Облыс орталығын көркейтіп, дамытуға баса көңіл бөлінетін болады

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Көкшетау қаласындағы бірқатар әлеуметтік-коммуналдық нысандардың жұмысымен танысты, сондай-ақ, қаланы абаттандыру мен көктемгі су тасқынының алдын алу бағытында қолға алынған шараларды пысықтап, алдағы міндеттерді белгіледі.

Облыс басшысы алдымен облыстық ауруханада болып, медициналық мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ, дәрігерлер ұжымымен кездесіп, аурухананың техникалық жабдықталуы және жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етілуі жайын сұрап білді. Бұл туралы аурухананың бас дәрігері Серік Аяғанов айтып берді. Бас дәрігердің сөзіне қарағанда, осыдан бірер жыл бұрын облыстық бюджеттен бөлінген 300 миллион теңгеге аурухананың  асхана, терапия және патанатомиялық бөлімшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аурухана жанынан ашылған  жүрек орталығында осы күні туа пайда болған, жүре пайда болған жүрек ақаулары мен жүректің ишемиялық аурулары, ми қан тамырлары тәрізді ағзаларға күрделі ота жасалынады.
– Осы кезге дейін облыстық ауруханада мыңнан астам науқасқа жүрекке қатысты күрделі операциялар жасалынды. Операциялар сәтті өтіп, қаншама адам дертінен айықты.  Қазір орталықта жыл сайын 250-дей операция жасалады. Шетелдің білікті кардиолог дәрігерлері келіп шеберлік сыныбын өткізіп тұрады, – деді бас дәрігер.
Сонымен қатар, бас дәрігер аурухананың УЗИ, ЭКГ, лапароскопиялық қондырғы, наркоз аппараты, офтальматолог қондырғыларымен 74,8 пайыз ғана жабдықталып отырғанын айтып өтті. Ал, кадрмен қамтамасыз етілуіне келетін болсақ, аурухана басшылығы жас мамандарды негізінен Астанадағы медициналық академиядан шақыратын көрінеді. Сонымен қатар, бас дәрігердің орынбасары Қарағанды медициналық университетінде өтіп жатқан бос орындар жәрмеңкесіне аттанған. Ол жақтан қажетті мамандар келеді деген үміт бар.
Одан әрі облыс әкімі «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорнының су тазалау нысаны мен «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорнының, санитарлық-эпидемиологиялық стансасының қазандығын аралап көрді. Осы күні Көкшетау қаласының сумен қамтамасыз ету және су ағызу жүйесін қалпына келтіру жобасы жүзеге асырылуда. Оның құны 8 миллиард 451,2 миллион теңгеге бағаланып отыр.
– Жобаны толық аяқтау үшін 1 миллиард 678 миллион теңге қаржы қажет. Осыған орай, Еуразиялық даму және қайта құру банкі арқылы қаржы институттарынан қаржы тарту көзделген. Қазіргі кезде Францияның «Seureca» компаниясы Көкшетаудағы су тазалау нысанын жаңғырту бойынша техникалық-экономикалық зерттеу жұмыстарын жүргізуде, – деді «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорнының басшысы Зейнұр Әлібеков.
Ал, санитарлық-эпидемиологиялық стансасына келетін болсақ, аталған нысанды биыл жабып, ғимараттарды «РК-2» қазандығына қосу көзделген. Бұдан кейін Мəлік Мырзалин Көкшетау қаласының 2030 жылдарға дейінгі детальдық жоспарлау жобасымен танысты. Оның ішінде Қопа көлінің жағасын қалпына келтіру жұмыстары қарастырылған. Қазіргі кезде көл жағасын бойлай орналасқан  ескі үйлер сырылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, бұл аумақтағы 31 үйді сыру жоспарланған. Ол үшін қала бюджетінен 384 миллион теңге қарастырылған. Ағымдағы жылдың ақпанында осы аумақтағы жер телімдері мен жылжымайтын мүлікті мемлекет қажеттілігіне алу туралы Көкшетау қаласы әкімінің қаулысы шыққан.
– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан Береговая көшесінің бойындағы жылжымайтын мүлкімен бірге жер телімдерін сатып алу туралы келісім шаралары жүргізілді, – деп түсіндірді қала әкімі Ермек Маржықпаев.
Облыс басшысы көл жағасы аумағын абаттандыру қажеттігін айта келе, бұл бағытта қолға алынған жобаны қолдайтынын білдірді.
Сонымен қатар, облыс әкімі Горький-Северный жəне Горький-Əуезов көшелерінің қиылысындағы көлік ағынын реттеу үшін жол айрығын салу жоспары, «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының алькогольді және минералды сусындар шығаратын цехы, ауыл шаруашылығы техникалары мен коммуналдық техникаларды құрастыратын  «Қазақстандық Агро Инновациялық корпорациясы» серіктестігі, «РК-2» жылу қазандығы, «Авиценна» емдеу-алдын алу медициналық мекемесінің жұмыстарымен танысты.  «РК-2» жылу қазандығының басшылығына биылғы жылу беру маусымын ойдағыдай өткізіп, алдағы маусымға дайындықты  осы бастан қолға алу қажеттігін ескертті.
Аймақ басшысы Капцевич жəне 8 Наурыз көшелерінің бойындағы су басқан үйлердегі су сору жұмыстарын бақылап көрді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Алексей Советовтың мəліметі бойынша су сорып жатқан техникалар тəулік бойы үзіліссіз жұмыс істеп, су басқан аумақтар судан тазартылды.
– Облыс бойынша су басу қаупі бар елді мекендерді бақылауда ұстап, тұрғындарға қауіптің алдын алу жөніндегі сақтық шараларын түсіндіру қажет, – деді Мәлік Мырзалин.
Сонымен қатар, облыс әкімі тиісті қызметтерге облыс жəне қала бойынша су тасқынының қаупі жоғары аумақтарды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Аслан Оспанов.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар