылары бар. Комиссия жұмыс жоспарын жасап, соған сай біраз шаруалардың басын қайырған. Өткен бір жылдың ішінде мемлекеттік органдар 3 миллиондай қызмет көрсетсе, оның 1,5 миллионы, яғни, жартысы электрондық нұсқада көрсетілген. Мемлекеттік қызметтің көрсеткіші ең алдымен халықтың оған деген көңілінің толуымен өлшенбек. Осы орайда, комиссия адамдардың мемлекеттік қызмет сапасына көңілі толуын қалыптастыру үшін не істеу керектігі жайында ұсыныс түріндегі шешім дайындап, ол орталық органдарға жіберілген.
Партияның «Индустриалдық даму» сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы жайында облыстық мәслихаттың депутаты Сергей Кистин айтып берді. Осы саланың жұмысымен айналысатын комиссия құрамына «Ақмола облыстық кәсіпкерлер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Кенжебеков, өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағы ұйымының жетекшісі Асқар Әміржанов, «Тыныс» АҚ-ның директоры Қуаныш Рыспаев сияқты осы саланың өкілдері кіреді. Комиссия көп жылдардан бері іске қосылмай келе жатқан «Көкше-Цемент» жобасының басшыларымен кездесіп, кәсіпорынды іске қосуға не кедергі болып отырғандығы жайында тиянақты әңгіме қозғаған. Мәжіліс соңында комиссиялардың атқарған жұмыстарына байланысты тиісті шешімдер қабылданды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.