Облыс орталығындағы Достық үйі алдында «Қазақстан-Көкшетау» облыстық телеарнасы Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қайырымдылық көмек көрсету мақсатында телемарафон өткізді. Осының нәтижесінде Атбасар және Сандықтау аудандарына азық-түлік пен киімдер тиелген екі автобус жөнелтілді.
Облыста су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде ақшалай қаражат аудару үшін облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің жанынан арнайы есеп-шот ашылды. Бірлестік төрағасы Мейрамбек Қиықов қаржының түсуін қадағалап, оны қажетті жерлерге аударуда.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марал Жақыпованың айтуынша, бүгінгі күнге дейін аталмыш есеп-шотқа 5 миллион теңгеден астам қаржы түсіпті. Түскен қаржының негізгі бөлігін білім саласы қызметкерлері мен Көкшетау қаласының орталық базарындағы кәсіпкерлер аударған екен. Сонымен қатар, армян, неміс, әзірбайжан, чуваш мәдени орталықтары, «Аналар кеңесі» қоғамдық қоры, іскер әйелдер қауымдастығынан да осындай көмектер келіп түскен. Ассамблея-мен бірлесіп «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы да үлкен жұмыстар атқаруда. Осы орайда, партия филиалының ғимаратында да қабылдау пункті ашылып, аудандарға азық-түлік өнімдері мен киімдер жіберілуде. Осы жерден Атбасарға бір автобус жөнелтілген. «Жалпы, бұл жұмыс күннен-күнге қарқын алып келе жатыр», –дейді Марал Жақыпова өз сөзінде.
– Тұрғындар осындай қиын жағдайға ұшырап жатқанда, халықтың басына түскен мұндай ауыртпалыққа біз немқұрайлы қарай алмаймыз. Ғұмыр бойы тірнектеп жинаған мал-мүлкіңнен бір сәтте айырылу оңай емес. Сондықтан, мұндайда қайырымдылық көмек көрсету біздің халқымыздың қанына сіңген ізгі қасиет. Ал, су тасқынынан зардап шеккен отбасыларды шыдамдылық пен сабырлылық танытуға шақырамын, – дейді осы ретте, әңгімеге араласқан әзірбайжан мәдени орталығының мүшесі Зенфира Новрузова.
Көптеген ұлт пен ұлыстардың өкілдерінің басын қосқан Ақмола өңірі осылайша сын сәтте ауызбіршіліктің нағыз үлгісін көрсетуде. «Біздің болашағымыз – бірлікте» деген рас.
Салтанат Досетова.