Біліктілігімізді арттырдық

Елімізде  білім беру жүйесін жақсарту үшін ең алдымен, педагог кадрлардың біліктілік деңгейін көтеру бағытына үлкен мән берілуі керек.

 

Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Орта білім мазмұнын жаңарту аясында мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру курстары енгізіліп, 2016-2017 оқу жылында 1-інші сыныптықтарға жаңаша білім де беріліп жатыр. Білім саласына енген өзгерістер пән мұғалімдерінің ғана емес, сол мектепті басқарып отырған басшылар мен олардың оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының да заман талабына сай дайындықтары қажеттігін көрсетті. Осы қажеттілікті өтеу мақсатында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Ақмола облыстық филиалында екі апталық «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында бастауыш мектепте оқытудың инновациялық үдерісін басқару» тақырыбында біліктілік курсы өтті. Курстың негізгі мақсаты  –  жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша мектепте білім берудің мақсат-міндеттерін айқындау және басшылық жасаудың менеджменттік тиімді тәсілдерін меңгерту.
Курс жетекшісі, педагогика және инклюзивті білім беру кафедрасының аға оқытушысы, Кембридж бағдарламасының екінші (негізгі) деңгейі бойынша  сертификатталған тренер, педагогика ғылымдарының магистрі Сандуғаш Көмековамен екі апта бойы білім саласындағы өзгерістер, мектепте атқарылып жатқан іс-шаралар аясында тәжірибе алмаса отырып  тығыз жұмыс істедік. Өз ісінің майталман шебері Сандуғаш Оралханқызы дәрістерін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының Қазақстан Республикасында білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының стратегиялық бағыттарын жеткізуден бастады.  Одан кейін «Заманауи басшы қызметінің әлеуметтік-психологиялық аспектілері» тақырыбында тренинг өткізілді. Тренинг әр мектептің оқу ісі меңгерушісі жұмысына игі әсерін тигізетіндей жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұдан басқа «Бастауыш мектепті басқару: бақылау, жобалау, стратегиялық және тактикалық жоспарлау», «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында білім беру ортасының дамытушылық жобалау әдістері» тақырыбында өткен дәріс, тренинг-семинарларда бүгінгі жаңартылған білім беру саласында бізді толғандырып жүрген көптеген мәселелердің шешімін табуға көмектесті десек қателеспеген болар едік.
Курс барысында тек қана дәріс тыңдап, тренингтерге қатысып қана қоймай, өзіміз де шығармашылық жұмыстармен айналыстық, бірнеше тақырыптар төңірегінде зерттеу жобаларын қорғап, «Қазақстан Республикасы орта білім мазмұнын жаңарту аясында бастауыш білім беруді  ұйымдастыру», «Басқарушылық шешімдердің жүзеге асырылуын бақылауды ұйымдастыру», «SMART-мақсат», «Swot-талдау» технологияларының көмегімен өзгерістерді жоспарлау мен мектеп қызметінің нәтижелерін бағалау» тақырыптарында шағын сабақтар өткіздік. Әрі ол шағын сабақтарды қорғап, жобалық жұмыстармен шұғылдандық.
Бүгінгі білім беру саласында біз үшін өте қажет осындай біліктілік курсын ұйымдастырған «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің басшы және ғылыми педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жансәуле Мақатоваға, курс жетекшісі, онлайн дәрістерін оқыған оқытушылар Сандуғаш Көмековаға, Айгүл Абайдуллаеваға, Гүлжанат Байболоваға Ақмола облысындағы курс тыңдаушыларының айтар алғыстары шексіз. Сіздерге шығармашылық табыс тілей отырып, осындай басшы кадрларға арналған курстар онлайн желісінде емес, облыстық, аудандық деңгейде семинар, тренингтер түрінде біз сияқты тыңдаушылармен бетпе-бет жүздесе отырып өткізілсе деген ұсыныс айтамыз.
Ақмола облысының курс тыңдаушылары атынан:
М.ЖӘКЕНОВА,
Көкшетау қаласындағы №13 «ЭКОС»
экологиялық гимназия-мектебі
директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.
А.ӘБДІРАХМАНОВА,
Щучинск қаласындағы №9 мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар