Көкшетауда облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен көктемгі егісті ұйымшылдықпен, сапалы өткізу және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мәселелері қаралған облыстық кеңес болып өтті. Кеңес жұмысына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов қатысып, сөз сөйледі.
Кеңес өткен «Көкшетау» мәдениет сарайының алдында ауыл шаруашылығы техникасының көрмесі ұйымдастырылып, аймақ басшылары мен меймандар соны аралап көрді.
Кеңесті кіріспе сөзбен ашқан облыс әкімі Мәлік Мырзалин бүгінгі маңызды жиынға атқарушы және өкілетті органдардың басшылары, аудан, қала, ауыл әкімдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың, аудандық бөлімдердің, шаруашылықтардың, астық компанияларының басшылары, шаруа қожалықтарының жетекшілері, жанар-жағармай жеткізетін операторлар, ауыл шаруашылығы техникаларын сататын диллерлік фирмалардың өкілдері қатысып отырғандығын айта келе, келесі сөзді баяндама жасау үшін облыс әкімінің орынбасары Егор Каппельге берді.
Бұл баяндамадан соң кеңеске қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қосымша Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғановтың баяндамасын тыңдап, содан кейін жарыссөзге көшті. Жарыссөзде Шортандыдағы А.И.Бараев атындағы егіншілік шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры Жексембай Қасқарбаев биылғы көктемгі егістің агротехникалық шаралары, Жарқайың ауданының әкімі Асқарбек Үйсімбаев, Бұланды ауданындағы «Журавлевка-1» ЖШС директорының орынбасары
Ерлан Тоқанов, Жақсы ауданындағы «Труд» ЖШС директоры Григорий Седов жауапты науқанға дайындық мәселелері жөнінде айтып берді.
Кеңесте Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов сөз сөйледі.
Бұдан кейін ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бағытында облыста атқарылып жатқан жұмыстар туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан, Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов сөз алып, Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев, Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті басшысының орынбасары Берік Нығмашев, «ҚазАгроГарант» АҚ басқармасының төрағасы Дәулет Тәжімақин нақты істің жағдайына тоқталды және тиісті түсініктер берді. Зеренді ауданындағы «Еңбек Н-2017» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Нұржан Дүйсеков өз іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Кеңес жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Мәлік Мырзалин Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке өз мамандарымен келіп, облыстық кеңеске қатысқаны үшін алғыс білдіріп, бүгін өте маңызды әрі пайдалы әңгіме өрбігенін атап көрсетті. Облыс айтылған сын-ескертпелерден тиісті қорытынды шығаруы керек. Егіншілік саласын әртараптандыру өте тиімді. Одан түскен қаржы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өз қолдарына тиеді. Біздің аграршылар өндіретін өнімдер экологиялық жағынан таза. Сондықтан, оны экспортқа шығару мүмкіндігі де мол. Кеңесте айтылған суармалы егіншіліктің де осыған тигізер пайдасы аз емес. Олай болса, бұл жұмыс та назардан тыс қалмауы тиіс. Өз сөзінде осы мәселелерге жете тоқталған облыс әкімі ақмолалық ауыл еңбеккерлеріне алдағы көктемгі дала жұмыстарын ұйымшылдықпен, сапалы өткізуде жаңа табыстар мен сәттілік тіледі.
Асқар Мырзахметов,
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары –
Ауыл шаруашылығы министрі
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған биылғы Жолдауында агросектор ел экономикасының драйвері болуы керек деп атап көрсеткен болатын. Алға қойылған осы міндетті шешу үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Ол біріншіден, егістік алқаптарының құрылымын әртараптандыруды, импортты алмастырып, егіншілік және мал шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаруды көздейді.
Енді осы жұмыстардың Ақмола облысында қалай орындалып отырғанына келейік. Облыста майлы дақылдарды өңдейтін 6 зауыт, 13 сүт зауыты және 12 ет өнімдерін өңдейтін орын бар. Олар қазір өңделетін өнімдердің жеткіліксіздігінен 30-50 пайыз қуатында ғана пайдаланылуда. Мал өнімдерін дұрыс өндірудің негізі берік жемшөп қорында жатыр. Соған қарамастан, егіс алқаптарының үлес салмағында екпе шөптер 400 мың гектарды құрайды. Бұл аздық ететіні сөзсіз.
Біз биыл әр облыспен егіншілік саласын әртараптандыру жөнінде төрт жақты келісім-шартқа қол қойдық. Ақмола облысына да осынау белгіленген индикаторларды орындаудың маңызы өте-мөте зор. Бірінші кезекте тұқым шаруашылығы мәселелерін шешу керек. Министрлік тарапынан осы мақсатқа 580 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл мүмкіндікті ақмолалықтар да неғұрлым тиімді пайдаланып қалуы тиіс. Ең алдымен, дәнді және майлы дақылдар тұқымының сапасын екі есеге дейін арттыру, оларды себу технологиясын одан әрі жетілдіре түсу қажет.
Биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бөлінетін несиенің өсімі 6 пайыздан аспауына қол жеткізіп отырмыз. Бұл бірінші рет осылай болып отыр. Бұрын ол 9 пайыз болатын. Сондай-ақ, көктемгі дала жұмыстары кезінде жанар-жағармай акциздерін көтермеу жөнінде шешім қабылданды. Ол да аграршыларға едәуір көмек.
Көктем биыл кешеуілдеп жатыр. Соның салдарынан оңтүстікте дала жұмыстарының қарқыны былтырғыдан 20 пайыз төмен. Ол жақта ауа райының жылылығынан бұл тұйықтан ептеп шығуға болады. Ал, теріскейде мұның белгілі бір кері әсері бар. Жарқайың ауданы әкімінің өз сөзінде көтерген мәселені де біз жақсы білеміз. Әрине, ол қолдан келгенше ескерілетін болады.
Егіншілік саласын әртараптандыру, дәнді дақылдар алқабын қысқарту дегенде, біз өнім көлемін азайтуды айтып жатқан жоқпыз. Оны дұрыс түсініңіздер. Бұл арада әңгіме әрбір гектар жерді тиімді пайдалану жөнінде болып отыр. Гектар жағынан азайтсақ та, өндірілетін өнім мөлшерін кемітпеуіміз керек. Яғни, сапа мен түсімнің есесінен бұрынғыдан да мол астық алуды ойлауға тиіспіз.
Бұрын көктемгі егіс науқанында алынатын несие-ге әлеуметтік-өнеркәсіптік корпорациялар кепілдік беретін. Биыл біз мұны өзгерттік. Неге дейсіздер ғой. Алған несиелер дұрыс қайтарылмайды. СПК бұл жағынан бос уәде берумен ғана келді деуге болады. Ақмола облысының өзінде осындай 1 миллиард теңгенің шамасында қайтарылмаған қарыз бар.
Енді мал шаруашылығы туралы бірер сөз. Облыстағы мал бордақылау алаңдары да 30-40 пайыз көлемінде ғана пайдаланылуда. Бұл мал басының жеткіліксіздігінен орын алуда. Ал, оған әкеліп отырған бір себеп жоғарыда айтқанымыздай, жемшөп қорының тапшы соғуы. Осы арада, Ақмола облысының Астананың айналасында азық-түлік белдеуін жасауда негізгі орынның бірін алатынын да ұмытпауымыз керек. Соған қарамастан, мұнда көршілес Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыс-тарымен салыстырғанның өзінде ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны аз.
Кооперация – ауыл болашағы. Қазір елде ақша бар, қойылып отырған міндет те түсінікті. Барлық құрал-жабдықтардың 50 пайызына субсидия беріледі. Несие алу үшін кепілдікке де ештеңе сұралып жатқан жоқ. Ендеше, неменеге қарайлап отырмыз? Облыста
17 бірдей аудан, ауыл шаруашылығы құрылымдарынан тұратын Степногорск сияқты бір қала бар. Соған қарағанда кооператив саны тым болмаса, 18 болуы керек қой. Ал, әзірге құрылғаны 14 қана. Астана қаласын азық-түлікпен қамтамасыз етудің басты бір жолы да кооперация екені анық. Биыл осы пилоттық жобаға республика бойынша 50 миллиард теңге қаржы бөлінген. Олай болса, ендігі мәселе – халыққа осы істің артықшылығын жан-жақты түсіндіріп, ауыл шаруашылығы кооперативтерін неғұрлым көптеп құру.
Алдағы уақытта мал өнімдерін өңдеу жөнінен агроиндустриялық карта жасағымыз келеді. Біздегі өңдеу кәсіпорындары көп жағдайда модернизациялауды қажет етеді. Агроиндустриялық карта арқылы әр облыстың, ауданның осы бағыттағы жұмыстары нақты көрініс тауып отырар еді. Түйіндей айтқанда, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы Ақмола облысы үшін де ең басты мәселелердің бірі. Үкімет қазір агросекторға бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіп отыр. Осыны жан-жақты пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы саласын ілгерілету сөз жоқ, уақыт талабы.
Облыс әкімінің орынбасары
Егор Каппельдің баяндамасы
Облысымызда қазіргі күні агроөнеркәсіп кешенін көктемгі дала жұмыстарын өткізуге дайындау іс жүзінде аяқталды. Биылғы жылы өңіріміздің диқандары 4,7 миллион гектар жерге егін егуді жоспарлап отыр. Оның 4,3 миллион гектары дәнді дақылдар. Бұл өткен жылға қарағанда 9,6 мың гектарға артық. Бидай егістігінің көлемі 3,8 миллион гектарды құрап, өткен жылғы егіс көлемінен 38 мың гектарға кеміді. Майлы дақылдар 241,5 мың гектар алқапқа егіліп, 21,7 мың гектарға көбейіп отыр. Тұқым жеткілікті. Биылғы жылы аймақта 591,7 мың гектар алқапқа мал азығы дақылдары егіледі деп жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,5 мың гектарға көп.
Алайда, Астрахан, Аршалы, Ерейментау және Жарқайың аудандарынан басқа барлық аудандарда мал азығы дақылдарының алқабы өткен жылмен салыстырғанда біршама кеміген. Бурабай ауданында да 8,2 мың гектарға кем болады.
Бүгінгі күнгі облысымыздың барлық өңірлерінде мал басы өсіп отырған жағдайда бұл алаңдатарлық жай. Аудандардың басшылары мен мамандарынан мал азығы дақылдары алқабы көлемін кемітпеуді сұраймыз.
Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін қажетті уақыт та, бір жылдық және көп жылдық шөп тұқымы да бар.
Халықтың ішкі қажеттіктері ескеріле отырып, биылғы жылы 18,4 мың гектар жерге картоп, 4,3 мың гектар алқапқа көкөніс егілмек. Өткен жылға қарағанда осы дақылдар егілетін алқап көлемі тиісінше 357 және 55 гектарға артқан. Биылғы жылы ылғал үнемдегіш технология бойынша өсірілетін егіс көлемін 3,3 миллион гектарға, яғни, барлық егіс көлемінің 75 пайызына жеткізу көзделіп отыр.
Облысымыз тұқым қорымен толық қамтамасыз етілген деп айтуға болады. Өткен жылы 522 мың тонна тұқым қоры құйылған болатын. Тұқымның 86 пайызы 1 және 2 класты.
Жергілікті жерлерде тұқымды тасымалдау жұмыстарын жеделдету қажет және 10 мамырға дейін шаруашылықтар қажетті тұқыммен толық қамтылуы тиіс. Бүгінгі күні тұқымды дәрілеу жұмыстарының атқарылу деңгейі 60 пайыз болып отыр. Осыған орай, шаруашылық басшыларына бұл маңызды шараға немқұрайлы қарамай, уақытында орындауға көңіл бөлу қажеттігін ескертеміз. Бұл үшін қажетті жағдайлар бар. Облысымызда тұқымды дәрілеуге препараттар жеткілікті.
Техниканы көктемгі дала жұмыстарына дайындау аяқталуға жақын. Десе де, әр өңірде техникаларын жөндеуді әлі толық аяқтамаған шаруашылықтар кездеседі. Осыған орай, қолдағы бар күшті жұмылдырып, бұл жұмыстарды тез аяқтау қажет.
Облысымыздың шаруашылықтары соңғы төрт жылда машина-трактор паркін 10,3 пайызға жаңартқан. Дегенмен де, Ақкөл ауданында техника паркі небары 3 пайызға, Целиноград ауданында 5 пайызға, Зеренді мен Жақсы аудандарында 8 пайызға, Астрахан, Атбасар және Есіл аудандарында 9 пайызға жаңартылған. Бүгінгі күні облыс бойынша ауыл шаруашылығы техникаларының тозуы 66 пайызды құрайды. Осыған орай, біз әр жыл сайын машина-трактор паркін кем дегенде 8 пайыздан астам жаңартып отыруымыз керек.
Биылғы егіс науқанына 16 мыңға жуық трактор мен 16,8 сеялка, 1145 жоғары өнімді себу кешені қатыстырылатын болады. Алдын ала дайындалған жұмыс жоспарына сәйкес, облыста дәнді дақылдарды себу мерзімі 20 жұмыс күні ішінде толық аяқталады деп межеленіп отыр. Әр тәуліктегі егіс қарқыны кем дегенде 218 мың гектар болуы қажет. Бүгінгі таңда облыс шаруашылықтары дизель отынымен – 46,9 пайыз, бензинмен – 59 пайыз, дизель майымен – 58 пайыз қамтамасыз етілген. Облыстан бөлінетін 65 мың тонна дизель отыны толығымен жеткізілді. Осылай бола тұра, ерекше назар аударатын мәселелер бар. Соның бастысы – ауыл шаруашылығы дақылдарын алқаптарға сіңірудің мерзімінен ауытқымау. Бүгін көктемгі егісте қолданылатын агротехникалық шараларды А.И.Бараев атындағы институт ғалымдары егжей-тегжейлі айтып өтеді. Ғылыми болжам мен нақты іс ұштасқанда ғана мол табысқа қол жеткізуге мүмкіндік тумақ. Мол өнім алу үшін минералды тыңайтқыштарды қолдануға да жете назар аударған жөн.
Мемлекет үстіміздегі жылы тыңайтқыштардың құнын арзандату үшін 1,6 миллиард теңге бөліп отыр. Осы қаржының арқасында 24 мың тонна тыңайтқышпен 700 мың гектардан астам алқапты тыңайтуға мүмкіндік беретін субсидияландыруға қол жеткізіліп отыр. Қазір қолда 8,1 мың тонна тыңайтқыш бар. Биылғы жылдан бастап шағын және орта шаруашылықтар ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігулері керек. Бұл мәселе жергілікті атқарушы органдардың тұрақты назарында болуы шарт. Тұтастай алғанда бюджет қаржысын субсидия және несие түрінде бөліп, экономикалық тиімділігін барынша арттырып, өндірістің тұрақтылығына қол жеткізуіміз керек.
Сөз соңында биылғы көктемгі дала жұмыстарын табысты жүргізіп, мол өнімге қол жеткізуге зор мүмкіндігіміз бар екенін айта кетуіміз керек.
Осы орайда, жергілікті жерлерде барлық ұйымдастыру шаралары мен технологиялық мәселелерді тездетіп шешіп, көктемгі егіс тәрізді аса жауапты науқанға бар күш-қуатымызды жұмылдыра білуге тиіспіз.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі
Қайрат Айтуғановтың баяндамасы
Биыл дәнді және майлы дақылдар республика бойынша 22 миллион гектар алқапқа себіледі. Бұл – былтырғы жылдағыдан 311 мың гектарға кем деген сөз. Соның ішінде, белгілі бір мөлшерде бидай, мақта және күріш егістіктері азайтылғалы отыр. Олардың орнына майлы, бұршақты дақылдар көбірек себілмек. Жоғарыда айтылған егіншілік құрылымында дәнді дақылдар 15 миллион, ал, бидай 12 миллион гектар алқапты алатын болады. Қабылданған меморандумға сәйкес Ақмола облысы бойынша да себілетін әр дақылдың нақты көлемі белгіленген. Бұл облыстың осы меморандум талаптарын бұлжытпай орындауға тиістігін және бір айғақтай түседі. Әзірге себілетін майлы дақылдардың көлемі кемшін соғып отырғаны байқалады.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге аймаққа 60 миллиард теңге несие бөлінген. Ол ауыл шаруашылығы құрылымдарына микрокредиттік ұйымдар мен екінші деңгейлі банктер арқылы берілетін болады. Оның барысында белгілі бір дақыл түрлеріне басымдық беру жағы да ескерілетінін айта кету керек.
Облыста алдағы көктемгі егіске 566 мың тонна тұқым құйып алынған. Сататын басы артық 74 мың тонна тұқым қоры да бар. Бұл жағынан жағдай жаман емес. Енді кейбір қол байлаған мәселелерге тоқталсақ, тұқым шаруашылығын дамыту үшін 583 миллион теңге қаржы қажет. Облыс бюджетінен минералдық тыңайтқыштар сатып алуға 1 миллиард 600 мың теңге бөлініп отыр. Бұл – 2016 жылы бөлінген қаржыдан көп.
Көктемгі дала жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай қысқа мерзімде өткізу үшін 50 мың тонна жанар-жағармай қажет болса, бүгінгі таңда оны сатып алуға келісім-шарттардың барлығы жасалған. Әр литр жанар-жағармайдың құны 124 теңгеден келеді. Бұл баға да ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін 5 теңгеге арзан. Бүгінгі күнге дейін облыста тракторлардың 91, тұқым себетін сеялкалардың 98 пайызы жұмысқа дайын. Мұның өзі көкейге облыс осы жауапты науқанды дер мезгілінде, ойдағыдай атқарып шығады деген берік сенім ұялатады. Әрине, бұл үшін министрлік те өзіне тиесілі мәселелерді жергілікті органдармен бірлесе отырып, оң шешуге қолдан келгеннің бәрін жасайтыны белгілі.
Суармалы егіске көңіл бөлу керек
Ислам Әбішев,
АШМ Су ресурстары
комитетінің төрағасы:
– Ақмола облысында 610 мың гектар жерді жаңартып, қалпына келтіру керек. Облыста бұрын 31 мың гектар суармалы жер болды. Олардан қаншама өнім, жемшөп алынып отырды. Қазір сұрасақ, осы суармалы жерлерді жоқ дейді. Биыл облысқа осы мақсатқа 1,5 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл – ең төменгі мөлшердегі қаржы. 144 гектар жерді ғана көлдете суаруға жетеді. Қазір осы лиманды жерлердің бірде-бір құжаты жоқ. Республика бо-йынша 22 су қоймасы салынғалы жатыр.
Осыған да Ақмола облысынан мүдделілік байқалмайды. Мұның өзі біле білсек, екі мәселені шешер еді. Біріншіден, облыста көктемгі су тасқыны жиі байқалатындықтан, осы бағыттағы тасқын су мен жаңбыр суы жиналып, табиғат апатына тосқауыл қойылады. Екіншіден, ол суды суармалы егіске пайдалануға болады. Бір сөзбен айтқанда, бұл бағытта жұмыс мардымсыз. Ал, мұның өзі Елбасының тапсырмасы екенін естен шығармаған жөн.
Берік Нығмашев,
АШМ мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының
орынбасары:
Әлі аз құрылған
– Еліміз бойынша жергілікті әкімдіктерге 5 мыңға жуық шаруашылықты ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру міндеті қойылып отыр. Бүгінге дейін кооперация негіздері жөнінде оқу ұйымдастырылды, бірыңғай CALL орталығы және портал құрылды. Бұған қоса, министрлік сайтында сарапшылар тобы оқытылып, арнайы семинар өтті.
Үстіміздегі жылдың 2-16 ақпан аралығында жұмыс тобы осы мәселе бойынша бүкіл аудандарда кездесулер өткізді. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілуде. Мәселен, сүт қабылдау пункті 5 миллион теңге тұрса, оның 2,5 миллион теңгесіне қайтарымсыз субсидия беріледі. Мұндай субсидиялар сауын сиырлар табынын жаңарту, сиыр сауатын аппараттар сатып алу шараларына да қарастырылған. Жергілікті әкімдіктерден тек кооперативтерге ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу талап етіледі.
Енді Ақмола облысында осы тұрғыдағы индикаторлық жоспарлардың орындалуына келсек, бүгінге дейін 14 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Бұл аз. Оның бесеуінде немесе 36 пайызында ғана құрал-жабдықтар бар. Жоспар бойынша 13 сүт қабылдайтын орын ашу көзделсе, бүгінге дейінгі ашылғаны – 12. Соның ішінде 2017 жылы ашылғаны –
9. Олардың бесеуі тиісті жабдықтармен қамтылған. Аршалы, Жарқайың, Қорғалжын, Шортанды аудандарында осы индикаторлық жоспарлар 13 кооперативі жұмыс істеуі үшін биыл 85 сүт қабылдайтын орын ашылуы керек.
Облысқа ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және оларды жабдықтау үшін 3,4 миллиард теңге қаржы бөлінгелі отыр. Бұл қаржыға мал сою пункттерімен бірге 30 кооператив, сондай-ақ, отбасылық 8 мың кооператив құру қажет. Индикаторлық жоспар бо-йынша 12 сүт тасымалдау көлігі сатып алынуы тиіс. Бұл орайда, әрбір ауылдық округке белгілі бір салаға мамандануды ұсынамыз. Әр облысқа типтік бір ауыл шаруашылығы кооперативін құру жөнінде тапсырма берілген. Атбасар ауданында осындай «СПК Көкше» кооперативі құрылып отыр. Жалпы, ауыл шаруашылығы кооперативтері келешекте тек қана сүт, етпен емес, басқа да өнім түрлерімен айналысулары керек. Сонда одан қайтарым да неғұрлым мол бола түседі.
Кепілдік береміз
Дәулет Тәжімақин,
«ҚазАгроГарант» АҚ басқармасының төрағасы:
– Мемлекет өнімді жұмыспен қамту туралы бағдарлама қабылдады. Біздің акционерлік қоғам осы бағдарлама бойынша алынатын несиелерге кепілдік берумен айналысады. Бұл несиенің ең жоғары мөлшері 8 мың айлық есептік көрсеткішке тең. Үстінен төленетін өсімі 6 пайыз. Біз осыған өтеусіз негізде кепілдік береміз.
Қазіргі уақытта еліміз бойынша 14 өкілдігімізді ашуды көздеп отырмыз. Бұл өкілдіктер барлық облыс орталықтарын қамтымақшы. Соның ішінде сәуір айының аяғында Ақмола облысында да осындай өкілдігімізді ашатын боламыз.
Жоғарыда айтылған өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша Ақмола облысында 804 миллион 800 мың теңге қаржы игерілуі тиіс. Осы мақсаттағы несиеге кепілдік алу үшін біздің кредиттік серіктестіктерге хабарласа аласыздар. Біздің ҚазАгроГарант сіздердің өтініштеріңізді аяқсыз қалдырмай, 14 күннің ішінде қарайтын болады. Жалпы, біздің қазіргі уақытта бұл мерзімді 7-10 күнге дейін қысқартып, мәселені неғұрлым тезірек шешуді қарастырып жатқан
жайымыз бар.
Осылайша жұмысымызды үш жақты келісім-шарттың негізінде жүргізіп, өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатқан тұлғаларға өз көмек қолымызды созбақшы ниеттеміз.
Қазірден жақсы тәжірибе де бар
Нұржан Дүйсеков,
Зеренді ауданы «Еңбек Н-2017» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы:
– Біздің Приречный селосы мал ұстауға қолайлы жер. Сондықтан болар, жергілікті тұрғындар ауыл шаруашылығы кооперативін құру жөніндегі ұсынысты бірден қолдап, сүт бағытын таңдап алды. Елді мекен облыс орталығына жақын орналасқандықтан, «Гормолзавод» серіктестігімен бұрын да қарым-қатынасымыз болған.
Біз тұрғындар жиынында өз кооперативімізді құрғанда, құрамына 11 қатысушы кірген еді. Қазір олар 30-ға дейін көбейді. 100 бас сиырымыз бар. 600-700 литрден сүт өткіземіз. Бүгінге дейін кооперативтің 8 мүшесі 13 миллион теңге көлемінде несие алды. Оған мал санын өсіруде. Алдағы уақытта сүт қабылдайтын модульдік пункт сатып алғымыз келеді.
Бұрын ауылда кейбіреулер сиырларын саумайтын. Енді қайта сауа бастап, сүтін өткізуге айналды. Мал тұқымын асылдандыру үшін асыл тұқымды бұқа да сатып алуды ойластырып
отырмыз. Берік жемшөп қорына көңіл бөлетін боламыз. Бастамамыз жаман емес. Үкімет те бізді қолдап отыр.
Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып…
Жексембай Қасқарбаев,
Бараев атындағы егіншілік ғылыми-өндірістік орталығының директоры:
– Облыстың әр ауданындағы жағдай әртүрлі. Сол себепті, тұқым себу мерзімін әр аймақ жергілікті жердің ерекшеліктеріне орай дұрыс анықтаулары қажет. Сондай-ақ, химиялық өңдеуді де біздің орталық дайындаған ұсыныстарда көрсетілген жайларды ескере отырып жүргізген жөн. Шаруашылықтар ең бастысы, егін егу технологиясын қатаң сақтауға және тұқым таңдау мәселесіне баса көңіл бөлсе, ауа райына тәуелді болмай-ақ, өткен жылғыдай сапалы, мол өнім алуға болады.
Қардың көп түсуі мен көктемнің кеш келуі топырақта ылғалдың мол болуына септігін тигізеді. Бұл мол өнім жинауға бірден бір себеп. Егер алдағы жаздағы ауа райы жайлы болса, бидайдың сабағы да, масағы да жақсы өсетіні сөзсіз. Ал, сапасы тамыз және қыркүйек айындағы ауа райына тікелей байланысты болмақ. Осы кездегі ыстық астықтың пісіп жетілуіне біраз сеп болар еді.
Ерлан Тоқанов,
Бұланды ауданы «Журавлевка-1» ЖШС директорының орынбасары:
– Серіктестік элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие. Биылғы жылы 53 мың гектар алқапта көктемгі егіс жұмыстары жүргізіледі. Бұл алқаптарға бидай, арпа, сұлы, күздік бидай, қарақұмық, бұршақ, жасымық, майлы және мал азығы дақылдары сіңіріледі. Картоп пен көкөніс отырғызылады. Пар көлемі 12,1 мың гектарды құрайды.
Қырманға тұқымды толық арамшөптен тазалайтын фотосепаратор орнатылып, тұқым сапасын арттыруға жағдай жасалды. Жыл сайын дәнді және майлы дақылдар, біржылдық және көпжылдық шөп тұқымын сатамыз. Шаруашылықта 50 мың тонна астық және 3 мың тонна картоп сақтайтын қойма бар. Бау бақшада тамшылап суару жүйесі орнатылған. Шаруашылықта жаз бен күз айларында бес жүз адам еңбек етеді. Серіктестіктегі 20 егіс кешені, 15 «К-700» агрегаты егіс жұмысын 15 күннің ішінде атқаруға мүмкіндік береді.
Мұрат Балпан,
облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
– Биылғы жылы облыста сүт бағытындағы 30 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылады. Әрқайсысының сүт қабылдайтын орындары болады. Бұл мақсатта облыс әкімінің тапсырмасы бойынша сүт сатып алуды орталықтандыруды «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтеріне сүт таситын арнайы көлік сатып алуды ұйымдастыру мәселесі қаралуда.
Сондай-ақ, 320 отбасылық мал бордақылау алаңы да ашылады. Кооперативтердің қатысушылары үшін 5,5 мың бас сиыр сатып алынбақшы. Отбасылық мал бордақылау алаңын құратын 272 қатысушы анықталды. Бұл жұмыс одан әрі жалғасуда. Кооперативтер құру үшін облысқа 3,7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның 2012,0 миллион теңгесі өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған.
Асқарбек Үйсімбаев,
Жарқайың ауданының әкімі:
– Биыл 600 мыңнан астам гектар алқапқа дән сіңіреміз. Оның 594 мың 917 гектары дәнді және бұршақты дақылдар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 мыңға жуық гектар артық. Көктемгі егіс науқанын 18 жұмыс күнінің ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ол үшін күніне 32555 гектар алқапқа дән егетін боламыз. Біржылдық, көпжылдық шөп пен жүгері тәрізді мал азығы дақылдарын 3600 гектар жерге себеміз. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1407 гектар артық. Сондай-ақ, 5162 гектар алқапқа майлы дақылдар сіңіруді жоспарлап отырмыз. Жер жырту, уақытында қар тоқтату, ылғал жабу, топырақты егіс алдында өңдеу сияқты агро-техникалық шаралардың бәрі жылма-жыл ескеріліп келеді. Астықты алқаптың 60 пайызына ылғал сақтау технологиясы енгізілген.
Аудан бойынша соңғы үш жылда өнімділігі жоғары 108 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Техниканы жаңарту биыл да жалғасын табады. Сондықтан, көктемгі егісті ұйымшылдықпен өткізетінімізге сенім мол.
Григорий Седов, Жақсы ауданы «Труд» ЖШС директоры:
– Біздің серіктестік 2002 жылы «ТНК Агрофирмасы» серіктестігінің құрамына кірді. 2005 жылдан бері тұқым шаруашылығы болып табыламыз. 25-30 сәуір аралығында 13300 гектар алқаптың ылғалын жабамыз. 4225 гектарға тыңайтқыш енгіземіз. Егіс алдында 4889 гектар алқапты химиялық және 5070 гектар жерді механикалық әдіспен өңдейміз. Сөйтіп, көктемгі егіске 27484 гектар алқап дайындаймыз.
Биылғы жылы 28192 гектарға дәнді және майлы дақылдар сіңіреміз. Оның 69 пайызы жұмсақ бидай, 8 пайызы қатты бидай, 23 пайызы зығыр. Біршама жеріміз Сандықтау ауданының аумағында. Мал азығы дақылдарының алқабы 600 гектарды құрайды. Соңғы бес жылда көктемгі егіс жұмыстарын 20-30 мамыр аралығында атқарып жүрміз. Зығырды 15-19 мамыр аралығында себеміз. Өткен жылы 4108 гектар алқапқа 1106 тонна минералдық тыңайтқыш енгізілді. Осының арқасында мол астық алынып, бидайдың сапасы жақсарды, топырақтың құнарлығы артты.
Ермек Нұғыманов,
Ерейментау ауданының әкімі:
– Ұсақ шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру туралы міндеттер біздің өңірде де қолға алынуда. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы соңғы 4-5 жыл ішінде 3350 бас асыл тұқымды сиыр сатып алынды. Сөйтіп, ауданда үш асыл тұқымды шаруашылық ұйымдастырылды. Оның бірі Солтүстік Америкадан жеткізілген 526 бас ангус тұқымды ірі қара мал өсірумен айналысса, екеуі 1000 бастан астам қазақтың ақ бас сиырларын өсіруде.
Кейінгі уақытта екі мал бордақылау алаңы, «Жаңа Береке» шаруа қожалығының жылдық қуаты 5000 тонна ет өңдеу кешені іске қосылды. Аудан 189 тонна ірі қара етін экспортқа шығарды. Бүгінгі таңда бес ауыл шаруашылығы кооперативі мемлекеттік тіркеуден өтті.
«Алтынды шыққан жерінен қаз» дегендей, біз Шымкенттің мал бордақылау кәсібімен бүкіл Қазақстанға әйгілі Қарабұлақ ауылынан бес отбасының ат басын өзімізге бұрып, көшіріп алдық. Ағайындар осында қыстап көр деп Елтай ауылына өздерінің Нығметжан Әлімқұлов деген бауырларын қалдырып кетті. Нығметжан аман-есен қыстан шықты, қазір ауданға уақытша тіркеуге тұрып, өз ісін дөңгелетемін деп отыр.