Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ою ойғанның ойы терең - АРҚА АЖАРЫ

Ою ойғанның ойы терең

Киіз үйдің биік шаңырағы астындағы қазақтың ұлттық бұйымдары анадайдан көз тартады. Ортадағы қазақы дастархан, киелі бесік, сәнді сандық секілді ағаштан жасалған заттар өзіндік ұлттық нақыштарымен ерекшеленеді. Әр алуан матаға тігілген кестелер мен киізге басылып оюланған, ұлттық нақышта жасалған қолданбалы өнер туындылары шеберлікті паш ететіні сөзсіз.  

 

«Қоғамдық келісім» мекемесінде салтанатты ашылған «Өнер  көзі  – халықта»  атты көрме Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы халықтық сәндік-қолданбалы өнер шеберлері қауымдастығының мүшелері, Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясының оқытушылары Нұрлан Есенбеков пен Гүлбара Нұрқанованың шығармашылығына арналды. Көрменің ашылу салтанатында «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері, қауымдастық мүшелері, мектеп-гимназияның оқытушылары мен оқушылары көрме ұйымдастырушыларының қолынан шыққан туындылар жайында өздерінің пікір-көзқарастарын білдіріп, ақ жарма тілектерін аямады.
«Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Манап Ысмағұлов ұйымдастырылып отырған алтыншы экспозицияның авторларына мекеме басшысының атынан Алғыс хаттар тапсырып, өзінің ізгі ниетін білдірді. Сондай-ақ, «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов пен «Аналар кеңесінің» төрайымы Зере Қиықова ұлттық мәдениетіміздің асыл қазыналарын, ұлттық қолөнер шеберлігін жас ұрпаққа жеткізіп,  үйретіп жатқандықтарына ризашылықтарын айтты.   
«Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, көрме авторлары бала кездерінен қолданбалы өнер туындыларын жасауға ден қойып, соны терең дамытып, үйреніп, өмірлік серіктеріне айналдырған.
– Мен кішкентай кезімнен әжем мен анамнан ісмерлік, шеберлік жұмыстарын көріп өстім. Мұны ұлттық өнер деп емес, кез-келген қыз-келіншек білуі тиіс деп ойлайтынмын. Әжем өзі ою ойып, түрлі көрпешелер тігіп отырғанда: «істегенің маған, үйренгенің өзіңе жақсы», – деп ақылын айтып, тігудің қыр-сырын түсіндіретін. Әжемнен естіп-көрген шеберлік сыныбын ештеңе де алмастыра алмайды деп ойлаймын, – дейді Гүлбара Намазбекқызы.
Бүгінде ол ұлттық бұйымдарды жасауды, кесте тігу мен ою оюдың технологиясы мен техникасын жас ұрпаққа насихаттап, білім ордасында үйретіп жүр. Щучье қаласындағы кәсіптік педагогикалық оқыту техникумына түсіп, онда техник және технология мамандығын меңгеріп шыққан. 1985-1990 жылдар аралығында Ерейментау ауданындағы кәсіптік-техникалық училищесінде шебер болып жұмыс істейді. Содан кейін Көкшетауға қоныс аударып, осындағы білім ордаларында шебер, технолог мамандығы бойынша еңбек етеді. 2007 жылдан бері Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясында технология сабағын беріп келеді.
Көрмеге қойылған бұйымдарға салынған ою-өрнектерде көбінесе қошқар мүйіз, арқар мүйіз, құстұмсық, құсқанат секілді түрлері кездеседі. Бұл ою-өрнектер оның көп жылдан бері жинақтаған тәжірибесі, әжесі мен анасынан көрген үлгісі. Соларды ол өз тарапынан түрлендіріп, дамытқан. Жаңа технологияларды қолданып, заманауи заттар мен бұйымдарға ұлттық нақыштағы ою-өрнектерді келтіріп, безендіреді. Осы арқылы жас ұрпақ көшпелі ата-бабамыздың өнерін түсініп, ұғынады, – дейді ол.
–  Жәрмеңкелерге апарып, сатып көрдіңіз бе? Сұраныс қалай?» – деген сұрағымызға Гүлбара Нұрқанова:
– Ұлттық бұйымдарға сұраныс көп. Әсіресе, тойшыл қазақ салт-дәстүр ырымдарын жасауға қажетті бұйымдарды сұрап жатады. Өзім сатуға арнайы жасаған емеспін. Туған-туыс, жора-жолдас, әріптестер қолқа салғанда, анда-санда қолым қалт ете қалса, дайындап беруге тырысамын. Өзім арнайы сатылымға шығармағаннан кейін сатып алушылар көп деп айта алмаймын. Бірақ, той қалталарына сұраныс бар, – деді шебер.
Осы білім ордасында онымен бірге технологиядан сабақ беріп жүрген жас маман Нұрлан Есенбеков:
– Ағаштан бұйым жасап, ою ойып, ұлттық өрнектерімізді  салуға мен де бала кезден қызығып өстім. Бұған себепкер – өзімнің әкем. Бала кезімде балалармен ойын ойнауға қылыш керек болды. Сөйтіп, әкем маған қайыңнан түрлі ою-өрнек салып, қылыш жасап берді. Соны көріп, қатты қызықтым. Әкемнің мамандығы құрылысшы болатын. Қолы бос кезде ат әбзелдерін, ер тоқымды өзі жасап, ноқтасын өзі жіптен өріп алатын. Соған қызығып, мен де әкем сияқты болғым келді. Мектеп бітірген соң, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің туризм және дизайн факультетіне оқуға түстім. Марлен Сұлтанияев ағамыздан ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасап үйрендім. Онда астау, ожау, қобдишалардан бастап, көшпелі заманда қажет болған тұрмыстық бұйымдардың түр-түрін жасап үйрендік, –дейді ағаш ою шебері.
Нұрлан бар игерген, меңгергендерін қазір мектеп оқушыларына  үйретуде. Ұлттық бұйымдардың шығу тарихы мен оның көшпелілер өміріндегі пайдасы жайында айтып, үйретіп отырады. Мектеп-гимназия болғаннан кейін мұндағы балалардың уақыты өте тығыз. Еңбек сабағына келгенде, олар өздеріне ұнайтын шаруамен, ағаш қашау, ағашқа ою-өрнек салу секілді ұлттық мәдениетіміздің мұраларын жасап үйренумен шұғылданады. Кез-келген бұйымға ұлттық нақыштарды келтіруге болады, бірақ, ол бұйым мен өрнек бір-біріне сәйкесуі керектігін ескертті шебер.
«Ою ойғанның ойы терең болады» деген сөз бар. Ұлттық ою-өрнектердің шеберлері Гүлбара мен Нұрланның көрмесі осының айқын дәлелі. «Өнер көзі – халықта» көрмесі ағымдағы жылдың 15 мамырына дейін «Қоғамдық келісім» мекемесінің көрме залында жалғасатын болады.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар