Әуесхан және ауған соғысы

 

бұл – ондаған отандасымыздың басынан өткен тағдыр жазуы

 

Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына биыл 28 жыл толып отыр. Он бес мыңнан астам жауынгер жат елде мерт болды. Мыңдаған өрімдей жастар елге мүгедек болып оралды. Әскердегі баласының хат-хабарын тосып,  сарыла күткен ата-ананың сағынышы мен ішкі шерін айтып жеткізу мүмкін емес. Ал, Әуесхан  Кенжебековтің ата-анасы ұлдарының жат жерде әскери қызмет атқарғандығын аман-есен туған жерге оралғаннан кейін бір-ақ білген.
Әскери қолбасшы, генерал Громов 1989 жылдың 15 ақпанында ауған елі аумағынан Кеңес әскерлерінің толық шығарылғаны туралы мәлімдеді. Халқымыз осы бір жағымды хабарды тоғыз жыл бойы тосқан еді. Ауғанстан жерінде интернационалистік борышын өткерген азаматтардың бірқатары бүгінде облыстық ішкі істер департаментінің құрылымдарында қызмет етіп жүр. Олардың арасында жедел жоспарлау басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әуесхан Кенжебеков те бар.
Кеңес әскерлеріне бұл соғыс аяқталмастай ұзақ болып көрінген. Әскерилердің әрқайсысының жүрегінде сол соғыстан қалған бір естелік, бір із бар.
Әуесхан Оралұлы 1969 жылы бұрынғы Торғай облысының  Қайрақты ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі машинист, анасы жергілікті кондитерлік цехта кондитер болып жұмыс істеді. 1987 жылы оған өзінің жолдастары сияқты әскери комиссариатқа шақыру қағазы келді. Бұл күнді өзі де күтіп жүрген болатын. Болаттай шымыр, денсаулығы мықты, ынтасы зор жігіт әскерге алынғанда қатты қуанды. Өйткені, ол нағыз жігіт әскерге барып, шыңдалуы керек, Отан алдындағы борышын атқаруы тиіс деп санайтын.
–Мені әскерге шақырған күн әлі есімде, ешқашан ұмытқан емеспін. Себебі, бұл күн 21 қараша – менің әкемнің туған күні  болатын. Сонда мен әлі туған жерден кетпей жатып, Ауғанстанға баратынымды білдім, бірақ, ата-анама тіс жармадым,– дейді сол бір кезеңді ерекше толқыныспен еске алған полиция полковнигі.  
Сол жылы қарашада Целиноград облысының әскери комиссариатымен бірге КСРО-дан әскерге шақыртылғандардың барлығы Түркіменстанның Марый өңіріндегі Тахтабазар кентіне барды. КСРО кезінде бұл жерде Тахта-Базар шекара жасағының штабы болатын. Мұнда сарбаздар үш айдай әскери дайындық сабақтарынан өтіп, әскери іс-қимылдарға, шабуылдарға үйренді. Сарбаздар соғыстың теориялық және тәжірибелік дағдыларына үйретіліп, ату мен жару техникаларын меңгеріп, сонымен бірге ыстық климаттық жағдайда өмір сүруге бейімделеді.
Сарбаздар үшін оқыту кезеңі оқтай зулап өте шықты. Жас сарбаз шекара әскери күштерінің үшінші арнайы құрылымының десантты-шабуылдаушы бригадасының құрамында Ауғанстанның Герат қаласының түбінде өзінің әскери қызметін жалғастырған. Бұл десантты-шабуылдаушы бригада тікұшақпен ұшып, жау тылына жақын жерге түсіп, ауқымды тапсырмаларды, әскери іс-қимылдарды жүзеге асырып отырды.  
–Біз окоптарда өмір сүрдік. Негізгі тамағымыз – қатқан нан мен консерві. Біздің ең басты мақсатымыз – бірде-бір сарбаздан айырылып қалмау еді, –дейді Әуесхан Оралұлы.
1989 жылы ол туған еліне аман-есен оралды. Әскерден келгеннен кейін ғана ата-анасына әскери борышын Ауғанстанда атқарғанын айтады. Соғыстан кейін Қарағанды педагогикалық институтын тәмамдап, ішкі істер органдарына жұмысқа орналасады. Осы салада жиырма төрт жыл шамасында абыроймен жұмыс істеп келе жатқан полиция полковнигі қазір облыстық ішкі істер департаментінің жедел жоспарлау басқармасына басшылық жасайды.
Оның қоржынында бүгінде интернационалист-жауынгер ретінде көптеген медальдер мен марапаттар бар. 1988 жылы оған КСРО Жоғарғы Президиумының Құрмет грамотасы тапсырылыпты. Сонымен бірге, қызметін адал атқарғаны, әскери жағдайлардағы қайсарлығы үшін І және ІІ дәрежелі «Жұлдыз» ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ерлігі үшін»,  «Интернационалист жауынгерге», «Ауған халқының ризашылығы», «Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 10 жыл», «Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 15 жыл», «КСРО ҚК 70 жыл» сияқты медальдерімен марапатталған.
Қазір оның отбасы, аяулы жары мен екі баласы бар. «Мен Ауғанстанда соғыс қимылдарына қатысқаныма еш өкінбеймін» дейді аптап ыстықта мүлде басқа жерде әскери қызметін атқарған ол. –Кейде адамның өмірінде кездесетін қара жолақтар сол адамның ең бір жарқын, маңызды, ұмытылмас күндеріндей есте қалып жатады. Меніңше, мұнда ешқандай да қарама-қайшылық жоқ секілді. Өйткені, сол қысылтаяң жерде мен нағыз соғысты көрдім, шын достарымды таптым, адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы мен сыйластығы не екенін түсіндім.
Жыл сайын ақпан айында облыстық ішкі істер департаменті Ауғанстандағы әскери іс-қимылдарға қатысқан жауынгерлерге құрмет көрсетіп, олардың ерліктері мен еңбектеріне бас июді әдетке айналдырған. Бүгінде департаментте ауған соғысына қатысқан
8 қызметкер жұмыс істесе, жауынгер-интернационалист атанған 36  ардагер бар.

Гүлсім Қабылжапарова,
облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметкері.

Суретте: Әуесхан  Кенжебеков ауған соғысы құрбандарына орнатылған ескертіш алдында.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар