Жұмылды Наурызды тойлауға…

Сырлы Сілеті өңірі ел қатарлы түтін түтетуде.  Аймақта тұрғын-дарға тұрақты жұмыс орнын ұсынатын ірі серіктестік, өндіріс ошағы болмаса да, негізінен мал шаруашылығына бейімделген жұрт мал сүмесімен күн көруде.

 

Ынтымақ-бірлігі жарасқан сілетіліктердің қонақжай пейілі мен ұйымшылдығына ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамында тағы бір рет көз жеткіздік.
Таң сыз бере жергілікті мәдениет үйінде қарбалас қам-қарекет басталды. Кең залға айнала биік үстел құрылған. Қыз-келіншектер мерекелік көңіл-күймен тағам мәзірін қамдауда. Ал, жігіттер болса сахнада дайындық жүргізіп жатыр.  Міне, межелі уақытта ауыл тұрғындары Наурыз тойын тойлауға жинала бастады. Әуелі мал-жанның амандығын сұрасқан, төс түйістірген ақсақалдар мен әжелер, аға-жеңгелеріміз ізгілік ізетпен дастарханға, іні-қарындастарымыз көрермендер орындығына жайғасты.
Ауыл қариясы ақ батасын берді. Ауылдық округ әкімі Жылқыбай Амангелдинов, Сілеті орта мектебінің директоры Дана Иманбалинова, облыстық наркологиялық емхана дәрігерлері кәсіподағының төрағасы Ілияс Әділов барша тұрғындарға құттықтау лебізін, мерекелік тілегін арнады.
Халықты бірден елең еткізген сәт, Наурыз көже байқауы болды. Төрешілер киелі тағамнан дәм татып, бағаларын берді. Көпшіліктің қошемет-құптауымен, басым дауыспен наркологиялық емхананың өкілі Ләззат Қапаева бірінші, округ әкімдігінің қызметкері Гүлжахан Сағынова екінші, жеке кәсіпкер Рина Дәлелхан үшінші орынға ие болды.  Ресми сәттен кейін іле-шала мерекелік сахна толығымен жергілікті әртістердің меншігіне ауысты. Барша қауымның назарын өзіне аударған «Наурыз көктем» биімен ортаға шыққан Зәуреш Әбенованың жетекшілігіндегі «Балдәурен» би тобы, Хонай Гүлшаран жетекшілік ететін әжелер вокалды тобы, Хуаныш Ақжарқын, Хұмар Әзиза, Айтуған мен Майра Шапайдың дуэті және басқа да өнерпаздар ел іші – шынайы өнер кеніші екендігін өз бойларындағы өнерлерімен ұқтырды.
Спорт әдіскері Гүлжан Сағынованың бастамасымен ауыл мектебінде волейболшылар, теннисшілер жарысы өткізілді. Той барысында ұлттық ойындар ойналып, көпшілік көңілін бір серпілтіп тастады. Ежелгі Ерейменнің баурайындағы ел тойы өзіндік мазмұн-мәнімен, салтанат-сәнімен жалпақ жұрттың ұзақ уақыт жадында қаларлық жарасымды мереке болып өтті.

Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДИН.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар