Көтерілген әр мәселенің де жөні бар

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.

Кеңеске облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин, облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Кеңесте облыс әкімі алдымен жиналғандарға Қазақстан Республикасы  Денсаулық сақтау министрінің келісімі бойынша және Денсаулық сақтау министрлігі жауапты хатшысының  үстіміздегі жылдың 3 сәуірдегі бұйрығымен Ақмола облысы қоғамдық денсаулық қорғау департаментінің басшысы болып тағайындалған Азамат Қинаятұлы Дүйсеновті таныстырды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – көктемгі су тасқынының алдын алу жөнінде жергілікті атқарушы органдармен қолданылып жатқан шаралар туралы кеңесте Ақмола облысы бойынша  төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Манарбек Шапағатов баяндама жасады.  Ол өз сөзінде бүгінгі күнге дейін барлық көпірлер тазартылып, өзендердегі мұзды жару жұмыстары жүргізіліп жатқандығына, департаменттің бүкіл құрылымы жоғары дайындық жағдайына келтірілгендігіне тоқталды. 215 елді мекен тексерістен өткізіліп, Атбасар ауданына қосымша жұмыс күштері жіберілді.
Облыста көктемгі су тасқынын болдырмау үшін қажетті қаржы қоры қарастырылған. Сондай-ақ, тиісті материалдар, азық-түлік қоры жасалды. Облыстағы қолда бар метостанциялар, гидробекеттердің бәрі күнделікті жағдайға арнайы мониторинг жасалып отыруына жұмылдырылған. Бірнеше рет әуеден қауіп-қатері мол жерлерді шолу жұмыстары жүргізілді. Су қоймаларындағы судың деңгейі, оларды қажет болса, ағызу мәселелері де бақылауда. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде қазіргі уақытта облыс бойынша төтенше оқиғаларға жол берілмей, жағдай бірқалыпты ұсталуда.
Жылда көктем келіп,  жер аяғы кеңісімен, елді мекендерді көркейту, санитарлық тазарту және көгалдандыру жөніндегі дәстүрлі айлық ұйымдастырылатындығы белгілі. Биыл бұл айлық 17 сәуірден 20 мамырға дейін өткізілгелі отыр. Бұл туралы кеңесте облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Виктор Радченко айтып берді. Біз астаналық облыс-
пыз. Сондықтан, елді мекендердің кескін-келбетіне, олардың көз тартып, көңілден шыға  түсуіне жете көңіл бөлінуі керек. Өкінішке орай, аймақта осыны ескермей, санитарлық тазалық мәселесін кейінге ысыратын жеке және заңды тұлғаларға заңда атап көрсетілген айыппұл салу мүмкіндіктері дұрыс пайдаланылмайды. Биыл облыс көлемінде 100 мың түптен астам ағаш көшеттерін отырғызу көзделуде. Бұл орайда, оларды егіп қана қоймай, дұрыс өсіп-жетілуін де басты назарда ұстау қажет.
Осы мәселе бойынша жарыссөзде сөйлеген облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіров өз тараптарынан биыл 1195  гектар алқапқа ағаш отырғызылатынын, бұған қоса, сатуға шығарылатын көшеттердің де дайын екендігін мәлімдеді.
Бұдан әрі аппарат кеңесінде бұқаралық ақпарат құралдарымен жүргізіліп отырған жұмыс туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова сөз алды. Аймақта Елбасы саясатын іске асыруға және облыс әкімі алға қойған  міндеттерді орындауға халықты жұмылдыруда  БАҚ-тар да өздерінің шешуші сөздерін айтып келеді. 2016 жылы осы тұрғыдағы 36 медиа-жоспарды өміршең етуде елеулі жұмыстар атқарылды. Биыл да бұқаралық ақпарат құралдары осы басты бағытты ұстанып отыр.
Аппарат кеңесін қорытындылаған облыс әкімі өз сөзінде алдымен көктемгі су тасқынын болдырмау үшін жергілікті жерлерде қолда бар барлық мүмкіндіктердің қарастырылуы қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге, елді мекендерді көркейту, санитарлық тазарту және көгалдандыру кезінде ағаштың қылқан жапырақты түрін көбірек егу керектігін ескертті. Өйткені, мұндай ағаштар жазда да, қыста да  айналаға ерекше әр беріп тұрады.
Күн тәртібінде қаралған үшінші мәселе бойынша мемлекеттің саясатын жүргізетін мемлекеттік органдардың, кәсіпорын-ұйымдардың басшылары халықпен дұрыс сөйлесе білгені, олардың мұң-мұқтажына бойлағаны  абзал деген ой айтылды. Қазір облыста телехабарлар таратудың көлемін 14 сағатқа дейін ұлғайту қолға алынып жатыр.
Аймақта кейбір медициналық құрал-жабдықтарды қымбат бағаға сатып алу фактілері де ұшырасуда. Сондай-ақ, кеңесте облыс әкімі еңбек тәртібіне де тоқтала келе, басшылардың қызмет көліктерін жұмыс, демалыс күндері жеке мақсаттарына пайдалануына тыйым салу мәселесін көтерді. Облыста кадрлар жұмысының жеткіліксіз жүргізілетіні айтылды. Әрбір лауазымды қызмет орнына лайықты адамдардан, әсіресе, жастардан  резерв болуы керек. Аймақ басшысы аппарат кеңесінде көтерілген осы мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар