Кәсіпкерлікті дамытуға арналды

Степногорск қаласында облыс әкімінің орынбасары Асхат Қайнарбековтың төрағалығымен шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру, өзекті мәселелерді талқылау бойынша семинар-кеңес болып өтті.

 

Семинар-кеңесті ашып жүргізген қала әкімі Әнуар Күмпекеев бүгінгі таңда қалада кәсіпкерліктің 4282 нысаны тіркелгенін, оның 3555-і жұмыс істейтінін атап өтті. Бұл – облыс аудандары арасындағы жоғары көрсеткіш.
– Степногорлық кәсіпкерлер кәсіпкерлікті қолдау бойынша барлық республикалық, өңірлік және салалық бағдарламаларға белсенді қатысады. Бүгінгі шараға екі жүзден астам кәсіпкердің қатысуы бизнесті әртүрлі тетік арқылы мемлекеттің қолдауына қызығушылық деңгейі жоғары екенін көрсетеді, – деді қала әкімі. Облыс әкімінің орынбасары Асхат Қайнарбеков өз сөзінде Мемлекет басшысы Үкімет пен өңірлер алдына шағын және орта бизнес есебінен 2050 жылы Қазақстан экономикасының ішкі жалпы өнімді 50 пайызға жеткізу бойынша нақты міндет жүктегенін атап өтті. Бүгінгі таңда бизнесті мемлекеттік қолдаудың көп тетіктері бар. Мемлекеттік органдардың рұқсат беру, бақылау және қадағалау қызметі қысқартылған. Облыс прокурорының орынбасары Қуаныш Әміралин өз сөзінде облыстық прокуратура бизнесті қолдау бойынша үлкен әрі тұрақты жұмыс жүргізіп, мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау жұмысын азайтуға оң ықпалын тигізгенін айтты.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов облыс пен қаладағы шағын және орта бизнестің дамуына жан-жақты зерттеу жасады. Ол өз сөзінде «Бизнестің жол картасы-2020» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының және өңірдегі шағын бизнесті дамытуды қолдау мен ынталандырудың 2017-2021 жылдарғы тиімді жұмыспен қамту және шағын кәсіпкерлікті дамытудың жаңа бағдарламасы рөлінің маңызы  жөнінде айтып өтті. «Бизнестің жол картасы-2020» жүзеге асырыла бастаған 2010 жылдан бері облысқа 11 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Аталмыш бағдарлама аясында Степногорск қаласының  64 жобасы  мемлекеттік қолдауға ие болды. Бұл қала өңірлердің бағдарламасына белсенді қатысушылардың бірі болып табылады. Бүгінгі күнге дейін мұнда 5526 жаңа жұмыс орны ашылды. Бюджетке 14 миллиард теңгенің салығы мен өзге төлемдер түсті. 2017 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 1212 миллион теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 1002 миллион теңгесі субсидия, 170 миллион теңгесі несиелер кепілдігі, 40 миллион теңгесі гранттар.
2017-2021 жылдарғы тиімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында 679,8 миллион теңге бөлінді. Оның 590,8 миллион теңгесі қалалар мен шағын қалаларды шағын
несиелеуге, 18,1 миллион теңгесі кәсіпкерлік негізіне оқытуға, 70,9 миллион теңгесі шағын несиелерді кепілдендіруге жұмсалады. Одан әрі облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы облыс пен қаладағы шағын және орта бизнесті қолдаудың тетіктерін нақтылады. Форум қатысушыларына шағын қалада кәсіпкерлікті қолдау шаралары жөнінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры өңірлік филиалының директоры Сәуле Әбішева айтып берді. Бизнесті дамыту барысында ауыл тұрғындарын қолдау шаралары жөнінде ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының өкілі Жангелді Зәкіриянов хабарлама жасады. Шағын және орта бизнес мүддесін қорғауда облыстық кәсіпкерлер палатасының рөлі жөнінде аталмыш палата директорының орынбасары Валентина Геращенко нақты мысалдар келтірді. Семинар-кеңестің екінші жартысында қала кәсіпкерлері өздерін қызықтырған сұрақтар қойып, тұшымды жауап алды. Сауалдар негізінен шағын және орта бизнестің үдерісі мен тексерісті ұйымдастыру, шағын несие алудың тетігі және пайыздық үстемақыны субсидиялау, алғаш рет бизнес ашу және оны одан әрі ұлғайту жөнінде болды. Қала әкімі Әнуар Күмпекеев меймандарды қызықты әрі сындарлы әңгімелеріне алғысын білдіріп, мұндай шараны өткізу біздің өңірде шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар