«Болжамымыз дәл келсе дейміз»

Ауа райының ахуалын күні бұрын  біліп, ғылыми дерекке негізделген, дәлдігі жоғары болжам  жасайтын метеорологтардың еңбегі зор.  Таяуда  «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны  Ақмола  облыстық филиалының директоры  Бақыт Мақажановамен кездесіп,  аталмыш орталықтың  тыныс-тіршілігімен  нақтырақ  танысудың  сәті түсті. 

  – Бақыт Рысбекқызы, облысымызда ауа райын болжайтын қанша  «Қазгидромет»  орталығы  бар  екенін  және    өз  жұмыстарыңыз жөнінде кеңірек әңгімелеп берсеңіз.
– 1950 жылдың 23 наурызында дүниежүзілік «World Meteorological Organization» метеорологиялық  ұйымы  құрылған.  Қазір осы ұйымға 197 мемлекет мүше, соның ішінде біздің ел де  бар.  1886 жылдан бастап Атбасар қаласында,  1895 жылы Көкшетау  мен  1909 жылы Ақкөл қалаларында  құрылған метеостанциялардың бүгінгі таңда 100 жылдық тарихы бар. «Қазгидромет» мемлекеттік  кәсіпорны Ақмола облыстық филиалы гидрометеорология саласында әлемдік стандарттарға сай жұмыс істеуге талпынады.  Ұжымда өз ісін жақсы білетін білікті  мамандар жұмыс істеуде.  Біздің басты мақсатымыз – халыққа дер кезінде дұрыс ауа райы болжамдарын  ұсыну болып табылады.  90  бақылау бекеті   мен 19 дәстүрлі метеорологиялық,19 автоматты, 21 агрометеорологиялық, 28 гидрологиялық,  7 автоматты агрометеорологиялық, 10 автоматты гидрологиялық бекет жұмыс істейді. Атбасар қаласының метеостанциясы халықаралық  мәртебеге ие  және  ол ғаламдық желіге кіреді.  
Жалпы, облыс бойынша осы салада 200-дей адам еңбек етуде. Метеорологиялық станциялардағы мамандар тәулік бойы ауа райын қадағалайды. Атқарып жатқан жұмысымыз көзге көрінбегенімен, осы салада қызмет етіп жатқан қызметкер өзіне жүктелген жауапкершіліктің жүгін жақсы сезінеді. Себебі, дұрыс берілмеген ақпарат ертеңгі күні  мыңдаған адамдардың өміріне қауіп төндіруі де мүмкін.   
–   Орталықта неше бөлім бар?
– Метеорология, гидрология, метеоболжам бөлімдері  мен өзіміздің зертханамыз бар.
Көктемде қар күрт ери бастаса,  су тасқыны орын алуы әбден мүмкін. Биыл да Атбасар
ауданына қарасты Жабай,  Астрахан ауданындағы Қалқұтан  және Қорғалжын ауданындағы  Нұра өзендері мен  Целиноград ауданын  су тасқынына  қауіптілігі жоғары аймақтарға жатқызып отырмыз. Осы аймақтарға мұқият болу қажеттігі жөнінде облыстық әкімдік пен  облыстық төтенше жағдайлар департаментін хабардар еттік. Айта кетерлігі, біздің қызметкерлер  наурыз айының   алғашқы күндері  жылы болса, айдың ортасы  +4 тен +5-ке дейін  көтерілетінін, содан кейін  күннің суытатынын  өз болжамдарында  көрсеткен болатын. Осы ақпарат жалған болмай  шықты. Ал, енді сәуір айының ауа райы болжамдарын айта кетсек, бұл айдың алғашқы онкүндігінде кей жерлерде  көктайғақ, жауын-шашын болады деп болжанған. Тек   үшінші онкүндікте ғана күн  жылынып, түнде +7, ал күндіз +12-ден +17  градусқа дейін барады.  Кей жерлерде  +22-ге дейін көтеріледі. Бірақ, бір айтарым, мұның бәрі болжам.
– «Gismeteo» және   өзге де   ауа райы болжамдарын халыққа ұсынатын  мобильді қосымшалар бар. Олардың ақпараты қаншалықты шынайы?
– «Қазгидромет»  мемлекеттік кәсіпорны кез-келген ұйымды ресми ақпаратпен, ауа райы болжамдарымен қамтамасыз ететін  құқылы заңды орган.  Біз өз болжамдарымызды
www.kazgidromet.kz  деп аталатын жеке  сайтымызға  саламыз.  Өкінішке орай, кейде  телеарналар   мен   басылым беттерінен  неше түрлі болжамдарды көріп жатамыз.   Бұл  сол саланың адамдары әртүрлі дерек көздерінен мәлімет алады деген сөз. Өзге  сайттардағы  ауа райы болжамдарының қаншалықты дәл келетініне біз жауап бере алмаймыз.
–  Ауа райын болжайтын мамандарды қандай талаптар бойынша жұмысқа аласыздар?
–  Ең алдымен қызметкер өз ісіне аса жауапкершілікпен қарауы керек. Себебі, бұл қызметтің мамандары өте мұқият болуы қажет. Өз ісін жақсы білетін мамандар ғана осы саланың қыр-сырын жетік меңгеріп, жақсы жұмыс атқара алады деп ойлаймын.  Сонымен қатар,   синоптик өзі  отырған  аймақтың  физикалық-географиялық жағдайын да жақсы білгені абзал. Сол  өңірге сай құбылыстарды  білмесе, оның ауа райы болжамдары қате болып шығады. Мәселен,  Ерейментау ауданында өзге аймақтарға қарағанда  желдің соғу  жылдамдығы  ерекше.  Сондықтан да, синоптик осы жердегі   желдің жылдамдығын да ескермесе,  оның болжамы  қате болып шығады. Сонымен қатар, Бурабай ауданы   таулы аймақ.  Жақын өңірлерде  жауын жаумай тұрса,  бұл ауданда  жаңбыр жаууы мүмкін немесе керісінше.  Сондықтан, біздің орталықта мүмкіндігінше жан-жақты білімді, өз ісіне мұқият  қарайтын   мамандар  жұмыс істегенін қалаймыз.
– Сөз соңында биылғы жаздың қалай болатынынан бірер ауыз сөз айта кетсеңіз.
– Бізде жалпы болжам бар. Бірақ, халыққа нақтылығы керек қой. Қазір мамыр айының  ауа райы болжамымен айналысу үстіндеміз.      
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген  Назгүл РАБИЛОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар