Қос шынар

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанынан құрылған Аналар кеңесінің қолдауымен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күніне орай, «Қос шынар» атты әдеби-музыкалық шара болды.

 

Көкшетау қаласында 2012 жылдан бері атап өтіліп келе жатқан «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні жыл өткен сайын қанатын кеңге жаюда. Өткен жылдары мұндай іс-шараларға жоғары және орта арнаулы оқу орындарының қабырғасында оқып жүрген студенттер мен оқушылар қатыстырылса, бүгінде мектеп оқушылары да тойлайтын болды. Бұрын соңды «Әулие Валентин» күнінің баламасы ретінде өткізіліп, «ғашық жұптардың» байқаулары тәрізді әсер қалдыратын. Ал, бұл жолы Көкшетау қалалық қазақ кітапханасында ұйымдастырылған кеште халық ауыз әдебиетінің мұралары – ғашықтық жырлары кеңінен насихатталды.
Кітапхана қызметкерлерінің осы кештің мазмұнына әдеби танымдық тұрғыдан мән беруі ұтымды болып, жиналған жұртшылықтың көңілінен шықты.
Сан ғасырлар бойы аттары аңызға айналған тұлғалардың махаббат дастандарын, жырларын насихаттау арқылы жастарға қыз балаға тән әдеп, иба, инабаттылық, ер балаға тән ержүректік, қайсарлық, батылдық қасиеттерін сіңіру, олардың бойына ұлттық құндылықтарды ұялату мақсатында ұйымдастырылған кеште Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясының «Баян сұлу» және №17 қалалық орта мектептің «Мәншүк» клубтарындағы оқушылар мен «Көкше әлемі» жас ақындар клубының мүшелері қатысты. Оқушылар «Қыз Жібек», «Еңлік-Кебек» жыр-дастандарынан үзінділер қойып, ақындар махаббат тақырыбында жазған өздерінің өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.  
Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова іс-шара соңында жастарға қазақ халық ауыз әдебиетінің жыр-дастандарын оқып, онда жырланатын әдет-ғұрып, тәлім-тәрбие, салт-дәстүрлерді көңілге түйіп жүрулері қажеттігін айтып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақаласында көтерілген ұлттық код, ұлттық рух, ұлттық құндылықтар жайында кеңінен әңгімеледі. Шараға белсенді қатысқан оқушылардың клуб жетекшілеріне кеңес атынан Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті. Көкшетау қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Анаргүл Белгібаева да оқушыларға арнайы әзірленген кішігірім сыйлықтарды үлестірді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар