Облыс орталығының іргесіндегі Краснояр селосының қарт тұрғыны Сәлима Әлиеваны Көкшетау қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев пен қалалық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Ғайса үйіне барып, амандық-саулығын біліп, құттықтап шықты.
Сәлима әжей 100 жылдық ғұмырының ішінде тағдыр-талайы пешенесіне жазған ащылы-тұщылы өмірдің бәрін көрген. Жастық шағы қиын-қыстау уақытпен тұспа-тұс келген. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ел басына төнген ауыртпалықты бұл кісі де арқалаған. Ер-азаматтың бәрі қолына қару алып, қияндағы майдан даласына аттанған кезде тылдағы тынымсыз жұмыстың кәтепті қара нарға жүк болар зіл салмағын тал шыбықтай бұралған әйелдер көтергені белгілі. Егін де екті, мал да бақты олар. Таусылып бітпес қоғамдық жұмыстарды қиналса да қайыспай атқара білген абзал аналар сан шаруаның басын қайыра жүріп, шиеттей бала-шағаларын да өсірді.
Сәлима әжей жарық дүниеге 12 бала әкелген екен. Қазір сол перзенттерінің 5-еуінің көзі тірі. Бауыр еті балалары сыйлаған 23 немере мен осынша шөберенің ортасында қарт әже асыл қазына іспетті.
Қазір Ғабдылжан есімді немересінің қолында тұрады. Қабаққа кірбің ұялататын бір жай, баспананың жоқтығы. Әзірге жалдап тұрады. Бір ауыз сөз адам жанын семіртеді емес пе. Ел билігіндегі азаматтардың өзін елеп-ескеріп, табалдырығын аттағанына ғасырмен құрдас әже арқа-жарқа болып, қуанып қалды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.