2013 жылдың 12 сәуірінде тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтің Астанадағы «Үш аю» деген мекеніне досымыз, отставкадағы полковник Болатқожа Жұмабековке серік болып, ақын-жазушы Төлеген Қажыбай, кәсіпкер Бағдат Мәлгаждаров және осы жолдардың авторы барып қайтқан едік. Мақсат – Ғарышкер күнімен атақты батырымызды құттықтап, дәм татыру. «Күн ортақ, ай ортақ, жақсы ортақ» демей ме халқымыз. Осы жолы ғарышкердің жанында үш сағаттай болып, ұлдары Тимур, Миша, жары Татьяна Михайловна, қазақ келіні Офелиямен жүздесіп, батырдың әңгімесін тыңдап, басқа да талай жақсы мен жайсаңды көріп қайттық.
Көкшеге келгесін сапарымызды қорытып, қаһарман ағамыздың өмірінен көрген-білгенімізді ортаға салдық. Көп естігеннен бір көрген артық. Біздің жаққа ол кісі келіп жүргенде, генерал формасындағы келісті жаратылысына сүйсініп қала беруші едік.
Енді міне, 2016 жылғы 27 шілдеде батыр 70 жасқа толады деп тағы да Есілдің жағасындағы мекеніне Болатқожа Рамазанұлының ықтиярымен екінші рет келіп кірдік. Жанымыздағы ініміз Сәкен Біржанов күй тартып, Айнаш қарындасымыз жолдасымен ән айтпақшы. Біздің шаруа – суретке басып, тағы да алған әсерімізді қағаз бетіне түсіру.
Даңқты ғарышкеріміздің мекен-жайы лайықты безендірілген, әдемі қайың-қарағайлардың арасына құрылған салтанатты ақ шатырлар ғарышкердің үш әсем ғимаратының алдында жарасымды орналасқан, аллеялар көбейіп, жаңа жолдар тартылған, қосалқы жайлар да ұқыптылығымен көз тартады. Тәртіппен тізілген алуан түрлі көліктер, әсіресе, батырдың төрт белтемірлі, батпағың мен қарыңды жарып өтетін, арнайы құрастырылған, үсті үй, супер Камазы өте әсерлі. Үскірігің бұған түк емес, ішінде ыстық моншасы, демалыс жайы бар. Моторлы шаналарды алып жүреді. Батыр аға малшы қауымның қорғаны. Үйірлі қасқырларға зауал келтіретін әлгіндей қуатты көліктері, мүлт жібермес қос жанары мен сертті қарулары қандай. Клуб асханасында тістері ырсиған, бастары кішігірім қазандай, талай көкжалдың тұлып терілері ілінген. Іргеде ерке Есіл ағып жатыр, жағасында өсіп тұрған жас қарағай-қайыңдар, әдемі көгалдар үйлесімділігімен көз қуантады. Бұған қосарымыз – ағамыз Қазақстанның №1 әуесқой ұшқышы, жеңіл моторлы ұшағы бар. Қазмойын арғымақтары бар деседі, оларды өз басым көре алмадым…
Тоқтар ағамызды мерейтойымен құттықтап келіп жатқан қонақтарда есеп жоқ. Мәскеуден келген ғарышкерлер: генерал А.В.Крикалев, Тоқтармен ғарышқа бірге ұшқан кеме командирі Александр Волков, Австрия азаматы Франц Фибек, Александр Викторенко, ірі конструктор Микоянның немере інісі, өзі де конструктор Ованес Артемьевич Микоян, жасы 90-нан асқан Кеңес Одағының Батыры, сынақшы-ұшқыш Георгий Константинович Мосолов, тағы басқа атағы зор сынақшы-ұшқыштар. Ауған соғысының батырлары да келіпті. Өзіміздің бір топ ардагер генералдар үстел басына жайғасты. Кеңес Одағының Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова апамызды Тоқтар аға мен Татьяна жеңгеміз қолтықтап кіргізді. Отырған қазағы, орысы түрегеліп, апамызға қол соғып үлкен қошемет көрсетті. Даңқты жерлесіміз архитектор Шот-Аман Уәлиханов жанұясымен, ақын апамыз Марфуға Айтқожина, сазгер аға Ескендір Хасанғалиев жеңгеймен, көзге ыстық Серік Тұрғынбеков, әдебиетші ғалым Тұрсын Жұртбай, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының» президенті Асқар Мамин бастаған топ, ғазиз аға Балташ Тұрсынбаев, ақын әрі академик Бақытжан Тобаяқов, талантты хирург, жерлесіміз Серік Тоқпанов және тағы басқа әдебиет пен өнер саңлақтары, авиация ардагерлері осы жерде. Ресейдің Кемеров облысының губернаторы Аман Төлеевтің өкілі де осында.
