Арыстардың арманы

Ақмола облыстық мемлекеттік мұрағатында «Алаш және рухани жаңғыру» атты дөңгелек үстел өтті. Алаш қозғалысының 100 жылдығы шеңберінде өткізілген шараға Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің оқушылары қатысты.

1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясының ықпалымен негізі қаланған Алаш үкіметі іс жүзінде 1917 жылы құрылып, Семей қаласында ордасын тіккен болатын. Оның басында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышпаев сияқты қазақтың білімді, ұлтжанды тұлғалары тұрды. Олар көтерген басты идея – қазақтың патша отаршылдығының бұғауынан құтылып, азат, тәуелсіз мемлекет болуы еді. Дегенмен, Алаш арыстарының бұл арман-мұраттары орындалмады.
Қарудың және айла-шарғының көмегімен большевиктер бар билікті тартып алды, ал, Алаш арыстарын қуғын-сүргінге ұшыратты. Олардың көбі «халық жауы» ретінде атылды. Бірақ та, Алаш көшбасшыларының көтерген азаттық идея-
сы мүлдем өшіп, жоғалмады.
1986 жылы қазақ жастары тұңғыш рет тоталитарлық жүйеге қасқая қарсы шығып, ұлттық мемлекет құру идеясын жаңғыртты. Өткен жылы өз тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткен Қазақстан Алаш арыстарының арманын жүзеге асырып, экономикалық-әлеуметтік дамуда толайым табыстарға қол жеткізді. Сөйтіп, еліміз бүгінде әлемдік қауымдастықтан лайықты орнын алып, белді бір мемлекет атанып отыр. Осылайша Алаш арыстарының жүз жыл бұрынғы арман-мұраттары аяқсыз қалмай, олар көтерген ұлт-азаттық идеялары біртіндеп жүзеге асырылуда.
Осы жайлардың бәрі колледж оқушылары Назгүл Жүсіпова, Гүлжаз Дамбулова, Аяжан Әлкенова және Аққу Кеңесбайдың жасаған баяндамаларында жан-жақты айтылды. Бұдан кейін Алаш қозғалысының тарихына арналған бейнебаян көрсетілді. Дөңгелек үстел соңында осы шараға белсене қатысқан бірқатар оқушылар Алғыс хаттармен марапатталды. Бізді бұл дөңгелек үстел барысында сүйсінткені, жастардың арманда кеткен Алаш қайраткерлерінің еңбегін, қасіретке толы өнегелі өмірін білсек, түсінсек деген ниеті еді.

Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар