Жастардың жедел жасақтары

Облыс орталығының жоғары оқу орындары мен колледждерінде білім алып жүрген студенттер мен оқушылардан құралған жедел жасақ мүшелеріне салтанатты жағдайда  куәліктер тапсырылды.

  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастар Мемлекет басшысының саясатын жүзеге асыратын негізгі қозғаушы күш екендігін әрқашан айтып келеді. Өткен жылдың бірінші қаңтарынан бастап облыста Көкшетау қаласы ішкі істер басқармасы жанынан жергілікті полиция құрылған еді. Бұл жаңа жобаның мақсаты – жергілікті және атқарушы органдармен бірлескен іс-қимыл негізінде қала аумағындағы қоғамдық тәртіпті сақтауды жақсарту. Жергілікті полицияның тағы бір міндеті – жастармен жұмыс. Қазіргі қоғамдық-саяси жағдайда әсіресе, жастарға ерекше көңіл бөлген жөн.
Жоғарыда атап өткеніміздей, жедел ерікті жасақтар негізінен жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері мен оқушыларынан құралып, қоғамдық тәртіпті нығайтуға атсалысады, болашақта осы салада қызмет етуге кәсіби дайындалады. Бұл бағыттағы жұмыстар өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен қала жастарының арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі. Жасақ сарбаздары өздерінің қатарластарымен құқық бұзудың салдары, адал өмір сүрудің мән-маңызы жайында әңгімелесулер өткізіп, түрлі рейдтерге, тергеулер мен басқа да жұмыс барысында кездесетін шаруаларға қатыстырылады.  
Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Мұсаев осы орайда атқарылып жатқан жұмыс барысы туралы баяндап берді.
– Өткен жылы осындай 10 оперативтік жасақ құрылып, онда 138 ерікті жұмыс істеді. Олардың қатысуымен 345 құқық бұзушылық анықталды. Ал, биыл 13 жасақ құрылып отыр, олардан да күтер үмітіміз мол, – дей келе полиция полковнигі бір топ жастарға жасақ сарбаздары куәліктерін тапсырды.
Салтанатты шарадан соң, қалалық ішкі істер басқармасының ювеналды полиция бөлімінің басшысы Әділбек Саликов жасақ құрамына қабылданған жауынгерлерді құттықтап, оларға куәліктерін пайдаланудың маңызын түсіндіріп, белгілі бір тұрғыдан ескертулер жасады.
– Бүгінде қала бойынша қылмыс өршіп бара жатыр. Өткен жылы үш айда жастар мен жасөспірімдер 4 қылмыс жасаса, биыл  бұл көрсеткіш 10-ға жетті. Қазір көктем мезгілі. Балалардың жоғалуы, үйлерінен қашып кетуі сияқты оқиғалар орын ала бастайды. Осы кезде бізге сіздердің көмектеріңіз көп тиеді,–деді ол. Сонымен қатар, оның айтуынша, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында оқып жүрген студент, не оқушы алдағы уақытта кем дегенде екі әкімшілік құқық бұзушылық жасайтын болса, ол ішкі істер органдары қызметкерлерінің ұсынысымен оқу орнынан шығарылады. Бөлім бастығы Әділбек Саликов оқу орындарының басшыларына, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына және топ кураторларына егер студенттері түнгі уақытта бейсауат жүретін болса жауапкершілікке тартылып, 10 АЕК айыппұл төлейтіндіктерін ескертті.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар