Зейнетақы жүйесі: ол туралы не білеміз?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облыстық филиалында   халыққа зейнетақы жүйесі туралы жан-жақты мағлұмат беру мақсатында Ашық есік күні болып өтті.

 

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры –  мемлекетімізде  жүргізіліп жатқан зейнетақы жүйесін жаңғыртудың бір бөлігі.  Сол себепті,  халықтың зейнетақы  мәселесін кеңірек білулері үшін  осындай Ашық есік күні өткізілді. Отырысты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облыстық филиалының басшысы Аяш Кеншінбаева ашып,  зейнетақы мөлшері неге байланысты екендігі, зейнет жасына дейін қалай лайықты қаржы жинау керектігі туралы нақтырақ  айтып өтті. Бұдан әрі  салымшылармен жұмыс жүргізу бөлімінің қызметкері  Динара Жаниева  жұртшылыққа еліміз бойынша зейнетақы жүйесі қазіргі таңда үш деңгейлі жүйемен жұмыс істеп жатқандығын тілге тиек етіп,  деңгейлер жөнінде таратып айтып берді.  Бірінші деңгей – зейнетақы төлемдерінің көзі халықтың төлеген салықтарынан және өзге де түсімдерден қалыптасатын мемлекеттік бюджет болып табылады.  Ол екі бөліктен қалыптасады. Біріншісі – мемлекеттік базалық зейнетақы. Зейнет демалысына шыққан барлық азаматтарға төленеді. Ал,  екінші  еңбек өтіліне қатысты зейнетақы 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі бар азаматтарға ғана қатысты. Базалық зейнетақы көлемі жыл санап көбейіп келеді. Мәселен,  2017 жылы оның көлемі 12 802 теңгені құрады. Ал, екінші деңгей – міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі. Бұл деңгей «Қанша жинасаң – сонша аласың» принципі бойынша жұмыс істейді.  Үшінші деңгей – ерікті зейнетақы жарналарына негізделген жинақтаушы жүйе. Жарна көлемі, оны шотқа аудару, алушыға төлеу тәртіптері салымшы мен алушы және Бірыңғай жинақтаушы қоры тараптары арасындағы өзара келісім бойынша реттеледі.
Жинақтаушы зейнетақы  қорына  түсетін зейнетақы жарналары бос жатпайды, олар түрлі қаржылық жүйелерді инвестициялайды.  Осы инвестициялаудан  түскен табыс   инвестициялық табыс деп аталады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры  есептейтін инвестициялық табыс нақты белгіленген сома емес, ол есептелген пайыздық табыстарға, бағалы қағаздар құнының нарықтық өзгерісіне және шетелдік валюталар курсының ауытқуына тәуелді. Зейнетақы жинақтарына ешкім қол сұға алмайды және олардың уақытымен  төленуі міндетті. Үстіміздегі жылдың 1 наурызына дейін зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 209  миллиард теңгені құрап отыр.
Әр адам  жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары  жайлы толық  ақпаратты  www.enpf.kz  сайтынан білуге болады. Шара барысында мамандар  Ашық есік күніне  келушілерге   осы сайттағы  орналасқан зейнетақы калькуляторымен жұмыс істеу қағидаларын түсіндірді. Бұл калькулятор  зейнетке шығатын  адамдардың еңбек өтіліне, алған жалақысына қарай  зейнет жасына шыққанда қанша ақша алатындығын анықтап береді.  Айта кетерлігі, енді адамдар өздері болашақ зейнетақысы қанша соманы құрайтындығына осындай бағдарламалар арқылы болжам жасай алады.  Келер жылдың 1 қаңтарынан  бастап базалық зейнетақы, мүгедектік пен  асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы 16 пайызға  артады. Ал, 2018 жылғы
1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесі базалық зейнетақы азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалатын болады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар