Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Орынбай мен Ақан серінің айтысы - АРҚА АЖАРЫ

Орынбай мен Ақан серінің айтысы

Бәйшешектің басы толған уақыт. Сырлы тау Сырымбеттің тау етегіндегі ат тұяғы тимеген, қақалып өскен қалың шалғын, көк майса түкті кілемдей жайқалып тұр. Құмдыкөл жақтан жанға жайлы салқын самал жел еседі. Жел желпіп өткен сайын ауада мың сан шөптің, жүз сан гүлдің танауыңды жарар алуан исі бұрқырап, жұмақтың хош иісіндей әдемі леп көкірегіңді толтырып жібереді.

Тау бөктерінен тай жүгіртім жерде қолдың саласындай ұйыса біткен ақ қайыңдардың ығына тігілген, ат шаптырым алаңқайда жалғыз өзі менмұндалап тұратын он екі қанат ақ орда Қарауылдың игі жақсысымен лық толған. Ажарлы әңгімені, әсерлі әнді, өнегесі өміршең өнерді жат көрмейтін, заманында тумысынан талантты адамдарды бағалай білген атақты Шыңғыс төренің құт қонған шаңырағы бұл.
Таяуда Алтай Қарпықты ай аралатып, қона жатып аралап қайтқан Орынбай ақын қияндағы жұрттың қалың ішін аралағанда көрген небір қызықтарын майын тамызып әңгімелеп отыр еді. Көбен би бастаған игі жақсылар ақынның уәлі аузынан шыққан тұшымды әңгімеге тегіс құлақ түрген. Кенет сырттан дабырласқан дауыс естілді.
– Ақан келді, Ақан сері келді, – деген қуанышты леп төңіректі түгел кернеп кеткендей.
– Әп, бәрекелді, – десті отырған жұрт.
Орта жүздің ішінде алдына ақын салмаған Орынбай мен жас пері Ақан серінің ел алдында сөз қағыстыратын сәтін тағаты қалмай күтіп жүрген талайлардың айы оңынан туғандай.
– Болды қызық, – десті біреулер.
– Ореке, – деді Мақы төре, – сөз өнері сүйегіңе біткен сұңғыламыз едің ғой. Жас дүлдүл Ақанның даңқы аспандап келеді. Бір сынап көрсең қайтеді?
– Әншейінде аттыға жол, ауыздыға сөз бермейтін Орекең жас баладан жасқанбайтын шығар,– деп ақсия күлді Жақып төре.
Сырттағы өрікпіген көп дауыс ақ ордаға таяғанда сәл саябыр тапқан. Сәлден соң мауыты шекпен жамылған, қияқ мұртты, қара торы, көркем жүзді Ақан сері кіріп келді.
– Төрге шық, сері, – деді Тоқсанбай би, – Орынбай ағаңның сол тізесін баса отыр.
Әуелі қымыз жеткізілді. Бетінде тобықтай майы жүзген сары қымызды сері асықпай, әдеппен толғай жұтқан. Ежелгі өзінің сырбаз қалпымен. Тостағаннан сынық елі ғана түсіріп. Дәл осы сәтте Орынбай ақын қызыл түлкіні ілетін қыран бүркітше оң иығын қомдап, малдас құрып отырған орнында байыз таппай қозғала беріп еді.  Ақан ағасының шабыт шақырған, делебесі қозған емеурінін жазбай түсінді. Түсінді де сөзді өзі бастап жіберді:
Ассалаумағалейкум, Орекем-ай,
Бір өзі мың кісілік берекем-ай.
Кешегі Тәні, Шыңғыс заманында,
Сауық-сайран құратын мерекем-ай.

Шақырып бізді билер келсін дейді,
Той-думан, тамашаны көрсін дейді.
Көп жүріп, көпті көрген ақын еді,
Баяғы жүрісімен желсін дейді.
Орынбай ақынның көзі Ақан серінің үстіне желбегей жамылған мауыты шапанына түскен. Кең пішілген, етек-жеңі мол шапан екен. Қай жерден қапысын табамын деп отырған қарт ақын жөпелдемеде сөз сабақтаған:
Үстіңдегі шапаның салбыраған,
Әкеңнің киіміндей қолбыраған.
Әр заманның киімі басқа-басқа,
Бұл киім жараспайды інім саған.
Бұл сөзге Ақан тосылған жоқ. Ағасының айтқан сынына табан аузында жауап берді:
Ақан да сөз табады ағасына,
Зер салар ағасының бағасына.
Баяғы ата-бабаң киім киген,
Мирас боп қалмай ма екен баласына.
Енді Орынбай тосылып қалды. Ел ішінде аты жаңа ғана шығып келе жатқан Ақаннан мұндай алымды, алғыр сөз күтпеген.
«Аяқ алысы жаман емес екен» деп ойлады Орынбай ақын. Өзінің алғашқы тосылуы. Енді қамшы тиген тұлпардай ширығып, тұла бойы шабыт отынан шамырқана ширығып кеткен ақын домбырасын қағып-қағып жіберіп, ыңғайлана бергенде «ас әкеле жатыр» деген сөз киіп кетті. Ас үстінде айтыс-тартысқа орын жоқ. Әрі төренің шаңырағында. Әлеңкедей жаланған жас жігіттер жез шылапшын әкеліп, қол жуылды. Екі кісі екі жағынан ұстап әзер көтеретін астау-астау ас тартылды. Жеңді білектей қос қазы, туырылып жатқан жал-жая. Ас бейбіт, үнсіз ішілді. Астан соң дәм қайырылып, жиналған көп мамыражай кейіпке енген. Осы сәтте манағы кеткен есесін қайтаруды ойлаған Орынбай Ақанды тағы бір іліп түсті:
Дәретсіз неге керек қолды жуып,
Жасыңнан зерек едің дінге жуық.
Ақанжан, мен өзіңнен бір сұрайын,
Бас сәждеге тиді ме, өзің туып.
Сол сәтте Ақан былай деп жауап берді:
Хақтығын дін Исламның білген шығар,
Хақтықта көңіл жібіп, иген шығар.
Ореке, сіз сұрадың, мен айтайын,
Иншалла бас сәждеге тиген шығар.
Ақанның сөзіне қанағаттанбаған Орынбай ақын уәжін өрістете түсті:
Бұған дейін мен оны білгенім жоқ,
Ол жағына көңілді бөлгенім жоқ.
Бас сәждеге тиді деп сен айтасың,
Мен оны өз көзіммен көргенім жоқ.
Діни оқуы мол Ақан бұл тақырыпқа келгенде суда жүзген балықтай еркін еді:
Жақсылар жалған сөзді дұрыс демес,
Өз ағаммен айтысып қылман егес.
Бір Алла іш пен тысты өзі білер,
Пенденің көрмектігі дәркер емес.
Бұл кез Орынбай ақынның баласы Омар үйленген уақыт екен. Арнайы намахрам тігіліпті. Жастарды бір көріп қайтпаққа бекінген Орынбай ақын намахрамның ішіне бір кіріп шыққан. Қарт ақынның бұл қадамын серінің өткір көзі шалып қалды:
Ореке, сіз бір қайық, біз бір кеме,
Жөні келген бұл сөзді айттың деме.
Дін күтіп, ишан барған адам едің,
Намахрамның ішіне бардың неге?
Орынбай да қарап қалған жоқ. Қарымта сөзін қайырды:
Ақанжан, күш аттыда, сөз малдыда,
Мұндай қасиет болмайды жоқ-жарлыда.
Парыз, уәжіп, сүннетті тәмам қылып,
Жалғыз-ақ намахрам деген сөз қалды ма?!.
Ақылмен іс жасапты Адам ата,
Бір Алладан басқада көп қой қата,
Бір ғалым намахрамды рас деді,
Берейін деп балаларға тілек-бата.
Сол сәтте Ақан сері жұлып алғандай ағасына былай деп жауап қатты:
Ей, Ореке, әдеттен сіз таптыңыз ба,
Үлкен боп ар-ұяттан қалдыңыз ба.
Төрдегі өз орныңда шақырғанда,
Келмей ме екен балалар алдыңызға.
Сол сәтте Орынбай жұлып алғандай былай дейді:
Өлеңнен қалған емес отағасың,
Береді жастарға әлі сыбағасын.
Жас бүркіт шыр айналып ұша берсе,
Кигізіп қоярмыз біз томағасын.
Киіз үйдің ішінде қос ақынның сөз сайысына разы болып отырған қалың топ Орекеңнің тауып айтқан сөзіне ду ете түседі. Әсіресе, оларға жас бүркіттің томағасын кигізіп қоямыз деген сөзі ұнаған.  Ақан сері де қарап қалмады. Ағасының уәжіне орай былай деді:
Қалмапты өлеңнен рас отағасың,
Жастарға беріп жатыр сыбағасын.
Кәрі бүркіт қона алмай жерге қайта,
Біз дағы сыпырмаспыз томағасын.
Талай жыр додасын көрген, өңшең өрен жүйрікпен сөз қағыстырған шын тұлпар Орынбай өкшесін басып келе жатқан жас талап Ақан серінің қабілет-қарымына қатты тәнті:
Ақанжан ақын болған жан екен ғой,
Салмақтап сөз көтерер нар екен ғой.
Жауабың, айтқан сөзің бәрі дұрыс,
Ат тұяғын басар тай бар екен ғой, – депті.
Сол сәтте Ақан да өнерін бағалай білген сөз зергеріне інілік ілтипат-лебізін білдірсе керек:
Сіздерге біздей іні жар болармыз,
Қалайша кемеңгермен пар болармыз.
Басың бұлбұл, аяғың дүлдүлім-ай,
Сізге де әлі-ақ бір күні зар болармыз.
Орынбай ақын ендігі арада інісімен айтысуды артық көреді. Көкірегінен көркем сөз өлең болып өріліп, құйылып тұрған інісіне былай деп бата берсе керек.
Ертеден елге мәлім Орынбаймын,
Кең сабаның сарқылмас қорындаймын.
Алдыңнан жарылқасын Ақанжаным,
Жас тұлпар шабысыңды мойындаймын.

Жинаған журналист
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар