Адасқанның алды жол, арты соқпақ…

Астана қаласының №76 мектеп-лицейінде «Ғасыр» жастар театрының тұсауы кесілді. Театр өнер жолына Арқаның ақиық ақыны, жазушы, белгілі манасшы әрі драматург Баянғали Әлімжановтың «Ойран» драмасымен жол тартып отыр. Спектальді өз деңгейінде қойған режиссер – Берікқан Төкенов. Сахна шымылдығы ашылғанға дейін біз театр өнерінің жас майталманына жолығып, өзімізді толғандырған біраз сауалдарға жауап алдық.

 

– Мен Семей өңірінің тумасымын, – деді Берікқан әңгіме тиегін ағытып. – Алматының Темірбек Жүргенов атындағы театр-кино институтында сахнаның хас шебері Қадиша Бөкееваның алдынан дәріс алдық. Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың жетекшілігімен сан-салалы қазақ өнерінің айдынында емін-еркін жүздік.
Жас өнерпаздың бұдан кейінгі шығармашылық өмірі Қостанай қаласындағы Ілияс Омаров атындағы облыстық театрда өткен. Өнер академиясының түлектері – 22 қыз-жігіт 2000 жылы құрылған осы қазақ театрының әртістері болып шыға келеді.
Бірінші қойылған драмалық шығарма атақты Абылай ханға арналыпты. Талантты режиссерлер Жамбылбек Есенбеков пен Ерсайын Төлеубайдан үйренгені аз емес. Осы сахнада жүріп, Абайдың тұлғасын сомдауға да мүмкіндік алған.
Қазіргі кезде Астана қаласында өнерге ынтық жастарға бағыт-бағдар беріп жүр. «Майпродакшен» киностудиясын, сондай-ақ, аталмыш  №76  мектеп-лицейде «Заңғар» театр үйірмесін ашқан. Қойған спектакльдері жұртшылықтың қошеметіне ие болуда. Мұнда өнерлі жастардың белсенділігімен Ыбырай Алтынсарин, Әлихан Бөкейханов сияқты қазақтың заңғар тұлғаларына арналған шын мәнінде мазмұны терең драматургиялық шығармалар қойылыпты. Махамбеттің жас мұрагерлеріне арналған республикалық «Ұлы дала ұрпағы» өнер сайысында режиссер Берікқан Төкенов қойған «Алаштың Әлиханы» спектаклі бас жүлдені жеңіп алған көрінеді.
Енді міне, жоғарыда айтқанымыздай, жаңадан құрылған «Ғасыр» театры бүгінгі заман ағымына күрт бетбұрыс жасап, жастарға терең ой салатын мағыналы шығарманы жақсылап тұрып сахнаға шығаруға ниет танытқан.
Драматург Баянғали Әлімжановтың «Ойран» драмасы расында өз көрерменінің көңілін керемет толқытты. Солардың бірі болған біз де жайдан-жай адасқан жандардың өмірдегі түңілістерін, бас қайғыларын көріп, ерекше бір сезімде отырдық.
Қазіргі заманда қаптап кеткен секталардың  түсі мен түрі ашық айтылмаса да, олардың зиянды әрекеттері, қоғамға жат қылықтары жан-жақты сарапталған екен. Бұл ұштастықты драматург пен қоюшы режиссердің талант шоқтығының нәтижесі деп білемін.
Драманың қысқаша мазмұнына тоқталайық. Бір шаңырақтың астында Елтай есімді әке, Шекер есімді ана мен олардың баласы Арман тату-тәтті өмір сүріп жатады. Бірақ, жұмыссыз бала аяқастынан бір сектаның «көмегімен» табыс табамын деп солардың  сан құйтырқылы шырмауына түсіп қалады. Олар аңғал жанның санасына «Мәңгілік ақиқат жолында туыс болмайды» деген тұжырымды сіңіріп, оны туған ата-анасынан да бездіріп жібереді. Бұл идеяны негізгі қаруға айналдырған Арман «Ескіліктің жолын бұздым, қоғамның әуелден белгілі шартты ұғымдарын жойдым» деген пікірді ұстанып, әкесі Елтайға, шешесі Шекерге жат адамдай қарап, өзінің шын мәнінде адасып кеткенін сезбей де қалады.
Арманның рөлін сомдаған Есхат Меделбек, Елтайды ойнаған Әділхан Хамитов пен Шекер ана рөліндегі Маржан Нұртазина кәсіпқой әртістер болмаса да, драмалық шығарманың бойына жан бітіріп, режиссердің талап-тілегін толықтай орындады деп айтуға көрермен ретінде батылдығымыз жетеді.
Спектакль музыкалық жағынан да жақсы айшықталған. Қара жамылғы костюмдер киген сектанттардың биін театр үйірмесінің мүшелері келістіре ойнады. Қоғамға қиғаш келетін, еуропалықтарға тән, заңсыз діни ұйымның адвокатын сомдаған Айкүміс Қанаттың да сахнадағы іс-қимылы тартымды шықты. Ол баласына араша болуға ұмтылған әкеге қоқан-лоқы көрсетіп, соңында түрменің темір торының әр жағынан бір-ақ шығарады.
Бірақ, адасқанның алды – жол, арты – соқпақ демекші, жанұя мүшелері соңына қарай бір пікірге келіп, қиын тығырықтан жол табады.
Бір еске сала кететіні, спектакльді қоюға бар-жоғы 12 адам қатысты. Бәрі де Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетінің студенттері. Режиссер Берікқан Төкеновтың пайымдауынша, бұл жастар әуелден-ақ өнерді таңдамақ болғанда, олардың ата-аналары қарсы болып, осы ойларына өзгерістер енгізген. Соған қарамастан, жастар бос уақыттарында осы астаналық мектептегі театр үйірмесіне қатысып, шын өнердің қуанышын енді көріп жатыр.  
«Ғасыр» театрының тұсаукесеріне белгілі ақын-жазушылар, өнер майталмандары қатысты. Көрермендердің ішінде «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкері, белгілі ақын Қорғанбек Аманжол, кинорежиссер Жандос Құсайынов, ақын Алмақан Мұхамеджанқызы сияқты өнерсүюшілер  болды.
Біздің көңілімізді дөп басқан жанның бірі  –  драматург Баянғали Әлімжановтың өзі еді. Ол жұртшылықтың алдында сөйлеген қорытынды сөзінде «Ойран» драмасын қойған режиссерге де, рөлдерді ойнаған жас әртістерге де адал сөзін айтып, ең жоғары бағасын берді. Шым-шытырық оқиғаға толы шығарма бүгінгі өмірімізде кездесетін кемшіліктерді, бала тәрбиесіндегі олқылықтарды, ерлі-зайыптылардың арасындағы сызаттарды айқын көрсетті. Әңгімесі таусылған жұбайлар, бала саны аз жанұялар, ғаламторға әуес жастар бастан кешіп жатқан өкінішті істердің соңы жақсылыққа апармайтынын залдағы көрермендердің бір бөлігін құраған жасөспірімдер де түсінген сияқты. Көп сөзден гөрі осындай шынайы көріністерге толы бір драманың орны бөлек екен. Мұны спектакльге арнайы келген өнер майталмандары мен ұстаздар да үлкен мүдделілікпен атап өтті.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
арнайы «Арқа ажары» газеті үшін.

Суретте: қоюшы-режиссер Берікқан Төкенов пен драматург-жазушы Баянғали Әлімжанов және театр әртістері.
Суретті түсірген автор.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар