Көкшетау қаласындағы «Бурабай» спорт сарайында 13 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында су добынан Қазақстан Республикасы біріншілігінің екінші айналымы өтіп жатыр.
Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға жарыс жолында сәттілік тіледі. Осындай тілекті су добынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Дамир Темірханов та білдірді. Еліміздің 8 қаласынан командалар келіп отырған тартысты бәсекенің бас төрешісі – халықаралық дәрежедегі төреші Әділ Айымбетов.
– Су добынан Қазақстан Республикасының чемпионаты Көкшетау қаласында алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, әрі жетістік. Аталмыш спорт түрі Олимпиада ойындарының бағдарламасынан берік орын алған. Сондықтан, бұл спорт түрімен шыңдап айналыссақ, болашақта үлкен жетістіктерге жетуге болады, – деді өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары.
Су добы ойыны біздің облысымызда да қолға алынып, дами бастағанына бір жарым жыл ғана уақыт болған екен. Қазіргі таңда су добы секциясында әртүрлі жас аралығындағы жетпіске жуық спортшы бар. Осы аз уақыт ішінде көкшетаулық команда Астана, Өскемен, Қарағанды қалаларында болып, жарыстарға қатысқан. Жүлделі орындарға қол жеткізбесе де, турнир кестесінің бел ортасынан көрініп жүр. Сол себепті, жеңістер әлі алда деп ойлаймыз.
Ақмола облысы командасының жаттықтырушысы Алэн Бейсенаев басқа спорт түрлеріне қарағанда, су добы ойынымен айналысу өте тиімді дейді. Мұнда денедегі бұлшық еттердің барлығы жұмыс істейді. Яғни, ұлдарда жақсы дене күшімен бірге, өз-өзін қорғау қабілеті де пайда болады. Алэннің айтуынша, бұл спорт түрінен жарақат алу мүмкіндігі өте төмен. Олай болса, балаларыңызды су добы секциясына беріңіздер.
Біріншіліктің алғашқы айналымы Қарағанды қаласында өткен болатын. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері 8-15 маусым аралығында Тараз қаласында өтетін үшінші айналымда белгілі болады. Ал, әзірге жанкүйерлерге Көкшетаудағы біріншілікті 22 сәуірге дейін тамашалауға мүмкіндік бар.
Салтанат Досетова.
Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.