Міне, екінші даңқты ғарышкеріміз, қос мемлекеттің батыры Талғат Мұсабаев та көрінді. Ағасы Тоқтарға деген зор құрметі көрініп тұр. Екі ғарышкеріміздің құшақтары айқасқанда дас-тархан басындағылар қошеметтеп тұрып кетті.
Тоқтар ағамыздың жары Татьяна Михайловна авиация инженері, үлкен математик екен, құстай ұшып, келген меймандарды ағамызбен бірге қарсы алып жүр, бәріне пейіл көрсетіп бәйек болуда, қазақша да сөйлеп қояды. Тоқтар аға әдеби ана тілімізде майын тамыза сөйлейді, оның дәлелі – ақын-жазушылармен достығы, оларды бауырына тартуы, жасы үлкен ақсақал, әжелерімен байсалды әңгіме өрбітуі. Авиация терминдерін де жеп-жеңіл қазақшалайды.
Меймандардың алдында түрлі-түсті иллюминациямен әшекейленген сахна құрылған. Сахна төрінде батырдың скафандр киген үлкен портреті мен жылы лебізі жазылған. Той жүргізуші – қырма сақалды сабазымыз, әнші Нұрлан Абдуллин. Өз басым, қазақ-орыс тілінде таза сөйлеген Нұрланның қарымдылығына, ішкі мәдениетіне, мүлтіксіз тіркестеріне риза болып отырдым. Асабалық өнері таңдай қақтырады. Әзілдері қандай жарасымды. Екі тілді меймандардың көңілін таба, қос тілде тайпалатуы «бәрекелді!» дегізсе, ана тілімізді өгейсінген қандастарымыздың қылығына «әттеген-айды!» қалай айтпассың.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауы Тоқтар ағамыздың еңсесін одан бетер биіктетіп жіберді. Батырдың ерлікке толы өміріне зор баға берілді, жүрегіміздегі мақтаныш сезімін алаулата түсті.
Мынаны қараңыз, Москвадан келген жиырма шақты ардагер ғарышкерлер, сынақшы-ұшқыштар түрегеліп, үш мәрте «уралап» алдындағыларын әскери қалыппен тартып жіберді. Гуіл күшейе бастады. Қуаныш сезімін бәрінің жанарынан көруге болады. Жұртымыздың тұңғыш ғарышкеріне деген махаббатын мұнда да көріп тұрдық. Москвадан келген меймандардың да құрметі алғаусыз-ау! Осы жерде күтпеген жағдай болды. Ресей ғарышкері, генерал Крикалев мінбеге шығып, Ресей Федерациясының Президенті Путиннің батыр ағамызды құттықтаған жеделхатын оқыды. Көрші мемлекет алдындағы орасан зор еңбегінің дау-
сыз екенін, Кеңес Одағының Батыры атағы әділ берілгенін, ғарыштағы міндетін мінсіз атқарғанын сараңдау болса да, орыс тіліндегі пәрменді сөздерімен тізіп шықты. Батырды Ресей мемлекеті қатты құрметтейтінін, оған зор денсаулықпен қоса, ұзақ және бақытты өмір тілейтінін атап көрсете келіп, жанұясына және Қазақстан халқына өз тілегін қоса айтып өтті. «Ураның» үлкені енді болды. Әскери генералдар да, москвалық меймандар да бәрімізді «ураның» астында қалдырып, қолдарындағы фужерлерінің тамшысын қалдырмай көтерді. Күнде көріп жүрмегесін бұл да әсер қалдырады екен. Мерекелік бағдарлама ән-күймен жалғасуда. Бибігүл апамыздың жанашыр әпкелік сөздері де құлаққа жылы тиді. Шырқаған әнін жиылған халық сүйсіне тыңдады. Дыбыс күшейтусіз өз даусымен шырқаған, тоқсанға таяп қалған қарт саңлақтың өнері көпшілікті тәнті етті. Риза болған жұрт алақандарын аяған жоқ. Ескендір ағаның өнері де есте қалды. Бағдарлама өте тығыз. Өнерпаздар аянып жатқан жоқ.
Ал, біз оқырман рұқсат берсе, шегініс жасап, тұңғыш ғарышкеріміздің өмірінің беймәлім тұстарынан, іздеп тауып оқығанымыздан, батырдың өз аузынан естіген кейбір жағдайлардан әңгіме қозғайық.
Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар ағамыз 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының «1 Май» колхозында дүниеге келген. Жұбайы Татьяна Михайловна Әубәкірова – бір жанұяның жалғыз қызы, математик, авиация инженері, ұлдары 1977 жылы туған Тимур – бизнесмен, 1982 жылы туған Михаил – магистр. Батырдың өзі он жасында анасынан жасырынып барып теміржолда жұмыс істеп, он бес жасында аты Құрмет тақтасына жазылып, отбасын асыраған.
– Бәріміз жас болдық. Қазір «ол заман басқа, бүгінгі заман басқа» деген бір сылтау тауып алдық. Жастарды жаман бір тенденция еңсеріп бара жатыр. Ол – баю. Қымбат көлік міну, қос қабатты үйде тұру, үлде мен бүлдеге бөлену және басқа материалдық игіліктерге тұншыққанша рахаттану. Бұл жақсылыққа апармайды. Әкем мен еңбектеп жүргенде қайтыс болып, хат танымайтын жалғыз анам өсірді. «Бар байлығың, игілігің, жақсылық атаулы білімде» деп құлағыма құйды бала күнімнен. Ауылдың кітапханасындағы бүкіл кітапты білте шамның жарығымен оқып тауысқан едім. Бүгінге дейін кітап оқуды доғарғам жоқ. Жастар байлықтан бұрын білімді игерсін, еңбекті сүйсін, –
дейді ғарышкер ағамыз. – Ұшқыштар даярлайтын Армавир училищесін бітіріп, біршама уақыт Қиыр Шығыста әскери ұшқыш, сынақшы ұшқыш болғаннан кейін білімімді көтеру үшін Мәскеудің авиация институтына оқуға түстім. Ұмытпасам, үшінші курс болу керек. Аэродинамика сабағынан бойы екі метр-
ге жуық алпамсадай Л.А.Бедержицкий деген профессор лекция оқып жатыр.
Амфитеатр тәрізді кең аудиторияда шыбын ызыңы естілердей тыныштық. Тақтаға аэродинамикаға байланысты чертежді сызып тастады. Бір сызығы қате. Шыдай алмай атып тұрып, «Мына чертеж күйінде жасалған ұшақ құлайды» деп қаттырақ айтып қалдым,–деп еске алады ғарышкер сол бір сынға түскен сәтін.
Леонид Аскольдович осы аэродинамиканың жілігін шағып, майын ішкен, СССР-дегі бірден-бір білгір ғалым екен. Өзі «Аэродинамиканы мен ғана беске білемін» дейтін көрінеді. Студенттерге қатал. Матанализ пәні математиктерге қалай қиын болса, аэродинамика ұшқыштарға сондай ауыр сабақ екен. Емтиханнан үш алып құламай шықса, қуанады екен кәнігі ұшқыштардың өзі. Аэродинамика ауаның және газдың қозғалысын, сондай-ақ, сонда қозғалатын денелерді зерттейтін ғылым көрінеді.
– Бұл қайсың, білгішсініп тұрған?–деп профессор гүр ете қалады.
– Аубакиров, жолдас профессор,–дейді ағамыз.
– Мен тақтаға чертежді әдейі қате сыздым. Қайсың аңғарады деп. Ешқайсың үндемейсің. Жарайды, лейтенант, емтиханды тек қана маған тапсырасың,–деп профессор Тоқтардың әуселесін көрмек болады.
Қиқар профессорға қарсы келіп қалған Тоқтар үшін бүкіл деканат уайымдайды. Бәрі қазақтың жас ұшқышын жақсы көреді екен. Әсіресе, деканы әбігер болады. «Ол қатал, сені емтиханда қайтсе де құлатады, тез кіріп билетіңе дайындалмай-ақ жауап бер» деп ағамызды қайрап қояды. Солай болады да. Билетті алып жауап беруге әзір екенін айтқанда ту сыртынан профессор гүж ете қалады.
– Ал, Аубакиров, мықтысың ғой. Даярлықсыз жауап бер,–деп қарап тұр екен. Курсант саспайды. «Келсең кел» дегендей отыра қалып, жауап бере бастайды. Батыр ағамыз өзі айтқандай, аэродинамиканы жасынан, тіпті, Қарағандыдағы аэроклубта жүргенде, ұшқыштар училищесінде оқығанда жанына жақын көрген. Профессор Тоқтарды әбден тексереді. Оқу бағдарламасында барын да, жоғын да сұрап, аэродинамиканың бүкіл ұңғыл-шұңғылын зерделетеді. Ақыры, әбден көңілі толған қатал профессор зачет кітапшасына «бесті» қонжитып, келесі екі бетіне де алда оқитын екі курс үшін де үздік бағаны біржола қойып береді.
– Аубакиров, қалған екі курста аэродинамика сабағына келмей-ақ қой. Бәрін біліп тұрсың. Студенттерге қазір сабақ беруге білімің жетеді,–деп арқасынан қағып қатты риза болыпты.
Тоқтар ағамыздың емтиханы мұнымен біте қоймайды. Докторлық диссертациясын Мәскеуде қорғағанда да Батыр қазаққа тән қайсарлығы мен тектілігін көрсетеді. Өзі еске алғандай, диссертация әуелі Ресей Ғылым Академиясында қорғалуға тиіс екен. Аяқ астынан өзгертіп, Ресей Қорғаныс министрлігінің Бас штабында сынақ алынатын болды. Белгілі жағдай. Тақырыбы әскери құпия. Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар. Кезек күтіп өзімен бірге орыстың екі генералы тұр екен. Тоқтарды көзге ілмейді. Ақыры, екеуі де мемлекеттік комиссиядан пұшайман болып, қара терге түсіп, нарттай қызарып шығады. Ағамыз кіреді. Комиссия төрағасы «иә, генерал Аубакиров, жаңағылардай сіздің диссертацияңызды кім жазып берді?» – деп кекетеді.
– Что вы себе позволяете? – деп Тоқтар найзағайдың отындай жанарын әлгіге қадап, қатты ашуланады. Астамсыған комиссия төрағасы Тоқаңды тақтаға шақырады. Тақта төрт метрдей болса керек. Бізге беймағұлым, тек осы саланың мамандары ғана білетін теңдеулер, формулалар, чертеждер жыпырлай толады тақтаға. Ұшатын-қонатын, бір сөзбен айтқанда көкте самғайтын техниканың білгірлері, генералитет, ғұлама ғалымдар қол шапалақтайды.
Ұшақты зеңгір көкте армансыз қалықтатып, қажетінде зулатып жерге шүйілтіп, аспанға самғататын, қырандай қанатымен ұшырып, құйрығымен қондыртатын қабілеті қандай екенін осылай дәлелдеген. Осындай сынақтардан сүрінбей өткен батыр ағамыз аранын ашқан талай ажал сынақтарынан да тайсалмай өтіп, басын өлімге байлап, аса қымбат техниканы аман алып қалған. Өндіріске берілуге тиіс және конструкциясы мүлде жаңартылған жойғыш ұшқыштардың 50 түрін сынақтан өткізіп берген. Талай рет құлап келе жатқан ұшақты тастап, катапульт-
пен секіріп кетуге болатын жағдайда амалын тауып, ауыр техниканы жерге қондырып отырған, ақауын аластауға конструктор ғалымдарға зор мүмкіншілік жасаған. Техника құласа ақауын дәлелдеу оңайға соқпасы анық. Миллиондаған шығындары тағы бар.
«Бейбіт заманда СССР жайдан жай «Совет Одағының Батыры» атағын бермейді. Оның үстіне қазақ жастары жазықсыз қараланған Желтоқсан көтерілісінен кейін. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан соң еңсесі түсіп, жігері мұқалып, «төмен қарап» жүрген қазақ халқының бойын тіктеп, дүр сілкініп, басын көтеруіне Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуы айрықша әсер етті. Қазақ халқының Тәуелсіздігі қарсаңында болған бұл оқиға жалпы айтқанда қазақ қоғамына, қазақ тарихына ерекше қозғаушы күш болып енді»,–дейді тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді. Бұған ғарышкер Тоқтардың исі мұсылман халқының, Ұлы дала елінің тұңғыш ғарышкері екенін айтуымыз керек. 1986 жылы «Тбилиси» авиатасығыш крейсеріне алып Миг-29 ұшағын қондырып, сол жерден әдеттегі жүйе бойынша әлемде тұңғыш рет трамплиннен ұшып шықты. Бұл ұшу бірден Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Атақ, дәрежесі, әлемге танымалдығы орасан. Өз елінің, шетел мемлекеттерінің де берген марапаттары – ең жоғары, ең абыройлысы.
Тоқтар ағамыздың ең қымбат марапаты – ол туған халқының өзіне деген зор махаббаты, өлшеусіз құрметі. Ал, батырдың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі тұла бойынан ұшқын атып тұр. «Елін сүйген ерлік жасайды» демей ме қазақ?!
Нұртөре Жүсіп жазыпты: «Қиыр Шығыста қажып, қажығанда, қажыр-қайратының кемігенінен емес, көңіл-күйі күйреп, Тайганың бір шетінде желдің өтінде тұрғанда, өнебойын өксік қысады. Кілең ішуге келгенде алдарына жан салмайтын топтың ортасында жападан жалғыз өзі қалып, қамығады. Налыған Тоқтар әлгінде өзімен ала шыққан транзистордың құлағын бұрайды ғой баяғы. Кенет… әдемі бір сыбызғы әуен естіледі. «Ажарың ашық екен атқан таңдай…». Қамығып жүргені мүлдем естен шығып, өмірдің бар қиындығы ұмыт қалғандай болады. Бибігүл Төлегенованың орындауындағы «Гауһартас». «Осындай керемет ән тудырған біздің қазақ қандай ғажап халық. Сол халықтың мен де бір баласымын ғой. Қой, бүйтіп қамыға бергенім жарамас» деп қыран дүр сілкінеді».
Кеңес Одағынының Батыры, сынақшы-ұшқыш Валерий Меницкий Тоқаң жайлы былай деген екен: «Тоқтар өзінің қазақ болып туғанын зор мақтан тұтатын. Халқы туралы жүрегімен беріле айтатын. Кейде әлдекімдер оның ұлтын шатастырып жатқанда кәдімгідей кейіп қалатын».
Ұлтына жанашырлығы да алабөтен. Астанада тұратын көлік жүргізушісі Әлімхан Қарағожин есімді жігіттің айтқан әңгімесін келтірейік:
–Батыр ағамыз біздің Қорғалжынның үстінен өтіп барады екен, шамасы қасқыр атуға шыққан болу керек, содан қазақтың тұңғыш ғарышкер-ұшқышын танып қалған біздің ауылдың күллі азаматы оны кеу-кеулеп ортаға алып, үйге шақырады. Халықтың пейілін көрген батыр да жұрттың меселін қайтармай, екі-үш үйге кіріп, дәм татады. Содан ғарышкер ағамыз ауылмен жылы қоштасып, сапарына аттанып кете барады. Арада апта өткен жоқ, қызық болды… ауылымызға аузы-мұрнынан шығып, ұн тиелген «КамАЗ» автомашинасы ентігіп келіп тұр. «Тоқтар Әубәкіровтің сәлемдемесі, ауыл адамдарына тегін таратылсын» дейді. Күллі ауыл қарық болдық. Бақсақ, батыр өткен жолы ауылға келгенде бас сұққан үйлерде аз отырғанмен, көп жайтты көңіліне түйіп кеткен екен…».
Енді естеліктерді парақтасақ, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы
Назарбаев ғарышқа ұшуына екі рет ұсыныс жасапты. Бір қызығы екінші ұсынысында Елбасы теледидардан Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшуға дайындалып жатыр деген мәлімдеме жасаған. Бұл жаңалықты батыр Шымбұлақта дем алып жүргенде, танысы телефон арқылы жеткізіп таңдандырыпты. Сыртынан шешім қабылдағандарға ашу шақырып тұрған шағында Президенттің қабылдауына ертеңгілік келуін өтінген хабар алыпты.
Қабылдауға барған бойда ғарышқа ұшудан бас тартқанымен, қазақтың намысы үшін шешім қабылдауға тура келген. Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлының «Біздің жерден біздің ғарышкер қашан шығады?» деген туған халқыңның басты арманынан қалай бас тартпақсың?» деген сөзі батырдың намысын жаныса керек. Сөзге тоқтаған батыр барлық қатерге басын тігуге дайын екендігін айтыпты.
1991 жылдың 21 қаңтарында Тоқтар Әубәкіровтің ұшу жөніндегі ұсынысы жедел бекітіліп, небары 4 айдың ішінде барлық сынақтан сүрінбей өткен. Осылайша қазақтың намысын, арын биік ұстап, қиыры шексіз аспанға аттанғалы тұрғанда рапортты өз тілінде жасап, «Мен қазақпын! Мен ұшуға дайынмын! Қазақ халқы үшін!» деген Тоқтармен бірге барлық қазақ ұшып бара жатқандай сезімде болдық. Тоқтар батырдың «Халқым, сен үшін отқа да, суға да түсуге дайынмын!» деген сөзі таспада жазылып қалыпты.
Қазақстандық бағдарлама бойынша 1991 жылдың 2-10 қазан аралығында ғарышты бағындырған қазақтың қыраны ғарышкер-зерттеуші қызметін мінсіз атқарды. Адамзатты алаңдатқан Аралды ғарыштан суретке түсіріп, қаупі мен салдарын анықтады.
Ғарыштан оралғаннан кейін жаңа зерттеулердің негізін қалауға, еліміздің Қарулы Күштерінің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбие жұмысын жолға қоюға, жалпы, отандық қорғанысты нығайтуға күш салады. Үлкен лауазымды қызметтер атқарады.
Міне, құрметті оқырман, теңдессіз сынақшы-ұшқышымыз, шынайы Халық Қаһарманы, тұңғыш ғарышкеріміз туралы көрген-білгенімізді, оқығанымызды қағаз бетіне түсірдік. Қазақ мемлекеті тұрғанда, қазақ халқы аманда, біз де ғарышсыз қол қусырып отыра алмаспыз. Байқоңырымыз барда іргелі мемлекеттерден қала қоймаспыз. Осы бағытта әрекет жасап жатқан елміз, ғарыштың көмегімен ұлан-байтақ жерімізді, елімізді қорғауымыз, көркейтуіміз керек. Бұған арнайы бағдарламамыз да бар.
Қыран Тоқтар қазақ жастарына жол салып берді, оларды ғажайып келешек күтіп тұр. Ғарышты келешек – қарышты келешек!
Кәркен ЖАРЫЛҒАСОВ.