Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында өзбек драматургы Иззат Сұлтановтың «Отбасылық құпия» атты комедиясының премьерасы болып өтті.
Бірден айта кету керек, бәз біреулер бұл өмірдің өзінен алынған көрініс десе, енді біреулері отандық драматургтердің осы тақырыптағы еңбектері неге сахналанбаған деген наз айтуда. Қалай дегенмен де, жаңа қойылымды тамашалауға келгендердің басым көпшілігі жастар екендігін аңғардық. Алдымен көрермендердің пікіріне құлақ салайық. Ризагүл Сағынайқызы бала күтіміне байланысты үй шаруасындағы әйел. Қойылымға жалғыз өзі емес, өзінің жанжарымен бірге келген. – Жасырары жоқ, қазіргі таңда бұл тақырып жиі талқыға түсуде. Кинотеатрларда да осындай мағынадағы кинолар жиі көрсетілетін болды. Рас, заман да адам да өзгерген. Десек те, адамгершілік, қазақы тәрбие сияқты ұғымдарға ешқашан селкеу түспесе екен дейсің. Бүгінгі қойылым көңілден шықты. Әсіресе, ене рөлін сомдаған Жанар
Құсайынованың актерлік шеберлігіне тағы бір мәрте тәнті бола түстім. Алайда, өзбек халқының шығармасы болғандықтан ба, ене мен келіннің бір-біріне жастық лақтырысып дауласуы, қол шошайтып ұрысуы біздің менталитетімізге жат сияқты, біртүрлі оғаштау көрінді,– деп ой бөлісті Ризагүл Сағынайқызы.
Көрермен пікірі орынсыз емес. Соңғы кездері бір әулеттің ұйытқысы енелер жайлы көп айтылып әрі жазылып келеді. Оның реті де бар шығар. Себебі, көптеген отбасыларында осындай ақ жаулықты аналарымыздың орынсыз сөзі, әдепке жатпайтын әрекеттерінен қаншама шаңырақтың шайқалып жатқаны белгілі. Бұл қойылымның да айтар ойы, бас-
ты идеясы да осы. Біз тамашалаған «Отбасылық құпия» комедиясында ене мен келіннің тартысы сахналанды. Ондағы жанжалдың басты себебі, үйдегі билік кімге тиесілі. Мәселе сонда! Енесі, менің айтқаным заң десе, келін болса, менікі дұрыс болады деумен айқайға басады. Бір-бірін көргенде кірпідей жиырылып, түрпідей тиіседі. Қысқасы, кең дүние тарының қауызындай тарылып, қажаса-қажаса екеуі де титықтап, тығырыққа тіреледі. Ұрыс болған жерде ырыс болмайды» дегендей, бұл отбасынан осылайша береке қашады. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, қас қылғандай осы шаңырақтың келінінің туған інісі, сол үйдің кіші қызына ғашық болады. Мыңжылдық құда болуға үзілді-кесілді қарсы болған келіннің енесі өз қызының бақытты болуына барынша кедергі жасап бағады. Ақылды әке мен оның баласы және болашақ күйеу балалары бұл тығырықтан шығудың амалын қарастырып, қулыққа барады. Екі жақты татуластырудың жоспарын құрастырып, оны жүзеге асырады. Олар келін мен енені кезек-кезек «Бітімгершілік үйіне» жібереді. «Бітімгершілік үйінде» данагөй қарияның кейпіне енген сол үйдің отағасы, біресе енесінің жанайқайын, бірде келінінің көз жасын сарқып отырып айтқан мұңын тыңдап, оларға осы тығырықтан шығатын жолды меңзейді. Ол ене мен келін бір-бірінен у беріп қана құтыла алатындықтарын айтады. Бірақ, у біршама уақыт өткеннен кейін ғана бойға тарайтынын және осы уақыт аралығында олар бір-біріне тек қана сыйластықпен қарап, ешқандай ұрыс-керіске жол бермей өтулерін қадап айтады. «Өлсе болды» деген өшпенділік бойларын меңдеп алған екеуі бір ай бойы «абыз ақсақалдың» «ақылымен» бір-біріне ерекше құрметпен қарап, әбден бауыр басып алғандықтарын да аңғармай қалады. Ене мен келін ай өте өздерінің қателік жасағандықтарын түсініп, бір-біріне білдірмей, әдеттегідей «абыз ақсақалға» келіп, у-ды қайтарудың жолын сұрап өтінеді. Қойылым жеңіл әзілге құрылғанымен астарлы ой көрерменіне ой сала білді. Қайын атаның рөлін сомдаған Қайрат Мырзаболатов пен ененің рөліндегі талантты актриса Жанар Құсайыновалар әдеттегідей өздерінің кәсіби шеберліктерімен көпшілік көңілінен шықты. Спектакльдің режиссері Болат Әбдірахманов болса, сахна арқылы қоғам ұмытуға жақын отбасылық құндылықтың қасиетін барынша ұғындыруға тырысқан. Жеңіл әрі әсерлі қойылым барысында би мен әуезді ән, күлкілі көріністер көрермен көңілін бір серпілтіп тастады. Айта кету керек, қазіргі таңда театр труппасы жастармен толыққан. Осы қойылымда Гаухар Сенбі, Асланбек Шайсұлтанов, Ақжібек Саттарова, Ұлықпан Қайратбек, Гүлнұр Қожанова сияқты жас актерлер өз өнерлерін ортаға салды.
Қойылымда өзбек халқының көп сөзі аударылмай сол қалпында берілген. Басында көрермендердің көпшілігі спектакль қай тілде өтіп жатқанын түсінбей, дал болғаны да рас. Содан болар, кейбірі ілеспе аударма көмегіне де жүгінді. Иә, ене мен келін арасындағы түсініспеушілік ұлт талғамайтын қоғам дертіне айналып барады. Өзге ұлттарда ене туралы жағымсыз айтылатын сөздер де көп. Бірақ, қазақ халқы қашанда анасын қадірлеп, қасиетке балағанына тарих куә. Біздің мұсылманшылдығымыздың әрі қазақылығымыздың жөні қашан да бөлек қой. Барған жеріне тастай батып, судай сіңген, жүзінен инабаттылық пен имандылықтың жылы шырайы, мейірім шуағы себезгілеп тұратын, қанына қазақы тәрбие сіңген, нағыз қазақ келіндерінің образы көбірек сахналанса ғой, дейсің шіркін. Жамандықтан жиренген дұрыс, алайда, жақсыдан үйреніп, ғибрат алудың өзі – өнеге екендігін ұмытпайықшы!
Ұлмекен Шаменова.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.