Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде дәстүрлі «Үздік тәлімгер – 2017» байқауы болып өтті. Аталмыш шара университеттің 20 жылдығына арналды.
Салтанатты шараны ордалы оқу орнының проректоры Аманай Сейітқасымов құттықтау сөзбен ашып, қатысушыларға ақ тілегін жеткізді.
Бақыт Әубәкірова филология және педагогика, Рүстем Шәріпов тарих, заң, өнер және спорт, Рина Баярболат жаратылыстану ғылымдары, Аққу Көбегенова техника және технология факультеттерінен сынға түссе, Еркебұлан Өтегенов С.Сәдуақасов атындағы агротехникалық институтының абыройын қорғады. Олар 4 аталым бо-
йынша білімдерін сарапқа салды. Атап айтсақ, тәлімгер портфолиосы, таныстыру, сұрақ-жауап, үй тапсырмасы сияқты біріне-бірі ұқсамайтын кезеңдерде әрбір қатысушы өз өнерлері мен білімдерін ортаға салып, көрермендерін тәнті ете білді. Солардың арасында көрермені мен қазылар алқасының ерекше ықыласына бөленген Еркебұлан Өтегенов жөнінде сөз бөлек. Ол сахнада өзін еркін ұстай біліп, актерлік шеберлігімен, табан астында сөз тауып айтар, кез-келген жағдаятта шешім қабылдай алатын тапқырлығымен, заманауи ойлайтын жаңашылдығымен, зерделі біліктілігімен өзгелерді разы етті. Жалпы, бұл байқауға қатысқан әрбір тәлімгердің бойынан ізденімпаздылық пен ыждаһаттылықты, біліктілік пен кәсіби шеберлікті байқадық.
Университеттің ардагерлер кеңесінің төрайымы Тыныштық Ахметова бастаған қазылар алқасының шешімімен агротехникалық институттың аға оқытушысы Еркебұлан Өтегенов «Үздік тәлімгер – 2017» байқауында жүлделі І орынды иеленсе, 2 орыннан бейнелеу өнері кафедрасының оқытушысы Рүстем Шәріпов көрінді. Ал, жүлделі 3 орынмен химия және биотехнология кафедрасының аға оқытушысы Рина Баярболат марапатталды. Қатысушылардың барлығына бағалы сыйлықтар мен кәсіподақ ұйымының атынан «Тұлпар» сауықтыру лагеріне жолдама табыс етілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.