Биылғы жылдың 15-17 мамыр аралығында Степногорск қаласында «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Ақмола филиалы 2015-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы және 2020 жылға дейін техникалық реттеу мен метрология жүйесін жетілдірудің кешенді жоспары аясында облыстың кәсіпорындары үшін «2017 жылға арналған техникалық реттеу, метрология және менеджмент жүйелері саласындағы мамандарды дайындау және біліктілігін арттыру» тақырыбында тегін семинар-тренинг өткізеді.
Бағдарлама өнеркәсіптің 14 басым секторындағы 1300 еңбеккерді техникалық реттеу ерекшеліктері мен негіздері, стандарттау, сәйкестікті бағалау (растау) мен тіркеуді метрология және халықаралық стандарттар шарттарына сәйкес, менеджмент жүйелері бойынша дайындайды. Бағдарламаның мақсаты – қатардағы мамандардан бастап, инженерлер мен менеджерлердің кәсіптік деңгейін жетілдіру. Барлық аспап пен құралдарды іс жүзінде дұрыс және тиімді пайдалану арқылы өнімдер өндіру және қызмет көрсету салаларында жоғары нәтижелерге қол жеткізуге болады.
Семинарға лекторлар ретінде сарапшы-аудиторлар, мемлекеттік техникалық реттеу саласының жетекші мамандары, негізгі нормативтік-құқықтық актілер мен стандарттарды әзірлеушілер қатысады. Үш күндік семинар Степногорск қаласындағы «Астана-Нан» серіктестігінің кеңсесінде өткізіледі. Осы семинарға қатысуға шақырамыз. Барлық сұрақтар бойынша «ҚазСтИн» РМК Ақмола филиалына 8 (7162) 40-21-37, 72-21-33 телефондары арқылы хабарласуларыңызды сұраймыз.
Қайрат ЖҮНІСОВ,
«Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Ақмола
филиалының директоры.