Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева осы саланың бүгінгі жәй-күйі туралы әңгімелеп берді.
– Өткен жыл Қазақстан үшін ерекше жыл болды десек артық айтқандық емес. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, біздің облыста көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылды,– деп бас-тады сөзін ол.
– Соңғы үш жылда саланы қаржыландыру 40,3 пайызға өсті. Осы жылдар аралығында 810 миллион 155 мың 800 теңгеге 52 мәдениет нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап өту керек, мәдениет саласын дамыту үшін бизнес құрылымдарының әріптестік көмегі 2015 жылмен салыстырғанда 28 миллионға көбейді. Жекеменшік кәсіпорындардың қаржылай көмегінің арқасында ауылдағы мәдениет ошақтары қалпына келтірілуде. Мәселен, Целиноград ауданындағы «Родина» АҚ 2 миллион 400 мың теңге қаражат бөліп, Родина ауылындағы мәдениет ошағына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы аудандағы Марат Қамзебаев басқаратын «Астық» ЖШС Воздвиженка селосындағы мәдениет үйіне 17 миллион 50 мың теңге көлемінде қаражат бөлген. Есіл ауданында да шаруашылық басшысы Уәлихан Әріповтың қолдауымен соңғы бес жылдың ішінде селолық мәдениет үйінің қажеттілігіне, жалпы, 57 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп, мәдениет ошағының материалдық-техникалық базасы нығая түскен. Есілдегі «Алтын дән» ЖШС Ковыльное селосындағы ауылдық клубқа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін, 17 миллион 20 мың теңге көлемінде қаражат бөліп, мекемені мемлекет балансына қайтарып берген. Ал, Сандықтау ауданындағы «Жабай» ЖШС Петров селолық клубына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 30 миллион теңге қаражат қарастырған. Қазіргі таңда облысымызда 701 мәдениет ұйымы, соның ішінде 292 клуб, 11 музей, 2 облыстық театр, филармония, 4 кинотеатр, 389 кітапхана бар. Аталмыш мәдени ошақтарында 3 мыңнан аса мәдениет қызметкерлері еңбек етеді. Өткен жылы 26 инновациялық жоба жүзеге асса, жалпы, облыс бойынша 35 817 іс-шара өткізілді. Үстіміздегі жылдың басты міндеттерінің бірі Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысу. Осыған байланысты арнайы жоспар құрылып, ыждаһатты дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Брифингте сөз сөйлеген Сәуле Бөкейханқызы өңірдегі мәдениет мекемелерінің жұмыстарына жеке-жеке тоқталып, әрбірінің жыл бойы атқарған іс-шараларын, жалпы сала бойынша қордаланып қалған өзекті мәселелерді, жетістіктерді жіктеп айтып берді.
Отырыс соңында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық мәселелері тағы бір пысықталып, өнерді дамыту, өнерпаздарды қолдау, мәдениет саласындағы нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту әңгіме өзегіне айналып, басым бағыттар сараланды.
Брифинг барысында журналистер сұрақтар қойып, оларға басшы тарапынан тұшымды жауаптар берілді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.