Басты мұра, өшпес құндылық

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыржан Әбуевтің «Абылай замандастары және ұрпақтары», «Чокан Валиханов и его современники», «Сибирское ханство в контексте казахско-русских отношений» атты кітаптарының тұсаукесер кеші болып өтті.

Әдеби кешке өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, университет оқытушылары  және студент жастар жиналды. Көкшетау қаласының құрметті азаматы, ғалым Қадыржан Қабиденұлы 230 ғылыми жұмыс пен 8 монография, 2 сөздіктің авторы. Ғалымның жетекшілігімен 4 тарих ғылымдарының кандидаты, 18 тарих магистрі оқып шыққан. «Тарихты білмей, болашақты тану мүмкін емес», – деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, ел тарихын зерделеп, өскелең ұрпаққа өлмес мұра етіп қалдыруды мақсат тұтқан ғалымның еңбегі орасан екендігін баса айтқымыз келеді.
Тұсаукесер кешінде кітаптардың құндылығы туралы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті сырттай оқу бөлімінің деканы,  тарих ғылымдарының кандидаты Марат Өтегенов, университеттің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Қажекенова, тарих ғылымдарының кандидаты, тарих факультетінің деканы Ақбота Бексейітова,  университеттің аға оқытушысы, тарихшы Ғалымтай Мәлікұлы баяндама жасап, кітаптардың мазмұнына кеңінен тоқталды.  Кітапхананың оқу залы секторының меңгерушісі Жадыра Мыңжасарқызы «Төл тарихымыздың тамыршысы – Қадыржан Әбуев» атты кітап көрмесіне шолу жасады.     
 Кеш соңында автор кітапханаға өз қолтаңбасы қойылған кітаптарды сыйға тартып, жиналған қауымға алғысын білдірді. Өмірлік мұра, өшпес құндылық болып, ел жүрегіне жол тартқан кітаптар өскелең ұрпақ игілігіне өз үлесін қосады деген сенім зор.
Суретте: алдыңғы қатарда солдан оңға қарай төртінші тарихшы Қадыржан Әбуев.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар