Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ислам және лаңкестік бір-бірімен қабыспайтын ұғымдар - АРҚА АЖАРЫ

Ислам және лаңкестік бір-бірімен қабыспайтын ұғымдар

Мемлекет басшысының биылғы халыққа арнаған Жолдауында белгіленген бес басым бағыттың бірі еліміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін экстремизммен күрес. Өкінішке орай, экстремизм, лаңкестік деген сөз бүгінде ислам дінімен байланыстыра айтылатын болып жүр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облысымыздағы өкіл имамы Қанат Қыдырминмен газетіміздің тілшісінің сұхбатында ислам дінінің атын жамылған экстремистердің әрекеті дінге қаншалықты сәйкес келеді, жастарымызды осындай теріс ағымды ұстанушылардың арбауына түспеуі бағытында қандай жұмыстар атқарылуда деген мәселелер төңірегінде ой қозғалады. 

  – Қадірлі имам, қазір лаңкестік, экстремизм деген сөздер ислам дінімен тіркесіп айтылатын болып жүр. Жазықсыз адамдарды өлтірген әрекеттерін осы дінмен байланыстырып, өздерін жихадшы деп санайтындардың әрекеті мен көзқарасы ислам дініне қаншалықты сәйкес келеді?
– Ислам мен терроризм – бір-біріне түпкі тамырынан бастап қарама-қайшы және бірін-бірі жоққа шығаратын көрініс. Ислам – араб тілінде бейбітшілік, тыныштық  деген мағына береді. Аты айтып тұрғандай исламның бейбітшіліксүйгіш дін екенін атауынан байқауға болады. Ал, «Терроризм» сөзі – араб тілінде «ирхаб», яғни, «қорқыту, үркіту» деген мағынаны білдіреді. Терроризм өз нысанасына бейкүнә адамдарды таңдап, балаларды аяусыз өлтіреді, оларды ата-аналарынан айырып, жетім қылдырады.
Асыл дініміз адамзат баласының бір-біріне зұлымдық жасауға, әділетсіздікке, зорлыққа, өлтіруге және қан төгуге тыйым салды. Нағыз мұсылман адам жер бетінде арсыздыққа жол бермей, керісінше, игілік және ізгілікке ұмтылуы тиіс. Алланың қасиетті кітабында қоғамдық тәртіп бұзуға қатаң тыйым салынған.
– Еліміздің әр өңірінде бой көрсетіп жүрген сәләфи ағымының өкілдері біздің облысымызда да кездесетіні жасырын емес. Шолақ шалбар киіп, қауқитып сақал қойған осындай жастар мешітке барып, намаз оқиды. Олар өздері адасқандарымен қоймай, басқаларды да үгіттеп, өз жолдарына тартып жатады. Бұған тоқсауыл қою бағытында дін қызметкерлері тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда?
– Деструктивті діни ағымдардың әрі қарай дамуына тосқауыл қою бағытындағы жұмысты айтатын болсақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз жұмысын төрт бағытқа бөліп, оның бірін «Ағымдармен күрес» деп атады. Облысымызға қарасты барша мешіттерінде білікті де білімді мамандар қызмет атқаруда. Жалпы, мешітке келген жамағаттар дін қызметкерлерінің назарында болып, мешіт ішінде өзге ағым өкілдерінің уағыз айтпауын бақылауға алады. Бүгінде жат ағымдардың алдын алу мақсатында республикалық және жергілікті ақпараттық насихат тобы құрылып, жамағатпен көптеген кездесулер, уағыз, насихат жұмыстары жүргізіліп отырады. Сондай-ақ, ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттайтын көптеген парақшалар мен  арнайы жасалған бейне жазбалар халық назарына ұсынылып отырады.
– Ислам қайырымдылық діні деп айтылып жатады. Мешіт тарапынан қайырымдылық шараларына қаншалықты көңіл бөлінуде, осы бағытта қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?
– Жүректерге қуаныш ұялату дініміздің асыл құндылықтары екенін ескере отырып мұқтаж, сырқат, кембағал, мүгедек, есту-көру қабілеті төмен жандар мешіттің ұдайы  назарында болды. Өткен жылы 20 ауыр сырқат адамдардың елде және шетелде емделулеріне ақшалай қомақты көмек көрсетіліп, имамдардың есебінен тағы басқа әлеуметтік жағдайы төмен 13 адам мешіттен тыс жұмыспен қамтамасыз етілді.
Су тасқынына  ұшыраған  Солтүстік Қазақстан облысы Келлер ауылы тұрғындарына және Ақкөл  мешітінің ұйымдастыруымен 30 отбасына қыстық көмірмен көмек көрсетілді. Сондай-ақ, жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол – 2016» акциясы барысында қайырымдылық шаралары қолға алынып, әлеуметтік жағдайы төмен 552 оқушыға оқу құралдары салынған сөмкелер  табыс етілді. 2016 жылдың ерекше бастамаларының бірі –облыстық Науан хазірет мешіті мен Степногорск қалалық Паң Нұрмағамбет мешіті жанынан «Қайырымдылық дүкендері» ашылды.  Бүгінде  жүзге тарта мұқтаж жандарға, оның ішінде басқа да ұлт өкілдеріне тегін азық-түлік пен киім-кешек таратылуда. Хазіреттің бастамасына сәйкес аудан имамдарының ұйымдастыруымен Ақкөл және  Еңбекшілдер аудандарында жағдайы төмен, балалары мүгедек екі отбасыға аталмыш аудандардан пәтер беру мәселесі шешімін тапты.
– Жастарды теріс ағымның ықпалынан қорғауда үгіт-насихат жұмыстарының алар орны ерекше. Жалпы, адамдарды, оның ішінде әсіресе, жастарды теріс ағымдардан сақтандыру бағытында қандай насихат жұмыстары жүргізілуде?
– Жастардың діни сенімі жайлы айтқанда алдымен ауызға дініміздің асыл құндылықтары оралады. Отбасында тәрбиенің көзі иманға арналмағандықтан, көпшілік жастар адасудың жолына түсіп кеткендерін де байқамай қаламыз. Санасы жұтаң, жүрегі иманға ұйымаған адамды жат ағымдар да жетегіне оңай түсіреді. Сондықтан, жастарымыз саналы болуы үшін діннің темірқазық болар сәулелерін  олардың жүрегіне жеткізіп, санасына құю бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Бүгінде еліміздегі діни ағымдардың алдын алу жұмыстары бойынша діни басқарма негізгі назарды жастарға бұрып, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің бастамасымен жастар ісі бөлімі құрылып, оң нәтижесін беріп отыр. Діни басқарманың Ақмола облыстық өкілдігі жастар арасындағы ағымдардың алдын алу жұмыстары бойынша біршама шараларды атқарып келеді. Атап айтар болсақ:
1. Жастардың адасушылығы да әртүрлі көздерден діни білім алудың салдарынан туындайды. Осының алдын алу мақсатында облысымыз бойынша 25 мешітте арнайы сауат ашу курстарында білімді-білікті мамандар жұмыс істеуде.
2. Жастарымыздың теріс діни мағлұматтарды ақпарат көздерінен, интернет беттерінен алатыны рас. Осы орайда, ҚМДБ Ақмола облыстық өкілдігі Nasihat.kz ақпараттық рухани порталын және әлеуметтік желілерде ВК, Инстаграм, Ватсап, Фейзбук, тағы басқа ресми парақшаларын ашты.
3. Ұлттық және діни мерекелерде жастар арасында интеллектуалды білім сайыстары мен мүшәйралар бәйгесі жарияланып отырады.
4. Құрбан айт және Ораза айт мерекесі қарсаңында ЖОО мен колледж студенттері арасында өткізілетін ұлттық спорт түрлерінен садақ ату, қазақ күресі және волейбол, футбол ойындарынан жарыстар дәстүрге айналып отыр.
5. Аталмыш мерекелер қарсаңында студент жастарға қайырымдылық астары мен жатақхана студенттеріне құрбан еттері, кілемдер, оқуға қажетті құралдар мен киім кешектер таратылады.
– Мешіт тек қана намаз оқып, садақа беретін орын емес, ол Құдайдың үйі. Осы орайда, келген адамдармен қандай жұмыстар жүргізіледі?
– Жаңа мешіттің рухани құндылығы мен сәулеттілігін көрсете отырып, әр сала өкілдерін, оның ішінде, өнер, спорт, мәдениет қызметкерлері мен оқушыларды, студент жастар, кәсіпкерлер мен ұлттық мәдени орталықтар мүшелерін және мүгедек жандармен арнайы кездесулер ұйымдастырылды. Сондай ақ, мешітке келуші азаматтардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, сұрақтарына арнайы мамандар жауап береді.
– Сәләфи, уаһаби ағымдары несімен қауіпті? Осы жайында да айтып берсеңіз.
– Біріншіден, сәләфи мен уаһаби ағымы бір екенін білуіміз тиіс. Уаһаби атауы 18 ғасырда өмір сүрген Мухаммад ибн Әбдул-уаһабпен байланысты. Ол өзінен бұрын өмір сүрген, көпшілік мұсылман ғалымдарға, дініміздің негізгі қағидаттарына қарсы көп пікірлерімен танылған Ибн Тәймияның көзқарастарын дамытқан адам. Сол үшін оның пікірін қолдаушыларды уаһабилер деп атаймыз. Қазіргі уақытта олар өздерін арабтың «сәләф» сөзінен алынған сәләфиміз деп атайды. Мағынасы «бұрын өткен». Шариғатымызда «сәләфу солих» яғни, «салиқалы буын» деген ұғым бар. Оған сахабалар, олардың көзін көрген, артынан ерген мұсылмандар – тәбиғиндер, одан кейін сол тәбиғиндерге ергендер – табаға тәбиғиндер жатады. Уаһабилер солардың жолымен жүреді-мыс. Сондықтан, өздерін сәләфилерміз деп атайды. Сол жолды
насихаттайды. Ол бағытта дәстүрлі матуриди ақидасына қайшы келетін тұстары бар. Елімізде сәләфилерді радикалды, байсалды деп бөлу үрдісі бар. Алайда, олай бөлген дұрыс емес. Себебі, қалай бөлсе де, олардың негізі бір, мойындайтын, тыңдайтын ғалымдары бір.
Шетелге шекара асып, соғысқа қатысуға ең негізгі себептердің бірі осы идеология. Себебі, ол көзқарас бойынша көп мұсылмандар діннен ауытқыған, кәпір, Аллаға серік қосушы болып саналады. Олардың қатарына намаз оқымайтын, алайда өзін мұсылман санайтындар да кіріп кетеді. Сондықтан, оларды өлтіруге, ар-намысын таптауға, мүлкін алып қоюға рұқсат береді. Осыдан көрініп отырғандай, мұндай көзқарас ислам дініне де, еліміздің бірлігі мен тыныштығына да қатерлі. Сондықтан, мешіттерімізде мұндай теріс көзқарастарды таратуға барынша тосқауыл қою негізгі міндетіміз болып отыр.
Алла егеменді еліміздің еңсесін биік, тәуелсіздігімізді баянды етсін! Әмин!
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар