ҒҰМЫРНАМА

немесе мүшелдің ғылыми негізі

Он төрт жасымда әкем нақұрыс болатын, мен сол кезде оған зорға шыдайтынмын.
Жиырма бірге келгенімде, жеті жыл ішінде қарияның ақылы осыншама толысқанына таң қалдым.
                                                                            Марк Твен.

Халқымыз ежелден пайдаланатын Тәңірлік, айлық (лунный) немесе жалпы шығыстық күнтізбе-календарь 12  жылдық циклдан тұратыны баршаға белгілі. Өйткені, Күннің аспан белдігіндегі бір жылдық қозғалыс шеңберін Юпитер планетасы тек 12 жылда 1 рет толық айналып өтеді. Сондықтан, бұл күнтізбе – ғарыш заңдылықтарынан туындаған, ғылымға негізделген және ғасырлар бойы тексеріліп, дұрыстығы тәжірибеде дәлелденген маңызды мерзім өлшемі. Мүшелдің он екі жылы абстракциялық түрде 12 хайуанаттың атымен аталады. Олар: тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит және доңыз.
Өткен ХХ ғасырдың ортасынан бастап дүниежүзінде Шығыс күнтізбесіне қызығушылық артып келеді. Бұл оның өміршіл және сұранысқа сай екендігінің белгісі. Сондықтан, мүшелді ғұмырнама компасы ретінде күнделікті тұрмыста пайдалануға әбден болады. Мерейтойларға себеп болып жүрген дөңгелек даталар нөл мен 5-ке аяқталғанымен, олар өмір кезеңдерінің сырын ашпайды. Тек дәстүрлі даурықпа үшін демесеңіз.
Ғылыми тұрғыдан қарағанда мінез-құлықтың негізі – адам темпераментінің барынша контрасты, яғни, айшық түрлері жетеу. Олар: эмоциялы (әсершіл-күйгелек), динамикалы (албырт-жайдары), лабильді (жылпос-елгезек), пластикалы (биязы-жалтақ), статикалы (сабырлы-маңғаз), инертті (қыңыр-тұйық) және сенситивті (өкпешіл-сезімтал).
Біз өзіміздің арамыздағы қарым-қатынаста мінез-құлықтың әртүрлі типтерімен ұшырасып отырамыз. Олар темперамент типтерінен туындайды. Мысалы, аса жоғары эмоция мен импульсивтілік адамды эмоциялық типке, сенситивтілік пен жасқаншақтығы үстем болғанда, сенситивтік және пластикасы мен конформділігі басым жағдайда, пластикалық типке жатқызуға мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, қылық типтері мен мінез типтері темперамент типтеріне тікелей тәуелді.
Психика, мінез және қылық типтерінің саны жетіге тең. Өйткені, бұл типтердің жеті дәрежелі әмбебап классификациясы 3 типологиялық топтан шығады. Мінез-құлықтың 3 типологиялық тобына адам өмірінің ең басты 3 кезеңі сайма-сай: динамикалы жұлқынған қылық – жастық, пластикалық – ересектік, инерттік – кәрілік. Темпераменттің 7 типіне өмірдің 7 кезеңі сай келеді: барынша эмоциялы – сәбилік, барынша динамикалы – балалық, барынша лабильді – жастық, барынша пластикалы – марқаю, барынша статикалы – қартаңдық, барынша инертті – кәрілік және барынша сенситивті – қарттық.
Адамның ең айғай шулы ұшқалақ, көз жасы көл эмоцияға толы ғұмыр кезеңіне тек бір ғана жыл бөлінген, себебі, бұл – балалықтың ең интенсивті науқанды кезі.
Бала сәби кезінде (1 жасқа дейін) өте тез дамиды. Оған тоғыз айлық эмбрионалдық іштегі жатыр кезеңін қосқанымызда, осы қысқа мерзім өзінің маңызы жағынан келесі бір мүшел – 12 жылдыққа парапар.
Философ Артур Шопенгауэр айтқан: «Баланың бір сағаты қарттың бір тәулігінен ұзақ» деп.
Бір жасқа дейінгі кезеңге барлық халықтар ерекше назар аударады. Мысалы, қазақ халқы бір жаста баланың «тұсауын» кеседі. Кейбір шығыс елдерінде бір жасқа толмаған баланы санға да қоспайды (корей, т.б. ұлттар адамға өмірде екі рет үлкен құрмет көрсетеді: 1 жаста, сосын 61-де). Сәби психикасының үлкендерден ерекшелігі, оның барынша эмоциялығында. Өмірдің алдау-арбау, қайғы-қасірет, дос-қас, бай-кедей сияқты қайшылықтарынан бейхабар, сондықтан да уайымсыз, кіршіксіз таза сәбилік кезеңіне Сұлтанмахмұт: «Мен сыйлар деп дүниеге келдім, міне. «Бір жас» деп есігіңнен ендім, міне. Мен азатпын, мен ақпын, мен өсемін. Не қылсам да басымды бердім, міне!» деген еді.     
Балалықты (1-13 жас аралығы) шартты түрде 3 кезеңге бөлуге болады: 1-3 жастағы – яслилік («бүлдірген»), 3-7 жастағы – бала-бақшалық («бүлдіршін») және 7-13 жастағы – бастауыш мектеп оқушылары («балдырған»).
Бұрын-соңды қалыптасқан арнайы терминдер болмағандықтан, біз балалық бірінші мүшелдің 3 кезеңіне 3 атау қойып отырмыз. Бұл түсініктердің де өзіндік сыры бар: бала бір-үш жаста толық аяқтанады. Бір жаста тәй-тәй басқан ол кейін құлын-тайдай шапқылап жүгіріп кетеді. Бүлдірген деген әрине, жидек аты.
Осы сөздің мағынасына үңілсек, 1-3 жас аралығындағы бала өз істеріне әлі жауап бермейді. Аяғы жерге тигеннен-ақ адамдар қоршаған ортаны өздері зерттей бастайды. Ол тынышсызданып, қолына түскен дүниені жыртады да, сындырады да, тіпті тістеп те, жеп те көреді. Бұны ғылымда бағыт-бағдарлық зерттеу инстинктері мен рефлекстері дейді. Ол – бала түйсігінің қарқынды дамуының салдарынан болатын құбылыс.
Балалықтың Мұқағали бейнелеген: «Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда! Бұр мойныңды қалжыраған қарт ұлға. Сенің сәби сәттеріңнің мысқалын, айырбастап ала алмай жүр алтынға» шағы.
3-7 жастарда бала толық құлақтанады. Басқаша айтқанда, ол өте көп сөздерді түсініп қана қоймай, оларды өмір бойына есінде қалдырады. Осы бір ми мен нерв жүйесінің дамуындағы жауапты кезеңде үлкендер баламен барынша көп сөйлесулері аса қажет. Бұл – нағыз «құймақұлақ» кезең. Сондықтан, біз осы бүлдіршіндермен тиімді түрде дұрыс диалог құрып сөйлесуге міндеттіміз. Орта есеппен балалар 7 жастан хат тану ісіне еркін бейімделеді.
Осы 7-13 жас аралығында бала кітап оқу мен жазу-сызу жұмыстарына барынша икем. Бұл кезең нағыз балдырғандар заманы.
Халқымыздың: «Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он үшке келгенше құлыңдай қина, он үштен асқасын құрдасыңдай сыйла» деген өмірлік тәжірибеден туындаған қағидасында ғылыми негіз жоқ емес, баршылық.
Жастық шақта (13-25) психиканың жоғары динамизмі әлі де сақталады. Бірақ, балалыққа қарағанда бұл кезде мінез-құлықта пластика қасиеті пайда бола бастайды. Осы дәуірде мінездің екі бірдей құнды қасиеті – динамика мен пластика қосақтала басым түрде қызмет етеді. Соның салдарынан жастық шақта, балалыққа қарағанда, албырттық пен тікмінездік, ұстамдылық пен мәмлегерлік сияқты қасиеттер қатар орын алады.
Абай ерекше мән берген ғұмырымыздың екінші мүшелі: «Есіңде бар ма жас күнің, көкірегің толық, басың бос. Қайғысыз, ойсыз, мас күнің, кімді көрсең бәрі дос».
13-17 жастағы жеткіншек бозбала, тек бүлдіршіндей естіп немесе балдырғандай оқып қана қоймай, сөздің төркінін түсінетін дәрежеге жетеді. Ол оқиғаның ішкі мағынасына көңіл бөле бастайды. Мысалы, астарлы сөзді ұға алады. Өйткені, ол абстракциялы түрде ойлау қабілетіне ие болады.
17-21 жастағы бойжеткен (бойы өсіп жетілген) жасөспірім әртүрлі күрделі білім саласын игере алады. Бұл кезде олар орта немесе жоғары оқу орындарына оқуға түсіп, студент болады.
21-25 жастағы ер жеткен азамат жас маман немесе магистрант болып ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылдана алатын интеллекті толыққан зерделі тұлға деңгейіне жетеді. Осы кезден бастап олар қоғамға пайда әкеледі. Өрлік пен жанпидалық ерлік те оларға жат емес, орайы келгенде тіпті, заңды болмыс. Өнегелі тұлғалар тағдырын ескерсек, өмірдің мәні тіршіліктің санында емес, сапасында.
Жалынды жастық шақты Біржан сал әніне арқау еткен: «Жасым бар жиырмада, жасырмаймын. Басымнан дұшпан сөзін асырмаймын. Егер де дұшпан сөзі өтіп кетсе, сен түгіл, патшаға да бас ұрмаймын!» деп.
Қазақ пен бұрынғы Одақты қайран қалдырған Әлия Молдағұлова 18-де қыршын кетті, Жанна Д’Арк (19), Мәншүк Мәметова (20), Төлеген Тоқтаров (20), Э.Галуа (21), Ғани Мұратбаев (22), Нүркен Әбдіров (23), Н.Добролюбов (25).
Ересек (25-61) адамның психика процестерін шапшаңдығы жастық шаққа қарағанда бірсыдырғы баяулау болғанымен, ол психика пластикасы жағынан жоғары тұрады. Бұл жаста адам өзін-өзі ұстай алады, мінезде салқынқандылық пен қулық та пайда бола бас-
тайды. Өмірлік тәжірибе жинап, оны пайдалана біледі. Ересек шақтың да 3 кезеңі бар: бастапқы – машықтану, орта – кемелдену және кейінгі – мосқалдану. Бірінші кезеңде мінез-құлық барынша лабильді болса, ал, үшіншісінде ол статистика жағына ауытқиды.
Ересектіктің бастапқы кезеңінде (25-37) психофизиологиялық процестердің жоғары динамизмі пластикалы түрде жүреді. Бұл үшінші мүшел. Басқаша айтқанда, мұндай психика суперпластикалы. Соның салдарынан бұл кезеңде адамның белгілі бір мамандыққа өте тез машықтанып кетуіне мүмкіндігі үлкен. Творчестволық тұрғыда бұл пысық кезең барынша жемісті болып келеді. Талай ғұламалардың интеллектуалдық мүмкіндіктерінің шыңына дәл осы кезеңде шыққандарын біз тарихтан жақсы білеміз. Ақындар – артына өлмейтін сөз, сазгерлер – музыка, суретшілер – қылқам туындыларын, ал, ғалымдар ұлағатты ой қалдырды. Еуразия халықтарында 37 жас тағдыр алаңдататын ерекше меже болып танылады. Академик М.Айтхожин 37 жасында Лениндік сыйлық алған.
Оның айғағы: Шолпан Иманбаева 26 жыл өмір сүрді, Нильс Абель (27), М.Лермонтов (27), Сұлтанмахмұт Торайғыров (27), Ш.Бекмағанбетов (27), В.Цой (28), Шоқан Уәлиханов (30), С.Есенин (30), Т.Айбергенов (30), Майра Уәлиева (31), А.Македонский (33), Смағұл Сәдуақасов (33), А.Грибоедов (34), В.Чкалов (34), Ю.Гагарин (34), В.Моцарт (35), Дж.Байрон (36), принцесса Диана (36), Малик-Шах (37), А.Пушкин (37), Ван Гог (37), В.Белинский (37), А.Рембо (37), В.Маяковский (37), А.Гайдар (37).
Ересектіктің орта кезеңі (37-49) өмірдің де жерортасы, бұл төртінші мүшел. Бұл кезде мінез-құлық барынша пластикалы. Ол – әр адам өмірінің «алтын дәуірі», өйткені, осы кезеңде өмірлік тәжірибе, білімділік пен кәсіптік машықтану деңгейі ең жоғары сатыға көтеріледі. Осы жаста адамның өзіндік әлеуметтік бағыт-бағдары, тұрмыс-жағдайы болады. Бұл кезең – әлеуметтік есеюдің жоғары сатысы, адамның барынша кемелденген шағы, өмірді танудың апогейі, яғни, биік белесі.
Көне түркі ғұламасы Жүсіп Баласағұни жазғандай: «Қырықтың қырқасы – о бастан меже жер. Бағыттас соққан ілеспе жел: енді кері, болды кедер».
Елуге жетпеген арыстар: Мұса Жәлел 38-де болатын, Сәбит Дөнентаев (39), Эрне́сто Че Гева́ра (39), Джэк Лондон (40), А.Блок (41), Ф.Магеллан (41), Махамбет (42), Жүсіпбек Аймауытов (42), Н.Нұрмақов (42), Джо Дассен (42), В.Высоцкий (42), Н.Гоголь (43), І.Жансүгіров (43), Сабыр Рахимов (43), А.Чехов (44), С.Сейфуллин (44), Тұрар Рысқұлов (44), Б.Майлин (44), Қасым Аманжолов (44), С.Әшімбаев (44), Б.Спиноза (45), Кенесары (45), А.Иманов (45), Мағжан Жұмабаев (45), К.Байсейітова (45), М.Мақатаев (45), И.Шиллер (46), Дж.Кеннеди (46), Аттила (47), Бабур (47), Исатай (47), Т.Шевченко (47), А.Колчак (47), П.Кюри (47), С.Юлаев (48), Ы.Алтынсарин (48), Л.Корнилов (48), Эдит Пиаф (48), Ш.Фуко (49), Ф.Дзержинский (49), Санжар Асфендияров (49).
Ересектіктің кейінгі кезеңінде (49-61) мінез-құлық пластикалы болғанымен, психодинамика үдерісінің қарқыны едәуір бәсеңдеп қалған бесінші мүшел. Бұндай психика – субпластикалы. Бұл кезде мінездің астарына сақтық қосыла бастайды. Ол енді бұрынғыдай кеуде соғуды бәсеңдетеді де, сыпайылыққа көшеді. Сырт көзге мұндай адам инабаттылығымен ерекшеленіп тұрады. Халықта бұл кезеңді «екінші жастық» деп те атайды. Өйткені, бұл кезеңде адам алғаш рет өткен өміріне ойлы да сын көзбен қарай бастайды. Жүріс-тұрысымен, мінез-құлқымен, тіпті, киген киімімен кейде жастарға еліктеп те көреді. Ертеде аталарымыз осы кезеңде қайта үйлену жағын да ойластырған… Әрине, олар іштей қарттыққа дайындалуды да ойлайды.

Елуден асқан саңлақтар: Міржақып Дулатов 50-де еді, М.Джексон (50), Ж.Б.Мольер (51), О.Бальзак (51), Мұстафа Шоқай (51), Е.Бекмаханов (51), М.Дулати (52), Б.Наполеон (52), В.Ленин (53), М.Ломоносов (54), Х.Колумб (55), Ұлықбек (55), Халел Досмұхамедов (56), Шәкен Айманов (56), Авиценна (57), Л.Бетховен (57), М. Ататүрік (57), А.Мицкевич (57), Мәлік Ғабдуллин (57), Евней Букетов (58), Абай (59), Стендаль (59), Г.Гейне (59), А.Науаи (60), Ф.Достоевский (60), Д.Боккаччо (61), А.Ампер (61), Г.Гегель (61), Н.Чернышевский (61).
Кәртең кезеңде (61-73) психика барынша статикалы. Бұндай сабырлы-салмақты алтыншы мүшелде жігіт ағалары басқаларға ақыл айтуды көбейтеді, кейде тым ақылгөйлікке де салынып кетеді. Тіпті, бұл «кемеңгерлерден» өз балалары да алшақтай бастайды. Сондықтан, олар немерелеріне ыстық ықылас білдіреді. Екінші жағынан, бұл жастағылар көпті көріп, үлкен өмірлік тәжірибе жинайды. Дегенмен де, олар кей кезде маңайындағылардың мазасын алып, ығыр қылады. Өмірге қызу араласуға үйреніп қалған бұл зейнеткер топ тордағы арыстан секілді бірден тиыштыққа үйренісіп кете алмай, көпшілігі отбасымен қоғамға әлі де болса пайда бергілері кеп шарқ ұрады.
Қырық екі жастағы Абайдың көңілдің күдік пен қапаға бейім мезгілі: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек. Ашуың – ашыған у, ойың кермек» деп көрсетілген.
Осы кезеңмен шектелгендер: Ахмет Жұбанов 62 жас, Ахмет Яссауи (63), А.Нобель (63), Н. Лобачевский (63), Біржан сал (63), Әнуар Әлімжанов (63), К.Сәтпаев (64), Жұмабай Шаяхметов (64), Хафиз (65), Ахмет Байтұрсынов (65), Әлихан Бөкейханов (67), Темірлан (69), Абылай хан (70), Б.Момышұлы (71), Шыңғыс хан (72), Имам Шәміл (72), А.Яссауи (73), Шах-Джаһан (73), Ч.Дарвин (73), Л.Пастер (73), Мәшһүр Жүсіп (73), Шәкәрім (73), С.Мұқанов(73).
Кәрілік кезеңде (73-85) психика инерттілігімен ерекшеленеді. Жалпы, бұл уақытта мінез аса сабырлы бола бас-
тайды. Адам аз сөйлеп, көп ойланады. Интровертті тұйықмінезділік өзінен-өзі келеді. Жас кездегі психика динамикасы келмеске кетеді. Психофизиологиялық үдерістер бұрын тау өзеніндей екпінді болса, енді дала дариясындай сабасына түседі. Ақылгөйлік біртіндеп көсемдікке ауысады. Осы жетінші мүшел – асқар тау-
дай ақсақалдар жасы. Сақтықта қорлық жоқтың ұраны «жеті рет өлшеп, бір кес!»
Ахуал сызат бергенде ақиық Ақан серіні қамықтырған өмір күз: «Әудемжер жүре алмаймын аяғымнан, ұстаймын екі қолдап таяғымнан. Сайраған орта жүздің бұлбұлы едім, кәрілік келіп қалды қай жағымнан» дегендей.
Көпті көргендер: М.Ганди 79 жасқа келген, Ә.Марғұлан (80), Л.Толстой (82), Саади (85), Г.Потанин (85).
Қарт адамдардың (85-тен жоғары) сегізінші мүшелде мінез-құлқы сенситивті-сезімтал типке жатады. Салыстырып қарасақ, бұл тип эмоциялы типтің теріс айналық бейнесі. Адуын мінез, қызбалық пен нерв жүйесінің қайраттылығы сөне келе кібіртіктелінеді, ал, сезімтал мінез өкпешіл-ынжық күйге түседі. Балалық шақтағы ауыс-
палы эмоция кәріліктің қажырсыз сентитивтілігіне ауысады. Халық «Кәрілік – екінші балалық» деп тегін айтпаған.
