Халқы үшін аянбаған

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Алашорда үкіметінің 100 жылдығы аясында халқымыздың біртуар перзенті Шәймерден Қосшығұловтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне арналған «Танымы терең Алаш азаматы» атты кеш болып өтті.,

Тарихи тұлғаларымыздың бірі Шәймерден Қосшығұлов  Ақмола өңірінде туған. Бостандық үшін күрескен ұлт қайраткері. Ресей мемлекеттік Думасына екі рет депутат болып сайланған. Халықты ілім-білімге үндеп, мектеп ашқызып, қазақтың келешегі мен бірлігін ойлаған жан.
Қайраткердің тарихта алатын елеулі орнын тағы бір айқындауға арналған іс-шара деректі бейнефильм көрсетумен басталды. Бұдан соң Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыржан Әбуев жиналғандарға Шәймерден Қосшығұлұлының өмірі мен қызметі жайында кеңінен айтып берді. Көкшетау мешітінде ұстаздық қызмет атқарған алаш қайраткерінің патша үкіметінің шоқындыру саясатына қарсы шығып, қудаланғаны, сөйтіп, өзіндей қазақ зиялыларымен бірге қиын кезеңді басынан өткергені жайында Науан хазірет мешітінің имамы Жүнісбек Әленов ой толғады.
Ұлт зиялысының ұрпақтары бүгінде өзі дүниеге келген Еңбекшілдер ауданының Қоғам ауылында тұрады. Немересі Ерік Шәймерденов шаруа қожалығының иесі. Немере ағайыны Сәкен Құрмашев екеуі Омбыдан төрт жыл іздеп жүріп, аталарының қабірін тауып, ұрпақтарының атынан басына ескерткіш белгі орнатыпты. Қабірді тапқан кезде басына орнатылған тастағы арабша жазуды қазақтың танымал әдебиетші ғалымы Тұрсын Жұртбай оқып беріп, ол жерде шынымен осы кісі жатқандығын дәлелдеп берген. Ұрпақтары сол жолы зираттың маңайын қоршап, ас беріп, баба рухына тағзым етіп оралыпты.
Бұған қоса, Алаш қайраткерінің есімі туған ауылындағы былтыр ашылған жаңа мектепке беріліп, алдына ескерткіш мүсіні орнатылған. Кешке қатысқан ұрпақтары атынан Сәкен Құрмашев осы шараны  ұйымдастырған кітапхана және Көкшетау қаласы тарихы музейінің қызметкерлеріне алғысын білдіріп, келесі жолы  жиналғандарды Тұрсын Жұртбай, Серік Тұрғынбеков сияқты ақын-жазушылармен жүздестіретініне сөз берді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суретте: туған жері – Еңбекшілдер ауданының Қоғам ауылында  орнатылған ескерткіш мүсіні.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар