Бір ұршықтың тарихы

Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
                              Сырбай  Мәуленов.

  Ел басына күн туған сол бір кезең көкірегінде намысы бар әр азамат үшін үлкен сын еді. Сұм соғыста аталарымыз батылдық пен батырлықтың  жарқын үлгісін көрсетті. Жас та, кәрі де қолына қару алып, Отан қорғауға қатысты. Бір шаңырақтан әке де, ұл да сап түзеп, майданға қатар аттанды. Зұлмат соғыс басталған 1941 жылы Ақмоланың іргесіндегі Талдыкөл ауылынан ағайынды Жұматай, Туғанбек Боранбаевтар да  әскер қатарына шақырылды. Жанарындағы ақауына байланысты соғысқа алынбай қалған Туғанбек атамыз тылда еңбек етті.
Жұматай атамыз майданға аттанғанда артында Жамал есімді жары және үйелмелі-сүйелмелі екі ер баласы қалыпты. Тұрмыстың қиындығынан артында қалған балалары бірінен соң бірі шетінеген деседі. Атамыздың өзі ағаштан түйін түйген шебер болыпты. Жасаған  жиһаз-жасауларын ағайын-туысқа сыйға тартады екен.  Өкінішке орай, ол заттар сақталмапты. Жары Жамалға жіп иіретін ұршықты да арнайы жасап берген көрінеді. Ұршықтың басы асқан шеберлікпен жасалғаны көзге көрініп тұр. Қос ботасынан айырылған  Жамал әжейдің бар үміті – соғысқа кеткен жолдасы Жұматайдың аман-есен келуі еді.
Соғыс та аяқталды, бірақ, жарынан еш хабар болмады. Жұматай атамыз хабарсыз кеткендердің тізімінде қала берді. Күте-күте әбден күдерін үзген  Жамал әжейді Қорғалжындағы бауыры Көмек қолына көшіріп алады. Кетерінде абысыны Сәмилаға қайын ағаң Жұматайдан саған естелік болсын деп ұршығын сыйға тартыпты. Жұматай атамыздың артында не ұрпағы, не қай жерде қаза болғаны жайлы еш дерек жоқ. Бір шаңырақ осылай опырылып түсіп, бір ошақтың оты өшіп қалды. Тек сол кісінің өз қолымен жасаған ұршық қана әлі күнге дейін Туғанбек бауырының немерелерінің қолында естелік ретінде сақтаулы. Бір шаңырақтың көзіндей болған жалғыз ұршықтың қысқаша тарихы осындай. Артында өз ұрпағы қалмаған Жұматай атамыз сияқты талай жандар сол қанды соғыстан оралмаған шығар. Соғыстың аяқталғанына 72 жылға таяса да, әлі де мұңды, жүректі сыздатар мұндай жаралар қаншама!..
Кенжегүл МӘНДІБЕКОВА,
әулеттің  келіні.  
Мәншүк ауылы.  
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар