Дүние есігін ашқан әр бала үшін ананың аялы алақаны мен әкенің қамқорлығын сезініп өсу маңызды. Өкінішке орай, соңғы кездері балаларынан безген көкек аналар мен безбүйрек әкелер көбейді. Тіпті, ойланбай жүріп от басқан жас қыздардың сәбилерін қоқысқа лақтырып кетіп жатқандары да кездеседі. Осындай өкінішті жағдайларды болдырмау үшін аналарды психологиялық қолдау және бөбектердің өз анасының бауырында бақытты балалық шақты сезінуі үшін қазақстандық кәсіпкерлер бірнеше жыл бұрын «Ана үйі» деп аталатын орталықтарды еліміздің барлық ірі қалаларында ашты.
Мұның түпкілікті мақсаты – қандай жағдай болмасын, анасының өз баласын тастап кетпей, осы үйде тұрып өсіру. Біздің облыс орталығында да 15-34 жас аралығындағы қыз-келіншектерді жаңа туған сәбилерімен қабылдайтын «Ана үйі» бар. Мұндағы келіншектер 1-1,5 жылға дейін осы үйде тұрады. Жатын орны мен тамақтары тегін. Әйел мен балаға қажетті құжаттарды түгендеп оны рәсімдеп береді және арнайы курстарды оқытып, тіпті, жұмысқа тұруына да ықпал жасайды. «Ана үйіне» келіншектер түрлі жағдайлармен келеді. Бірі жігіттің айтқан сөзіне алданып қалса, ендігісі жолдасының ұрып-соққанына төзбей, басар тауы мен жері болмаған соң, осы орталыққа амалсыз табан тірейді.
Осы «Ана үйінде» де қуанышты жағдай болғанын өз көзімізбен көрдік. 24 жасар Жаңылған есімді келіншектің Мәдина мен Альбина есімді егіз қызының қазақы дәстүр бойынша тұсаукесер рәсімі болып өтті. Осындай қуанышты жағдайға Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Байқадамқызы мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Баубекқызы ортақтасып, қос қыздың тұсауын кесіп, ақ тілектерін жаудырды. Қазақ ырымшыл халық емес пе? Қыздардың тұсауын ешкімнің ала жібін аттамасын, елінің ертеңгі күні бетке ұстар азаматшалары болсын деген ниетпен осы жандарға кестіргеннің өзі жарқын болашақтың барына сенгеннен. «Баламның алғашқы тәй-тәй басып жүргенін көру мен үшін зор қуаныш», – дейді егіз қыздардың анасы Жаңылған. Осы жерге оның келуінің де бір себебі бар. Жас ананың мөлтек сырын біліп, онымен тілдесуді жөн көрдік.
Сөйтсек, ол кішкентай күнінен жетімдіктің зарын татып өскен. Сондықтан, өзі жақсы ана, адал жар атанып, балаларына мұндай ауыртпалықты көрсеткісі келмеп еді. Әттең, барлығы адамның қалауындай бола бермейді екен. «Қыздың жолы жіңішке» деген сөзді Жаңылғанның әжесі үнемі айтып отырған. Бірақ, сол сөздің түпкі мағынасын түсінбегеніне келіншек бүгін өкінетін көрінеді. Қыздың бір теріс басқан қадамы ертеңгі күні оның бар өмірін астан-кестен етіп жіберетінін ол жаңа түсінді.
Жаңылған кішкентай күнінен тоқыма тоқуға, қуыршақтарына киім-кешек тігуге әуес болғандықтан, колледжге тігінші мамандығына оқуға түседі. Оқуын бітіріп, өз нанын өзі тауып жүрген кезінде өзінен 6 жас үлкен жігітпен танысып, әңгіме жарастырған. Ағасындай қамқорлық жасап жүрген азаматты ол өмірлік тірегіне балапты. Бірақ, барлығы қыздың тәтті қиялындай болмай шықты. Жаңылғанға үйленемін деген азаматтың бала-шағасы бар екен. Осы жағдай жанына батып, сенім білдірген адамның сатқындығын кешіре алмады. Қыз сезімнің жетегінде кетіп, ақ пен қараны ажырата алмағанын түсінгенімен, оның құрсағында нәресте бар еді. Сол сәтте Жаңылған әртүрлі ойда болды. Ақыры, «Қателікке ұрынған екенмін, енді баладан бас тартсам, нағыз күнәһар атанармын» деген бір үміт, бір күдікпен, нар тәуекелге барып, әп-әдемі егіз қыздарды дүниеге әкеледі. Бірақ, жас ана «бұл балаларды қалай асыраймын? Баспанам да, оларды немерем деп бауырына басатын әке-шешем де жоқ. Ағайын-туыстың бетіне де қалай қараймын?» деп сан сұрақтың торына ілінгенде, жас анаға Көкшетау қаласында орналасқан «Ана үйі» пана болды. Бұл жерде өзі сияқты тағдырлас жандар да баршылық екен.
Қос қызының ең алғашқы тәй-тәй басып жүрген қуанышын көрген ананың ендігі мақсаты – қыздарды қатарынан кем қылмай өсіру. Жас ана бізге өзінің өмір тарихын сүйінші сұрап айтпағаны белгілі. Ол басқа қыздардың өзінің қателіктерін қайталамасын, жігіттер қауымы жауапкершілік дегенді ұмытпасын деген ниетпен ғана айтты.
«Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетер» жас ананың тағдыры міне, осындай. «Әр қазақ менің жалғызым» деген аталы сөзді ұмытпаған саналы азаматтардың қолдауымен бой көтерген «Ана үйінен» Жаңылған сияқты жас келіншектер пана тапты.
Өмірдің базары – бала. Сол себепті, әр балаға мейірім дарытып, тағылымды тәрбие беру – ұлтымызға сын. Жетімі мен жесірін жылатпаған қазақ ежелден балаларының келешегінің баянды болуын тілеген. Баласы үшін ананың өмірдің соққан дауылдары мен бұрқасындарының бәрінен өтері хақ. Жаңылған да қыздарының аяқтарын нық басатындай халге жетіп, болашағы баянды болуы үшін бәріне де төзіп бағамын деп отыр. Мүмкін, әлі-ақ өз бақытын табар. Өмір белесіне тәй-тәй басқан қос құлыншаққа біз де бақытты ғұмыр тілейміз.
Назгүл Рабилова.