Жүзге аяқ басқандар саны мүлдем сирек: Пірәдәр Беген би 86-ға келген, М.Тэтчэр (88), Ш.Чокин (90), Н.Мандела (95), Жамбыл (99).
Балалық 13 жас шамасында тәмамдалады. Ол кезде физиологиялық жетілу басталады. Оның басты өлшемі – жыныс жүйесінің жетілуі. Қазақта: «Он үште – отау иесі» деген аталы сөз бар. Бұл – көп ғасырлық халық тәжірибесі, өмірдің өз қажеттілігі. «Талдан таяқ жас бала таянбайды, бала бүркіт түлкіден аянбайды» дегендей. Адам баласы 25-ке келген соң жастық шақпен қоштасуға мәжбүр. Біздің халық «Дүние – жалған, жиырма бес қайта айналып келмес саған!» деп, өмірдің осынау бір асыл кезеңін талай ән-жырға текке арқау етпеген. Себебі, ол жәй ғана ширек ғасыр емес, бұл бұдан бір мүшел бұрын басталған физиологиялық жетіліп пісудің шыңы. Бірақ, адамзат үшін бұл кезеңнің мағынасы басқада жатыр. Осы жастан бастап әлеуметтік жетілу бастау алады. Есейіп, ержеткен адам бұдан былай өз тағдырын өз қолына алатын дәрежеге жетеді, өйткені, оның миы мен нерв жүйесі соған қажетті, пайдалы ақпаратты жиынтықтап үлгереді.
Ересек адамның бұдан әрі есеюіне 36 жыл, басқаша айтқанда, үш мүшел кетеді. Бұл жылдарды «Өміртану кеңістігі» деп атаған жөн шығар. Әлбетте, осы жылдар аралығында біз жар құшамыз, отбасы боламыз, түтінімізді түтетеміз, бала сүйеміз, қоғамға пайда береміз, халыққа қызмет етеміз. Жиырма бес пен 61 арасын спорт тілінде «мәре төтесі» деп те әсерлеуге болады. Қашсаң да құтыла алмайтын кәріліктің де 3 кезеңі бар: кәртәңдік, кәрілік және қарттық. Біз зейнеткерлікке шыққан адамның бәріне егде, кәрі, қарт деп ауызекі айта береміз. Бұл үстірт көзқарас. Көптеген халық кәрілікті бөледі. Мысалы, орыс халқы: пожилой, старый, престарелый дейді. Бұл – бір ескеретін жағдай. Ақылына қайраты сай батыр бабамызды данышпан халқымыз жасы ұлғайған шағында «шал» немесе «кәрі» деген жоқ. Қанжығалы қарт Бөгенбай атаған. Осы бір ұғымда үлкен мағына жатыр. Қарт дегеніміз, жәй әншейін қатардағы кәрілік емес, ол кәріліктің жоғарғы сатысы. Яғни, нақылға мырза Қадыр ақын: «Жылама азамат, жігіттік қашар деп, жыла сен қарттыққа дайындық нашар деп!» дегенді бекер айтпаған.
Нағыз қарттық 85-тер шамасында басталады. Одан бір ғасырлық 100-ге дейін бір мүшелден сәл-ақ артық уақыт қалады. Бұл кезеңді бойы аспанмен таласып, бұтақтары шартарапқа жайылып, сом тамырлары жер ананың жеті қабатына жетсе де, зор діңгегінің ортасына борқы түскен «сырты бүтін, іші түтін» – қаусаған зәулім бәйтерекпен салыстыруға болады. Дегенмен, тап осындай халге жету әрбір жұмырбасты пенденің осы дүниедегі арманы екендігі даусыз. Жамбылдың 99 жылдық ғұмыры – ұлт мақтанышы.
Ересектік өмірдің машықтану кезеңін де 3 топқа бөлуге болады. Бүйтіп «ұсақтаудың» өзіндік сыры бар. Бұл – асылдың асылы, жарық дүниедегі ең жемісті заман. Өкінішке орай, талай тарландар алтын уақытын «көмірге» айналдырып жүр. Біреу бұл кезде сыра сімірсе, екіншісі «Құдайдың күні тарыдан да көп» деп құр сенделеді. Ал, үшіншісі нәпсінің жетегінде сауық құрады. Шын машықтанған азамат қара басына да, халқына да қыруар пайда әкелер еді. Өйткені, философтар «таяқтың екі басы, сосын ортасы бар» деп сонау көне дәуірде айтып кеткен.
Машықтанудың үш субкезеңді бөлшегі: аңғырт, албырт, алғырт шақ. Былайша айтқанда, 25-29 жаста – аңғырт машықтану, 29-33 жаста – албырт машықтану, 33-37 жаста – алғырт машықтану. Сөз төркінін түсінгенге бұл жерде машықтану эволюциясын байқауға болады. Баршамызға белгілі: 18 – кәмелет жасы, 25 – «күш атасын танымайтын» кез. 18 жыл тағы бір айналғанда кемелденудің қақ ортасы – 43 болады екен. «Қалауын тапса, қар жанады» дегендей, осы бір жансыз сандарда қаншама ашылмаған сыр жатыр!
Егер назар аударсақ, осы материалда сиқырлы сандар (магиялы цифрлар) тым жиі кездеседі. Олар: 3, 7, 9, 13, 17, 21, 25, 33, 37 т. б. сандар. Ал, 3 пен 7 барлық классификацияларда кездесетін әмбебап сандар. Басқалары да көзге таныс, құлаққа жағымды цифрлар, халық арасында, діни ұғымдарда, фольклорда, көркем әдебиет пен ғылым салаларында кеңінен тараған. Тек 43 саны жасырын түрде тұр. Ол – кемелденудің ең жоғарғы сатысының белгісі, әлеуметтік есеюдің шырқау биігі. Бұл сан қанша «жасырынса» да табу қиын емес. 37+6 немесе 49-6 = 43.
Ересектік кезең 60-тан сәл ғана аса, 61 жаста толастайды. Зейнеткер жасымен шамалас. Бұл уақытта кәріліктің пердесі ашылып, оның бірінші сатысы – қартаю басталады. 75-ке сәл жетіңкіремей, 73 жаста сап кәрілік келіп жетеді. Жалпы, нөлмен бітетін дөңгелек даталардан аталмыш кезеңдердің арақашықтары онша жырақ емес: бар болғаны 1-2 жас қана. Біз бұл жерде әйгілі сандарға жармасудан аулақпыз. Қайта осы сандардың өзінде жаратылыстың небір сырлары жатқанын ашуға тырысуды жөн деп таптық. Оларға табыну мақсат емес, бірақ, оларды елемеудің өзі – қателік. Шынтуайтқа келгенде, кәдімгі қарапайым арифметикалық сандардың құпияларын, қадірін білген елге олар сандардың құдіретіне айналып, ащы шындықтың бетін ашуға жәрдемші бола алады. Ең бастысы да осы.
Қызыл сөз үшін айтылмасын деп бірер мысал келтіре кетелік: 13-тен асқан жастар балалықтың ауылы алыстап бара жатқанын солардың өздері, яки, үлкендері мойындай ма? Жасы 25-тен асқан азаматтар мен олардың жақындары жастық дәуірінің де бір шегі бар екенін сезіне ме? Жарты ғасыр ғұмыр кешкен 50-дегі көктұқыл өзін кімге балайды: жас, ересек, егде немесе шал? Ал, 61 немесе 73-тегілер өздерін қай қатарға қосады? Күнделікті ырду-дырдумен жүріп, көбіміз өмір кезеңдеріне аса үлкен мән бере қоймаймыз. Соның салдарынан кейбір отбасыларында, ұжымдарда осы бір жауапты іске көңіл бөлінбейді де, нәтижесінде: 20-да – бала, 40-та – жас, 50-де шал болып жүреміз.
Адамның өсіп, жетіліп, ал, кейін қартаюының отбасы мен қоғамға онша байқалмай өтуі табиғи процесс. Сол себепті, өмір кезеңдері мен оның бөлшектерінің шекарасын тап басып көрсету оңай шаруа емес. Әлбетте, біз 2-3 жасты – балабақшаға, 6-7 жасты – мектепке, 16-17 жасты колледж немесе университетте оқуды жалғастыратын не жұмысқа шығатын кез деп айтып жатамыз. Бұл стандарттарды қоғам баяғыда-ақ меңгерген. Ал, осыдан соң герантологиялық ақтаңдақ пен бұлыңғырлық басталады.
Бізде 17-ден 63-ке дейін, дөңгелек даталардан басқа, өмірдің көпшілік мойындаған кезеңдері жоқ. Осыдан барып жаңсақ ұғымдарға жол ашылады. Балалар, ата-аналар, педагогтар және жалпы қоғам өздеріне қойылатын талап деңгейін төмендетіп жібереді. «Сен бәленбай жасқа келдің, сен енді бала емессің!» – деген сөздер қанша көп айтылғанымен, берекелі әсер етпейді. Ендеше, ғылым нәтижесін пайдалана отырып, өмір кезеңдерінің стандартын жасамай, бұл проблема бүгін-ертең шешіле қоймайды. Адамдардың қай кезеңде өмір сүріп, оқу оқып, еңбек етіп жүргендерін білгендері абзал. Бұл адамның қоғамда өз рөлі мен міндеттерін дұрыс сезінуіне үлкен көмек береді.
Сатирик Аркадий Райкин айтпаушы ма еді: «40-та жас маман, 60-та машықтанып жатыр» деп. Біз кейде кішілерімізді «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсіреміз деп арамтер боламыз. Бұл «аюдың аялауы» сияқты, одан кейін тоғышар бала өсіріп санымызды соғамыз, иек арту психологиясына сара жол саламыз. Бұл мәселеге де ойланатын, толғанатын кез жетті. Өз бабаларымыздың ғасырлар бойы игіліктеріне пайдаланған етене таныс мүшел емес пе. Дәстүрімізде аяқ-қолдан бастап дененің 12 мүшесі бар. Мүшел түсінігінің этимологиялық сыры осыдан болуға тиіс. Тек ғылыми негізіне ерекше көңіл бөлсек болды. Осындай ғұмыр белестерін айқындай алатын бағдарламаға қазақ, түркі, мұсылман және жалпы Шығыс даналығын пайдалана отырып, ең бастысы: мүшелді негізгі өлшем ретінде пайдалануға толық негіз бар.
Қорыта келе айтсақ: әрбір қазақ отбасында баланың әке-шеше, ата-әже, ағайын-туыстарының мүмкіндіктеріне қарай оның 1 жасында – тұсаукесер рәсімін, 13 жаста – жасөспірім болғанын атап өтсе. Отбасында 25 жастағы жауапты мүшел ұмыт қалмаса. Сосын, әйгілі – 37 жас. Жарты ғасырлық мерейтойдың алдында, бейресми түрде болса да, 49 жасқа көңіл бөлінсе. Одан әріде, алдағы мүшелдер: 61, 73, 85, 97 жастар тойланса. Бұндай дәстүр өміріміздің жүйелі, тәртіпті, жауапкершілікті, саналы және нәтижелі болуына ықпал етер еді. «Шілдехана, бесік той, тұсаукесер – алғашқы, келесісі – мүшелтой» деуге бүгін негіз жоқ емес.

Ахмет ДҮЙСЕНБАЕВ,
Қазақстан ғылымының
тарихы музейінің қызметкері.

Алматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар